Спорт • 09 Қазан, 2023

Қазақтың абыройын асқақтатқандар

186 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтың өр ұрпағы бүгінде атажұртта ғана емес, әлемдік спорт ареналарында да жиі-жиі атойлай бастады. Әсіресе бокс әлемінде Бөлтекұлының ізін басқан даңқты ұлдар жетіп артылады. Ташкентте өткен әлем чемпионатында осыны байқағанбыз.

Қазақтың абыройын асқақтатқандар

Аз күн бұрын ғана аяқталып, әлі аптығы басыла қоймаған Ханч­жоу­дағы Азия ойындарында да әр қиыр­дан жиналған қазақ оғлан­дары бой көрсетті. Орайы келгенде Ташкент төріндегі жаһандық жарыста чемпион атанған өзбекстандық қандасымыз Руслан Абдуллаевпен, әлем чемпионатының күміс жүл­дегері қытайлық қандасымыз Тоқ­тарбек Таңатқан мен Байқоныс Да­набекпен, Моңғолияның мық­тысы Бекнұр Қалиұлымен аз-кем ди­дарласудың сәті түсті. Әр­қай­сысымен емен-жарқын әңгі­ме құрып, қай қиырда жүрсе де қазақ баласының атажұртқа қарай аңсары ауып тұратынын, ағайын­дарына деген алабұртқан асау са­ғынышын аңғару қиынға соқпады.

Азия ойындары аяқталар тұс­та Ханчжоудың оңтүстік-шығы­сында орналасқан Олимпиа­далық қалашыққа бас сұқтық. Мақ­сатымыз – қазақ бауырларымызбен жүздесіп, қал-жағдайларына қанығу. Алдымен Өзбекстан атынан сынға түсіп жүрген Азия және әлем біріншілігінің жеңімпазы Руслан Абдуллаевты бапкері Ерғали Әбубәкірұлымен бірге жолықтырдық. Бұл жолғы сары құрлық байқауында сәттілік Русланға серік болмағандай. Ол 26 қыр­күйекте рингке көтеріліп, жарысты ерте аяқтады. Моңғолиялық Баатарсухийн Чинзоригке есе жіберген-ді. Жағдай сұрасқаннан кейін биыл Ташкент қаласында ісса­пар­да болғанымызды айттық. Руслан бірден: «Аға, ауылға кел­медіңіз бе, ақсақалдармен, отбасыммен танысар едіңіз», деп інілік ықылас танытты.

–  Әлем біріншілігіндегі жеңі­сі­­­нен кейін Русланнан сұхбат алу­шы­лар көбейді. Көбісі – ата­жұрттан. Хабар­ласқан бір-екі сайтқа өзім сұхбат бер­дім. Руслан екеуміз Ташкент қала­сы, Қыбырай ауданы, Қыпшақ деген­ қазақ­тар қоныстанған ауылда тұрамыз. Сол жерде жаттығамыз. Ауылымыз Ташкенттен 15 минуттық жерде, – деді Русланның бапкері.

Емен-жарқын біраз әңгімеден кейін Ерғалимен телефон арқылы сөйлесетін болып келісіп, қош айтыстық.

Арада 10-15 минут өткенде біз әңгімелесіп отырған асханаға қы­тай­лық қандастарымыз Тоқтарбек Таңатқан мен Байқоныс Данабек кіріп келді. Тоқтарбек – 80 килода, Байқоныс аса ауыр салмақта жұдырықтасады.

Тоқтарбекпен бұрыннан таныс­пыз. Былтыр елорда CUP турниріне келгенде сұхбаттасқанбыз. Амандық-саулықтан кейін   Байқоныспен таныстырды. Бай­қонысты да бұрын сыртынан білуші едік.

Тоқтарбектің көңіл-күйі көте­рің­кі, барынша ашылып сөйлесті. Қолын­да – жалт-жұлт еткен Азия ойын­да­ры­ның алтыны. Уысында – Париж Олимпиадасына берілген жолдама...

– Азия ойындарының жеңім­пазы болу оңайға түспеді. Бірінші кездесуде-ақ Нұрбек Оралбай бауырыммен қолғап түйістірдім. Нұрбекпен бұған дейін екі рет кездесіп, екеуінде де жеңілген едім. Бұл жолы басым болдым, – деп бас­тады әңгімесін Тоқтарбек. – Париж Олимпиадасы – маған берілген екінші мүмкіндік. Мүлт кетпеуім керек.

Тоқтарбек Таңатқанұлы Алтай аймағы, Алтай қаласы, Алағақ қала­шы­­­ғында дүниеге келген. 12 жас­ында Алтай аймағындағы белгілі бокс жаттық­ты­ру­шысы Мұрат Бошайұлының назарына доп теуіп жүрген жерінен ілігеді. Болашақта батыр болуды армандаған жас жеткіншек қазіргі уақытта әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы атанды.

Біраздан соң әңгімеге бағана­дан үнсіз отырған Байқоныс араласты. Қай газеттен екенімізді сұрап, туыстары атажұртта тұра­тынын айтқан Байқоныс бізге өте салмақты көрінді.

– 13 жасымнан бастап бокспен шұғылданамын. Кәсіби тұрғыда бұл кеш саналады. Шыңжаң командасына да 2015 жылы қо­сыл­дым, деп бас­тады әңгімесін ол. – Қытайда бокстан бәсекелестік өте жоғары. Сегіз жыл бойы күміс жүлдегер атансам, биыл чемпиондық атақ бұйырды. Азия ойындарының жартылай финалында өзбек боксшысы Баходир Жалоловтан жеңіліп қалдым. Негізі кездесу ерте аяқталады деп ойламадым. Себебі Ташкентте Баходирмен бір-екі рет спарринг өткізгенім бар. Оның шамасын білемін. Енді алда лицензиялық турнирге қатысу үшін тағы да өз мықтылығымды дәлелдеуім керек.

Азия ойындарының ширек финалында тарихи сәттің куәсі болдық. Дәл сол күні бокс кешінде Моң­ғолияның мықтысы Бекнұр Қалиұлы мен Қытай мықтысы Байқоныс Данабек қос қазақ бір-бірімен кездесті. Кездесу Байқоныстың жеңісімен аяқталды.

Біз Бекнұр Қалиұлын Таш­кент­­те өткен әлем чемпионатынан­ тани­мыз. Дүбірлі додада +92 кг салмақта өнер көрсеткен боксшыны ұйымдастырушылар -92 кг салмаққа тіркеп жіберген. Бекнұрмен әңгіме барысында осы жайтты да сұрадық.

– Жеребе күні IBA өкілдері мені - 92 кг салмаққа тіркеп, жібермеді. Мұны Моңғолия құрамасының бапкерлері байқамай қалды. Бапкерлер мені ауыр салмақтың ішінен іздеген, таба алмаған. Сол кезде салмағым 100 кг-дан жоғары еді. Екі-үш күнде -92 кг-ға дейін салмақ қуа алмаймын ғой. Сол себепті шықпадым, – деді Бекнұр.

Жалпы, әңгіме барысында боксшы­ла­рымыздың бойынан атажұртты аңсау, оларға қазақтың тау-тасы, топырағы, бәрі ыстық көрінетінін аңғару қиынға соқпады. Сонымен қатар олар атажұртта туыстары тұратынын, арасында қыды­рып келетінін, елдің жаңалықтарын қарап отыратынын айтты. «Қазақ – қайда жүрсе де қазақ!», деп осындайда айтса керек қой.