Қоғам • 11 Қазан, 2023

Үздік оқырман

177 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақ тілі» қоғамы­ның Алматы қалалық филиалы мен «Қазақ га­зеттері» ЖШС құра­мындағы «Ана тілі» рес­­публикалық га­зеті оқыр­мандар арасын­да «Ана тілі­мізді ардақ­тайық!» атты бейне­ро­лик байқауын ұйым­дас­тырған болатын. Достық үйінде байқау же­ңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Үздік оқырман

Суретті түсірген – Азамат Құсайынов

Оқырманды мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және насихаттау­ды жаңа технология мен трендтер ар­қылы жүзеге асыруға шақыратын байқауға 50 шақты жұмыс түсті. Профессор Кәкен Камзин бастаған қазы­лар алқасының шешімімен І орын – Жамбыл облысынан бақ сынаған Қасымхан Төлендиевке, ІІ орын – қы­зылордалық Сағира Уәлиге,  ал үшінші орын маңғыстаулық оқырман Рысгүл Рамазановаға бұйырды.

«Кейбір оқырмандар бай­қау форматын дұрыс түсін­бе­ген­діктен, жарамай қалған жұмыс­тар да болды. Жақсы роликтер де баршылық. Қазылар алқасы оларды іріктеп, ішінен 3 жеңімпазды анықтады. Олар газетімізге шық­қан мақалалар туралы сарап­тамалық видео­контент жасап, сол арқылы жеңіске жетті», дейді «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс.

– Қазақ тіліне, ұлтқа, ұлт болаша­ғы­на қызмет ету – баршамыздың ортақ парызымыз. Қазіргі «мылтықсыз майдан» заманында тіл мәселесі маңызды болып тұр. Ана тілі бәрімізге ортақ, тіл өшсе, ұлт өшеді. Соны ұмытпауы­мыз керек. Осы мақсатта 1989 жыл­дан бері «Қазақ тілі» қоғамы­ның ыстық-суығына төзіп жүр­ген азаматтар жетерлік. «Ана тілі» газетінің оқырмандары көбейсе, қазақ тіліне, ұлттық сана-сезімге, идеологияға деген көз­қарас оянатын шығар деген оймен байқауды өткіздік. Га­зет, кітап оқуға деген қы­зығушы­лық бәсеңдеген заман­да оқырман ­тарту, оқуға деген қызығушылықты ояту үшін жасалып отырған іс-ша­ра өз жемісін береді, – дейді бай­қауға демеушілік таныт­қан Ха­лықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы қаласы филиалының төрағасы Құсман Шалабаев. 

 

АЛМАТЫ