Алматы • 11 Қазан, 2023

124 азамат елге оралды

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Израиль мен Палестина арасындағы қарулы қақтығысқа байланысты бірқатар мемлекет ол елдерден өз азаматтарын эвакуациялап жатыр. Осы ретте «Air Astana» әуе компаниясы Тель-Авивтегі отандастарымызды Алматыға алып келу үшін арнайы рейс ұйымдастырғаны белгілі. Алматы уақытымен 23 сағат 45 минутта бортына 166 адам мінген ұшақ Алматы халықаралық әуежайына келіп қонды.

124 азамат елге оралды

Суретті түсірген – Александр Павский

Елге оралған жолаушыларды туыс­тары мен жақындары әуежайдан қарсы алды. Біз де солардың қатарынан табылдық. Арнайы репатриациялық рейс­­­пен келгендердің 124-і Қазақ­­­стан азаматы, қалғаны – шетел­діктер. Алматыға келген азамат­тардың ішінде «Болашақ» бағ­дарламасы бойын­ша тағы­лым­дамадан өтіп жатқан 14 стипендиат бар. Әуекомпания мамандары Израильдің әкімшілік авиация қызметі рейстің жолға шығуына келісім бойынша көмек көрсеткенін мәлімдеді.

– «Air Astana» әуе компаниясы отан­дас­­­тарымыздың тағды­ры­на алаңдап, осын­дай шешім қабыл­дады. Азаматтарды Тель-Авивтен шығарып алу оңайға түспеді. Өйткені біздің басшылыққа барлық қиын­дықтар мен тәуекелдерді ескеруге тура келді. Ол жақта қауіп өте жоғары. Дегенмен ел азаматтарының аман-есен оралуы тек әуекомпанияның тәуекелімен ғана емес, елшіліктің қол­дауымен жүзеге асқанын айтуымыз керек. Рейс уақыты кестеден ауытқыған жоқ. Ал жалпы соғыс өрті тұтанған елдерге тұрақты бағыттарымызды тоқтатқан болатынбыз. Борттағы 166 адамның екеуі нәресте. Тағы мұндай рейстердің қайталанатыны туралы әзірге айта алмаймыз. Жолаушылар тізімін Израильдегі Қазақстан елшілігі жасақтады. Билеті жоқ азаматтарға да жедел түрде төмендетілген тарифпен билеттер саттық. Осы сапарға ең тәжірибелі ұшқыштар мен экипаж мүшелері таңдалды. Командир Олег Колесников бастаған мамандар маңызды тапсырманы жақсы орындап шықты, – дейді «Air Astana» әуе компаниясының коммуникация жөніндегі менеджері Тілек Абдрахимов.

Туыстарымен сағынысып көріскен бірқатар жолаушыны әңгімеге тарттық. Солардың бірі – «Болашақ» стипендиясы бойынша Израильде тағылымдамадан өтіп жатқан Үміт Желдібаева.

«Израильдегі Қазақстан елшілігі ал­ғаш­­­­қы күннен бастап бізге демеу берді. Сон­­­дық­тан бәлендей қорқыныш болған жоқ. Біз өмір сүріп жатқан Хайфа қаласы негізі­нен тыныш. Дегенмен дабылдардың даусы, төбедегі ұшақтардың жиілеуі аздап үрей туғызды. Алдын ала сақтанып, елге қайтуға бел будық. Біз ұшаққа мінгелі тұрғанда көптеген шетел азаматы өздерін ала кетуді өтініп, тіпті ұшақта жерге отырып баруға дайын екендерін айтып жатқанын байқадым», дейді ол.

 

АЛМАТЫ