«Таза Қазақстан» • Кеше

Атыраулық студенттер экоакцияға үлестерін қосты

34 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті студенттерінің экологиялық мәселелерді шешуге арналған инновациялық жобалар мен креативті арт туындылар көрмесінің БАҚ өкілдеріне арналған презентациясы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атыраулық студенттер экоакцияға үлестерін қосты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының маңызына тоқтала отырып, оның қазақстандықтарды табиғатқа қамқор болу идеясының төңірегіне біріктіре алатын мағынаға ие екенін атап өткен еді. Бастаманың бұл аспектісі маңызды, бірақ жобаның өміршеңдігі мен оң нәтижеге жету үшін қосымша шаралар қажет, соның ішінде студенттік ғылыми жобалар мен экологиялық саладағы зерттеу нәтижелерін тартудың маңызы зор.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті  «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының өңірде сәтті жүзеге асырылуына белсенді атсалысуда. Оқытушылар мен студенттер жалпы процеске  «Экожобалар» және «Таза бейсенбі» бағыттары бойынша тартылған.

Бірінші бағыт бойынша университеттің «Жас Сана» орталығында инновациялық жобалар мен креативті арт туындылар презентациясы ұйымдастырылды. Презентацияға Атырау университетінің «Экос» экологиялық үйірмесінің жобалары қойылды. Олардың арасында стартап жоба ретінде қаржыландырылғандары да бар.

эко

«Шыны қалдықтарын пайдалана отырып, эпоксидті шайырдан бұйымдар жасау» жобасы авторларының айтуынша бұл тұрмыстық қалдықтарды әдемі әрі пайдаға жарамды бұйымға айналдыруға бағытталған бірегей жоба.

«Бұл тек ластанудың алдын алу ғана емес, сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамытуға да үлкен мүмкіндік. Бұл жоба әлі де жетілдірілу үстінде. Болашақта дайын өнімдер жергілікті нарыққа шығарылатын болады», дейді жоба авторларының бірі Ақмарал Сағынғалиева.

Сондай-ақ көрмеде «Күкірт қалдықтарынан күкірт бетонын жасау» және «Темекі қалдықтарын пайдалана отырып, тас төсеніштер өндіру» сияқты инновациялық жобалар ұсынылған. Қалдықсыз өндіріс тұрғысынан және қоршаған ортаға зиянды мейлінше азайту тұрғысынан тиімді көрінген жобалардың бірі«Биопластик жасау». Студенттердің айтуы бойынша, жергілікті шикізаттан биопластик алу, бұл импортты алмастыру және экологиялық жүктемені азайту тұрғысынан өте тиімді жоба.

эко

«Басты мақсат – жарамды шикізат көзін анықтап, биологиялық ортада тез ыдырайтын биопластик өндірісінің технологиясын жасақтау. Бұндай бастамаларды қолдау Қазақстандағы анағұрлым таза және тұрақты ортаны қалыптастырудағы үлкен қадам болатын еді»,  деп есептейді жоба авторының бірі Дмитрий Ургарчев.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясын жүзеге асыруда университет ұстанған екінші басым бағыт – жалпы университеттік экологиялық акциялар. Әр бейсенбіде 100-ге жуық студент университетке қарасты аумақтың тазалығын қамтамасыз етеді. «Таза Қазақстан» акциясы бастау алғаннан бері жалпы көлемі 3 тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық жиналған.

Студенттер әр апта сайын, сабақтан тыс күндері, өз еркімен оқу ғимараттары мен жатақханалар аумағын тазалау жұмыстарын жүргізіп тұрады. Жастардың бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті ояту және эко-мәдениетті қалыптастыру мақсатында сабақ кезінде, аталмыш бағыт бойынша еңбектеніп, бастапқы тәжірибе жинақтап үлгерген жас ғалымдар үшін практикалық және теориялық дәрістер өткізіледі.

Одан бөлек Атырау университеті ұжымы мен студенттері көктемгі су тасқыны қаупі кезінде, өздеріне сеніп тапсырылған 5 шақырымнан астам жағалау аумағында, жағалауды бекіту және дамба соғу жұмыстарына белсенді араласты.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Көктем және күз айларында университет ұжымы дәстүрлі түрде жалпықалалық көшет отырғызу жұмыстарына кіріседі.