Әлемдік додаға жолдама беретін іріктеу сайыстарын үшінші (негізгі) кезеңнен бастаған жерлестеріміз өз тобында бірінші орынмен, соңғы элиталы раундқа шықты. Бұл сында біздің жігіттер Еуропа чемпионатының үш дүркін қатысушысы (екі рет ширек финалға дейін жеткен) Румыния, 1989 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және 1999 жылғы Еуропа біріншілігінің төртінші орын иегері Нидерланд және 2016 жылы Колумбияда өткен әлем чемпионатының қатысушысы, кейінгі бес жылда Еуропа біріншілігіне тұрақты қатысып келе жатқан Әзербайжан құрамаларымен бір топта сынға түсіп жатыр. Еуропа футзалының ережесі бойынша, бес топта бірінші орын алған құрамалар Өзбекстандағы әлем чемпионатына тікелей жолдама алса, екінші орын алған ең үздік төрт құрама қалған екі жолдаманы өзара сарапқа салады.
Қазақстан ұлттық құрамасы элиталы кезеңдегі алғашқы ойынын сырт алаңда Нидерландпен өткізіп, 2:0 есебімен сенімді жеңіске жетсе, бұл турда Румыния өз алаңында Әзербайжан құрамасынан 3:1 есебімен басым түсті. Ал екінші кезеңде жерлестеріміз Алматыда Румыниямен өткен аса тартысты кездесуде 4:3 есебімен жеңісті жұлып алып, өз тобында көшбасшыға айналды. Сол күні Әзербайжан футзалшылары Нидерланд құрамасын ірі есеппен қапы қалдырды – 6:1.
Жұма күні өткен үшінші турда Румыния өз алаңында Нидерланд құрамасымен кездессе, жерлестеріміз сырт алаңда Әзербайжанмен шеберлік байқасты. Бакудегі матчта Рикардо Кака шәкірттері бірінші минуттан бастап допты өз бақылауында ұстап, алаң иелеріне шабуылға шығуға мүмкіндік бермеді. Бірақ алғашқы кезеңнің бел ортасына жеткенде Әзербайжан құрамасының ойыншылары екі мәрте қауіпті шабуыл жасап, Игитаға екі рет сэйв жасауға тура келді. Тынымсыз шабуылының нәтижесінде әзербайжандықтар 12-минутта ақыры өз дегеніне жетті. Игитаның қақпаны бос қалдырып, ойынға араласып кеткенін қарсылас футзалшылар тиімді пайдаланып, бос қалған қақпаны дәл көздеді. Кезең соңына дейін жерлестеріміз таразы басын теңестіруге тырысқанымен, оған жергілікті ойыншылар мүмкіндік бермеді.
Үзіліс кезеңінде Кака бапкерден тиісті ақыл-кеңесін тыңдап шыққан жерлестеріміздің екінші таймда ойындары түрленіп шыға келді. 23-минутта Дәурен Тұрсағұловтың пасынан кейін Біржан Оразов есеп айырмасын қысқартса, арада төрт минут өткенде Дугластың ауыттан тепкен добы қарсылас ойыншысына тиіп, қақпа төрінен табылды – 2:1.
Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда жеңіліп жатқан Әзербайжан құрамасының бас бапкері алаңға қақпашының орнына бесінші ойыншыны шығарды. Алаң иелері кезекті айып добын орындау барысында қателікке бой алдырып, допты тартып алған «Қайрат» ойыншысы Дәурен Тұрсағұлов бос қалған қақпаға үшінші голды соқса, ойынның аяқталуына бір минут қалғанда Эдсон да бос қақпаны дәл көздеді. Ал соңғы секундтарда Манека Әзербайжан құрамасының екінші голын соқты. Қорытынды есеп – 4:2.
Сөйтіп, үш турда 9 ұпай жинаған Қазақстан құрамасы өз тобында жеке-дара көш бастаса, Нидерландты тізе бүктірген Румыния (2:1) 6 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Үш ұпайы бар Әзербайжан үшінші орынға тұрақтаса, бірде-бір ұпайы жоқ Нидерланд соңғы орында қалып қойды. Келесі турда Қазақстан құрамасы Астанада Әзербайжанды қабылдайды. Бұл ойын 11 қазанға жоспарланған. Матч елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Ал Нидерланд пен Румыния Амстердамда ойнайды.