Суретті түсірген – Александр Павский
Елге оралған жолаушыларды туыстары мен жақындары әуежайдан қарсы алды. Біз де солардың қатарынан табылдық. Арнайы репатриациялық рейспен келгендердің 124-і Қазақстан азаматы, қалғаны – шетелдіктер. Алматыға келген азаматтардың ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтіп жатқан 14 стипендиат бар. Әуекомпания мамандары Израильдің әкімшілік авиация қызметі рейстің жолға шығуына келісім бойынша көмек көрсеткенін мәлімдеді.
– «Air Astana» әуе компаниясы отандастарымыздың тағдырына алаңдап, осындай шешім қабылдады. Азаматтарды Тель-Авивтен шығарып алу оңайға түспеді. Өйткені біздің басшылыққа барлық қиындықтар мен тәуекелдерді ескеруге тура келді. Ол жақта қауіп өте жоғары. Дегенмен ел азаматтарының аман-есен оралуы тек әуекомпанияның тәуекелімен ғана емес, елшіліктің қолдауымен жүзеге асқанын айтуымыз керек. Рейс уақыты кестеден ауытқыған жоқ. Ал жалпы соғыс өрті тұтанған елдерге тұрақты бағыттарымызды тоқтатқан болатынбыз. Борттағы 166 адамның екеуі нәресте. Тағы мұндай рейстердің қайталанатыны туралы әзірге айта алмаймыз. Жолаушылар тізімін Израильдегі Қазақстан елшілігі жасақтады. Билеті жоқ азаматтарға да жедел түрде төмендетілген тарифпен билеттер саттық. Осы сапарға ең тәжірибелі ұшқыштар мен экипаж мүшелері таңдалды. Командир Олег Колесников бастаған мамандар маңызды тапсырманы жақсы орындап шықты, – дейді «Air Astana» әуе компаниясының коммуникация жөніндегі менеджері Тілек Абдрахимов.
Туыстарымен сағынысып көріскен бірқатар жолаушыны әңгімеге тарттық. Солардың бірі – «Болашақ» стипендиясы бойынша Израильде тағылымдамадан өтіп жатқан Үміт Желдібаева.
«Израильдегі Қазақстан елшілігі алғашқы күннен бастап бізге демеу берді. Сондықтан бәлендей қорқыныш болған жоқ. Біз өмір сүріп жатқан Хайфа қаласы негізінен тыныш. Дегенмен дабылдардың даусы, төбедегі ұшақтардың жиілеуі аздап үрей туғызды. Алдын ала сақтанып, елге қайтуға бел будық. Біз ұшаққа мінгелі тұрғанда көптеген шетел азаматы өздерін ала кетуді өтініп, тіпті ұшақта жерге отырып баруға дайын екендерін айтып жатқанын байқадым», дейді ол.
АЛМАТЫ