Аз күн бұрын ғана аяқталып, әлі аптығы басыла қоймаған Ханчжоудағы Азия ойындарында да әр қиырдан жиналған қазақ оғландары бой көрсетті. Орайы келгенде Ташкент төріндегі жаһандық жарыста чемпион атанған өзбекстандық қандасымыз Руслан Абдуллаевпен, әлем чемпионатының күміс жүлдегері қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатқан мен Байқоныс Данабекпен, Моңғолияның мықтысы Бекнұр Қалиұлымен аз-кем дидарласудың сәті түсті. Әрқайсысымен емен-жарқын әңгіме құрып, қай қиырда жүрсе де қазақ баласының атажұртқа қарай аңсары ауып тұратынын, ағайындарына деген алабұртқан асау сағынышын аңғару қиынға соқпады.
Азия ойындары аяқталар тұста Ханчжоудың оңтүстік-шығысында орналасқан Олимпиадалық қалашыққа бас сұқтық. Мақсатымыз – қазақ бауырларымызбен жүздесіп, қал-жағдайларына қанығу. Алдымен Өзбекстан атынан сынға түсіп жүрген Азия және әлем біріншілігінің жеңімпазы Руслан Абдуллаевты бапкері Ерғали Әбубәкірұлымен бірге жолықтырдық. Бұл жолғы сары құрлық байқауында сәттілік Русланға серік болмағандай. Ол 26 қыркүйекте рингке көтеріліп, жарысты ерте аяқтады. Моңғолиялық Баатарсухийн Чинзоригке есе жіберген-ді. Жағдай сұрасқаннан кейін биыл Ташкент қаласында іссапарда болғанымызды айттық. Руслан бірден: «Аға, ауылға келмедіңіз бе, ақсақалдармен, отбасыммен танысар едіңіз», деп інілік ықылас танытты.
– Әлем біріншілігіндегі жеңісінен кейін Русланнан сұхбат алушылар көбейді. Көбісі – атажұрттан. Хабарласқан бір-екі сайтқа өзім сұхбат бердім. Руслан екеуміз Ташкент қаласы, Қыбырай ауданы, Қыпшақ деген қазақтар қоныстанған ауылда тұрамыз. Сол жерде жаттығамыз. Ауылымыз Ташкенттен 15 минуттық жерде, – деді Русланның бапкері.
Емен-жарқын біраз әңгімеден кейін Ерғалимен телефон арқылы сөйлесетін болып келісіп, қош айтыстық.
Арада 10-15 минут өткенде біз әңгімелесіп отырған асханаға қытайлық қандастарымыз Тоқтарбек Таңатқан мен Байқоныс Данабек кіріп келді. Тоқтарбек – 80 килода, Байқоныс аса ауыр салмақта жұдырықтасады.
Тоқтарбекпен бұрыннан таныспыз. Былтыр елорда CUP турниріне келгенде сұхбаттасқанбыз. Амандық-саулықтан кейін Байқоныспен таныстырды. Байқонысты да бұрын сыртынан білуші едік.
Тоқтарбектің көңіл-күйі көтеріңкі, барынша ашылып сөйлесті. Қолында – жалт-жұлт еткен Азия ойындарының алтыны. Уысында – Париж Олимпиадасына берілген жолдама...
– Азия ойындарының жеңімпазы болу оңайға түспеді. Бірінші кездесуде-ақ Нұрбек Оралбай бауырыммен қолғап түйістірдім. Нұрбекпен бұған дейін екі рет кездесіп, екеуінде де жеңілген едім. Бұл жолы басым болдым, – деп бастады әңгімесін Тоқтарбек. – Париж Олимпиадасы – маған берілген екінші мүмкіндік. Мүлт кетпеуім керек.
Тоқтарбек Таңатқанұлы Алтай аймағы, Алтай қаласы, Алағақ қалашығында дүниеге келген. 12 жасында Алтай аймағындағы белгілі бокс жаттықтырушысы Мұрат Бошайұлының назарына доп теуіп жүрген жерінен ілігеді. Болашақта батыр болуды армандаған жас жеткіншек қазіргі уақытта әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы атанды.
Біраздан соң әңгімеге бағанадан үнсіз отырған Байқоныс араласты. Қай газеттен екенімізді сұрап, туыстары атажұртта тұратынын айтқан Байқоныс бізге өте салмақты көрінді.
– 13 жасымнан бастап бокспен шұғылданамын. Кәсіби тұрғыда бұл кеш саналады. Шыңжаң командасына да 2015 жылы қосылдым, деп бастады әңгімесін ол. – Қытайда бокстан бәсекелестік өте жоғары. Сегіз жыл бойы күміс жүлдегер атансам, биыл чемпиондық атақ бұйырды. Азия ойындарының жартылай финалында өзбек боксшысы Баходир Жалоловтан жеңіліп қалдым. Негізі кездесу ерте аяқталады деп ойламадым. Себебі Ташкентте Баходирмен бір-екі рет спарринг өткізгенім бар. Оның шамасын білемін. Енді алда лицензиялық турнирге қатысу үшін тағы да өз мықтылығымды дәлелдеуім керек.
Азия ойындарының ширек финалында тарихи сәттің куәсі болдық. Дәл сол күні бокс кешінде Моңғолияның мықтысы Бекнұр Қалиұлы мен Қытай мықтысы Байқоныс Данабек қос қазақ бір-бірімен кездесті. Кездесу Байқоныстың жеңісімен аяқталды.
Біз Бекнұр Қалиұлын Ташкентте өткен әлем чемпионатынан танимыз. Дүбірлі додада +92 кг салмақта өнер көрсеткен боксшыны ұйымдастырушылар -92 кг салмаққа тіркеп жіберген. Бекнұрмен әңгіме барысында осы жайтты да сұрадық.
– Жеребе күні IBA өкілдері мені - 92 кг салмаққа тіркеп, жібермеді. Мұны Моңғолия құрамасының бапкерлері байқамай қалды. Бапкерлер мені ауыр салмақтың ішінен іздеген, таба алмаған. Сол кезде салмағым 100 кг-дан жоғары еді. Екі-үш күнде -92 кг-ға дейін салмақ қуа алмаймын ғой. Сол себепті шықпадым, – деді Бекнұр.
Жалпы, әңгіме барысында боксшыларымыздың бойынан атажұртты аңсау, оларға қазақтың тау-тасы, топырағы, бәрі ыстық көрінетінін аңғару қиынға соқпады. Сонымен қатар олар атажұртта туыстары тұратынын, арасында қыдырып келетінін, елдің жаңалықтарын қарап отыратынын айтты. «Қазақ – қайда жүрсе де қазақ!», деп осындайда айтса керек қой.