Суретті түсірген – Азамат Құсайынов
Оқырманды мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және насихаттауды жаңа технология мен трендтер арқылы жүзеге асыруға шақыратын байқауға 50 шақты жұмыс түсті. Профессор Кәкен Камзин бастаған қазылар алқасының шешімімен І орын – Жамбыл облысынан бақ сынаған Қасымхан Төлендиевке, ІІ орын – қызылордалық Сағира Уәлиге, ал үшінші орын маңғыстаулық оқырман Рысгүл Рамазановаға бұйырды.
«Кейбір оқырмандар байқау форматын дұрыс түсінбегендіктен, жарамай қалған жұмыстар да болды. Жақсы роликтер де баршылық. Қазылар алқасы оларды іріктеп, ішінен 3 жеңімпазды анықтады. Олар газетімізге шыққан мақалалар туралы сараптамалық видеоконтент жасап, сол арқылы жеңіске жетті», дейді «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс.
– Қазақ тіліне, ұлтқа, ұлт болашағына қызмет ету – баршамыздың ортақ парызымыз. Қазіргі «мылтықсыз майдан» заманында тіл мәселесі маңызды болып тұр. Ана тілі бәрімізге ортақ, тіл өшсе, ұлт өшеді. Соны ұмытпауымыз керек. Осы мақсатта 1989 жылдан бері «Қазақ тілі» қоғамының ыстық-суығына төзіп жүрген азаматтар жетерлік. «Ана тілі» газетінің оқырмандары көбейсе, қазақ тіліне, ұлттық сана-сезімге, идеологияға деген көзқарас оянатын шығар деген оймен байқауды өткіздік. Газет, кітап оқуға деген қызығушылық бәсеңдеген заманда оқырман тарту, оқуға деген қызығушылықты ояту үшін жасалып отырған іс-шара өз жемісін береді, – дейді байқауға демеушілік танытқан Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы қаласы филиалының төрағасы Құсман Шалабаев.
АЛМАТЫ