Көрме • 15 Қазан, 2023

Жасанды интеллект жетістіктері

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде Беларусьтың Plan B және FARBA галереяларымен бірлесіп «Жасанды интеллект: суретші немесе машина?» атты көрме есік ашты. Заманауи инновациялық көрме жаңа мүмкіндіктер дәуірінің озық жемісі дерсіз.

Жасанды интеллект жетістіктері

Көрермен назарына ұсынылған жұмыстар­дың барлығы – жасанды интеллект туындылары. Өнерсүйер қауым табиғат, мифология, тарих, архитектура және тағы да басқа өмірлік мәні бар салаларды қамтитын 10 түрлі санатқа бөлінген 120-дан аса суретті тамашалай алады.

Жасанды интеллект – машиналарды адамша ойлауға үйрететін компьютерлік технология. Оны қолдануға болатын салалардың саны шексіз. Көрмедегі жұмыстардың басым бөлігі жасанды интеллектінің Қазақстанды суреттеуіне арналған. Көрменің ашылуына келгендер еліміздің табиғаты, архитектурасы мен мол дастарқаны туралы нейрожүйе салған суреттерді тамашалады. Әрбір бөлігіне дейін анық көрінетін мінсіз суреттер топтамасы технологияға жақын жандарға айрықша әсер сыйлайды.

сми

Көрме ұйымдастырушылары маңызды жобаларды таныстыра отырып, көрерменге Қазақстандағы нейрожүйе туындыларының тұңғыш экспозициясын бірінші болып ұсынуды көздеген. «Аталған өнер жәрмеңкесі туындыларды жаңаша жасау әдістерін зерттеуге бейімдейді. Мұны шығармашылық пен жасампаздықтың жаңа бағыты деп танығанымыз дұрыс шығар. Көрменің басты жобасы – осы іс-шара үшін арнайы жасалған «Цифрлық эволюция» атты иммерсивті фильм», дейді Мемлекеттік орталық музей директоры Рашида Харипова.

Аталған туындыда идеялар әлемі мен материя әлеміне, даму мен эволюцияға деген жаңа көзқарас туралы ой қозғалады. Мульти­медиалық залдың қабырғасы мен еден­дерінде көрсетілетін фильм арқылы айна­ладағы түрлі құбылыстарды жан дүниеңіз­бен сезінесіз. Сондай-ақ көрме экспози­циясы­ның негізгі бөлігін толықтырған отандық авторлардың қолтаңбасы көрерменді бейжай қалдырмайды.

– Көрмеде қазақ ертегілері, эпостар мен мифология кейіпкерлері ерекше бағыт­та салынған. Бұған дейін жобамыз Беларусь­тың бірнеше қаласында табысты өтіп, көрер­мендер жылы қабылдады. Біз таңдауды талғампаз көрерменнің өз еншісіне қалдырып отырмыз. Жоба көрерменге суретші әлде машина деген сауалды қояды. Жасанды интеллектінің арғы жағында адамның ақыл ойы жатқанын ұмытпауымыз керек. Яғни оны адам жасаған. Ол неғұрлым ақылды болса, нейрондық желінің нәтижесі соғұрлым жақсы болады, – дейді ұйымдастырушы Жанар Короткова.

Көрменің тағы бір ерекшелігі ондағы тақырыптық квесттер мен арнайы ұйымдас­тырылған фотоаймақ түрлі форматта суретке түсуге мүмкіндік сыйлайды. Бірегей жоба қараша айының соңына дейін жалғаспақ.

 

АЛМАТЫ