Саясат • Бүгін, 08:57

Сенат пен Ұлттық банктің бірлескен жобасы

3 мин
оқу үшін

Астанада Парламент Сенаты мен Ұлттық банктің ақша-кредит саясатына арналған кезекті бірлескен білім курсы басталды. Семинардың ашылуында тыңдаушыларға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов дәріс оқыды. Іс-шарада жаһандық және ішкі экономикалық үрдістер мен реформаларға, сондай-ақ ел макроэкономикасын жаңғыртуға бағытталған заңнамалық міндеттерге мән берілді.

Сенат пен Ұлттық банктің  бірлескен жобасы

Биыл білім курсына қатысушылар саны 80 адамға дейін артты. Бұл Сенаттың «Taldau» мектебі мен Сарапшылар клубы сияқты жобалар аясында еліміздің сарапшылар қауымдастығының талдау қабілетін шыңдауға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы екенін атап өткен жөн. Ашық форматтағы төрт апталық практикумға Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері мен «Taldau» мектебінің түлектерінен бөлек, кәсіби біліктілігін арттырып, білімін жетілдіруге ниетті мамандар, оның ішінде ақша-кредит сая­саты мәселелерін тұрақты жариялап жүрген журналистер де қатысып жатыр.

М.Әшімбаев Қазақстандағы бизнес пен әлеуметтік саланың тұрақтылығын айқындайтын ақша-кредит саясатының тиімділігі ішкі және сыртқы факторларды кешенді түрде талдаумен байланысты екенін атап өтті. Ел ішіндегі макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар, сарапшылар өз стратегияларында қақтығыстар, сауда-логистикалық бағыттардың өзгеруі, шикізат және қаржы нарықтарындағы құбылмалылық секілді сыртқы сын-қатерлерді де назарда ұстауы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, білім модулі қатысушылардың макроэкономикалық үдерістерді терең талдау және нарықтағы өзгерістерге жауап ретінде білікті шешімдер әзірлеу дағдыларын дамытуға бағытталған.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев макро­эко­номикалық тұрақтылық пен ақша-кредит саясатының тиімділігі мәселелеріне үнемі баса мән беріп келеді. Бұл білім курсы қатысушыларға жекелеген көрсеткіштерді ғана емес, экономикалық үдерістердің тұтас көрі­нісін көруге мүмкіндік береді. Инфляциялық тәуекел­дердің қалай қалыптасатынын, пайыздық мөлшер­лемелер мен валюта бағамына қандай фактор­лардың әсер ететінін, бюджет саясатының, несие­леудің, инвестициялар мен экономикалық өсім­нің өзара байланысын түсінуге жол ашады. Биыл бағдарлама экономикалық талдауда жасанды интеллектіні пайдалану мәселелерімен де толық­тырылды. Мұндай формат шешім қабыл­дау негіздерінің қалай қалыптасатынын тереңірек түсінуге септігін тигізеді», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат төрағасы семинарды ұйымдастырған Ұлттық банк ұжымына және уақыт бөліп, білімімен ерікті түрде бөлісуге ниет танытқан дәріскерлерге алғыс білдірді.

Алдағы төрт апта ішінде қатысушылар макроэкономиканың негіздерін, оның маңызды көрсеткіштерін, экономикалық модельдерді, төлем балансын, инфляциялық таргеттеу тетіктерін, ақша-кредит және фискалдық саясаттың өзара байланысын жан-жақты зерделейді. Бағдарламаның басты мақсаты – түрлі саладағы сарапшыларға арналған болжамдық модельдеу кезеңі арқылы ақша-кредит саясаты бойынша шешім қабылдау үдерісіне тереңірек мән беру.

Жалпы, биылғы семинарға қатысушылар саны былтырғыдан екі есе көп. Осы орайда бұған дейін Сенат Президент Әкімшілігінің Көлік және логистика бөлімімен бірлесіп, көлік-логистикалық әлеуетті дамытуға арналған оқыту курсын ұйымдастырғанын айта кеткен абзал. Сонымен қатар Сенат Big Data мен жасанды интеллектіні талдамалық жұмыста қолдануға арналған бірқатар семинар өткізді. Аталған іс-шаралар Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, сондай-ақ басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен ұйымдастырылды. Бұл бастамалар сарапшылар мен салалық мамандардың талдау қабілеттерін шыңдап, білімін жетілдіруді көздейді.

Соңғы жаңалықтар

Бар игілік – балаларға

Балалар • Бүгін, 08:48