Спорт • 09 Қазан, 2023

Әзербайжанды қапы қалдырды

95 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футзалдан әлем чемпионатының ірік­теу кезеңіне қатысып жатқан Қазақстан ұлттық құрамасы топтық сайыстың үшінші ойынында да жеңіске жетті. Бұл жолы Әзербайжанға сапар шек­кен Кака шәкірттері жергілікті құрама­ны өз жанкүйерлерінің алдында қапы қалдырды.

Әзербайжанды қапы қалдырды

Әлемдік додаға жолдама беретін іріктеу сайыстарын үшінші (негізгі) кезеңнен баста­ған жерлестеріміз өз тобында бірінші орынмен, соңғы элиталы раундқа шықты. Бұл сында біздің жігіттер Еуропа чемпионаты­ның үш дүркін қатысушысы (екі рет ширек фи­налға дейін жеткен) Румыния, 1989 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және 1999 жылғы Еуропа біріншілігінің төртін­ші орын иегері Нидерланд және 2016 жылы Ко­лумбияда өткен әлем чемпионатының қа­ты­сушысы, кейінгі бес жылда Еуропа бірін­­шілігіне тұрақты қатысып келе жатқан Әзер­байжан құрамаларымен бір топта сынға түсіп жатыр. Еуропа футзалының ережесі бойынша, бес топта бірінші орын алған құрамалар Өз­бекстандағы әлем чемпионатына тікелей жол­дама алса, екінші орын алған ең үздік төрт құ­ра­ма қалған екі жолдаманы өзара сарапқа салады.

Қазақстан ұлттық құрамасы элиталы кезең­дегі алғашқы ойынын сырт алаңда Нидер­ландпен өткізіп, 2:0 есебімен сенімді жеңіске жетсе, бұл турда Румыния өз алаңында Әзер­байжан құрамасынан 3:1 есебімен басым түсті. Ал екінші кезеңде жерлестеріміз Алматыда Румыниямен өткен аса тартысты кездесуде 4:3 есебімен жеңісті жұлып алып, өз тобында көшбасшыға айналды. Сол күні Әзербайжан футзалшылары Нидерланд құрамасын ірі есеппен қапы қалдырды – 6:1.

Жұма күні өткен үшінші турда Румыния өз алаңында Нидерланд құрамасымен кездес­се, жерлестеріміз сырт алаңда Әзербайжан­мен шеберлік байқасты. Бакудегі матчта Рикар­до Кака шәкірттері бірінші минуттан бас­тап допты өз бақылауында ұстап, алаң иелеріне шабуылға шығуға мүмкіндік бермеді. Бірақ алғашқы кезеңнің бел ортасына жеткенде Әзербайжан құрамасының ойыншылары екі мәрте қауіпті шабуыл жасап, Игитаға екі рет сэйв жасауға тура келді. Тынымсыз ша­буылының нәтижесінде әзербайжандықтар 12-минутта ақыры өз дегеніне жетті. Игитаның қақпаны бос қалдырып, ойынға араласып кеткенін қарсылас футзалшылар тиімді пайдаланып, бос қалған қақпаны дәл көздеді. Кезең соңына дейін жерлестеріміз таразы басын теңестіруге тырысқанымен, оған жергілікті ойыншылар мүмкіндік бермеді.

Үзіліс кезеңінде Кака бапкерден тиісті ақыл-кеңесін тыңдап шыққан жерлестері­міз­дің екінші таймда ойындары түрленіп шыға келді. 23-минутта Дәурен Тұрсағұлов­тың пасынан кейін Біржан Оразов есеп айырмасын қысқартса, арада төрт минут өткенде Дугластың ауыттан тепкен добы қарсылас ойыншысына тиіп, қақпа төрінен табылды – 2:1.

Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда жеңіліп жатқан Әзербайжан құрамасының бас бапкері алаңға қақпашының орнына бесінші ойыншыны шығарды. Алаң иелері кезекті айып добын орындау барысында қа­те­лікке бой алдырып, допты тартып алған «Қай­рат» ойыншысы Дәурен Тұрсағұлов бос қалған қақпаға үшінші голды соқса, ойынның аяқталуына бір минут қалғанда Эдсон да бос қақпаны дәл көздеді. Ал соңғы секундтарда Манека Әзербайжан құрамасының екінші голын соқты. Қорытынды есеп – 4:2.

Сөйтіп, үш турда 9 ұпай жинаған Қазақ­стан құрамасы өз тобында жеке-дара көш бастаса, Нидерландты тізе бүктірген Румыния (2:1) 6 ұпай­мен екінші орынға жайғасты. Үш ұпайы бар Әзербайжан үшінші орынға тұрақтаса, бірде-бір ұпайы жоқ Нидерланд соңғы орында қалып қойды. Келесі турда Қазақстан құра­масы Астанада Әзербайжанды қабыл­дайды. Бұл ойын 11 қазанға жоспарланған. Матч елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атын­дағы жекпе-жек сарайында өтеді. Ал Нидерланд пен Румыния Амстердамда ойнайды.