Көрермен назарына ұсынылған жұмыстардың барлығы – жасанды интеллект туындылары. Өнерсүйер қауым табиғат, мифология, тарих, архитектура және тағы да басқа өмірлік мәні бар салаларды қамтитын 10 түрлі санатқа бөлінген 120-дан аса суретті тамашалай алады.
Жасанды интеллект – машиналарды адамша ойлауға үйрететін компьютерлік технология. Оны қолдануға болатын салалардың саны шексіз. Көрмедегі жұмыстардың басым бөлігі жасанды интеллектінің Қазақстанды суреттеуіне арналған. Көрменің ашылуына келгендер еліміздің табиғаты, архитектурасы мен мол дастарқаны туралы нейрожүйе салған суреттерді тамашалады. Әрбір бөлігіне дейін анық көрінетін мінсіз суреттер топтамасы технологияға жақын жандарға айрықша әсер сыйлайды.
Көрме ұйымдастырушылары маңызды жобаларды таныстыра отырып, көрерменге Қазақстандағы нейрожүйе туындыларының тұңғыш экспозициясын бірінші болып ұсынуды көздеген. «Аталған өнер жәрмеңкесі туындыларды жаңаша жасау әдістерін зерттеуге бейімдейді. Мұны шығармашылық пен жасампаздықтың жаңа бағыты деп танығанымыз дұрыс шығар. Көрменің басты жобасы – осы іс-шара үшін арнайы жасалған «Цифрлық эволюция» атты иммерсивті фильм», дейді Мемлекеттік орталық музей директоры Рашида Харипова.
Аталған туындыда идеялар әлемі мен материя әлеміне, даму мен эволюцияға деген жаңа көзқарас туралы ой қозғалады. Мультимедиалық залдың қабырғасы мен едендерінде көрсетілетін фильм арқылы айналадағы түрлі құбылыстарды жан дүниеңізбен сезінесіз. Сондай-ақ көрме экспозициясының негізгі бөлігін толықтырған отандық авторлардың қолтаңбасы көрерменді бейжай қалдырмайды.
– Көрмеде қазақ ертегілері, эпостар мен мифология кейіпкерлері ерекше бағытта салынған. Бұған дейін жобамыз Беларусьтың бірнеше қаласында табысты өтіп, көрермендер жылы қабылдады. Біз таңдауды талғампаз көрерменнің өз еншісіне қалдырып отырмыз. Жоба көрерменге суретші әлде машина деген сауалды қояды. Жасанды интеллектінің арғы жағында адамның ақыл ойы жатқанын ұмытпауымыз керек. Яғни оны адам жасаған. Ол неғұрлым ақылды болса, нейрондық желінің нәтижесі соғұрлым жақсы болады, – дейді ұйымдастырушы Жанар Короткова.
Көрменің тағы бір ерекшелігі ондағы тақырыптық квесттер мен арнайы ұйымдастырылған фотоаймақ түрлі форматта суретке түсуге мүмкіндік сыйлайды. Бірегей жоба қараша айының соңына дейін жалғаспақ.
АЛМАТЫ