Шаруашылық • 17 Қазан, 2023

Балықты аулай да, қорғай да білейік

218 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сыр өңірінде күздегі егін орағымен қабаттаса, елеусіздеу өтіп кететін бір науқан бар. Суы тартылған күріш атызында қалып қойған балықтарды құтқару шараларына жауаптылардың есебінше жылда миллиондаған шабақ су айдындарына жіберіледі. Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мамандарының мәліметінше былтыр инспекция, қала мен аудан әкімдіктері, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК облыстық филиалы мамандары бірлесіп, 8 миллионнан астам шабақты құтқарып қалған. Биылғы меже де аз емес – 7 млн шабақ.

Балықты аулай да, қорғай да білейік

Осындай жауапты іске адам мен техника бөліп, үлес қосып отырған шаруа қожалықтары көп­тен саналады. Бұл талапқа жүрдім-бардым қарайтындар да жоқ емес. Жуырда биылғы науқан аясында «Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ қыз­мет­керлері және «Мақсат» шаруа қожа­лығының жұмысшылары акция ұйымдастырды. Облыс әкі­мі­нің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов қатысқан акция ба­рысында каналдар мен қашырт­қылардан жинаған 15 900 шабақ Бәйгеқұм ауылдық округіндегі Ханқожа су айдынына жіберілді.

Іле-шала Арал-Сырдария об­лыс­­аралық бассейндік балық ша­­­руа­шылығы инспекциясы­ның ұйым­­­дастыруымен Жалағаш ауда­нындағы Бегімкөл 15 000 шабақ­пен молықты. Бұл ретте аудан­­дық орман шаруашылығы мен жа­нуар­лар дүниесін қорғау мекемесі, «Строй сервис» ЖШС өкілдері, табиғатқа жанашыр ерік­тілер бел­сенділік танытыпты. Бірлескен жұмыс арқасында биылғы «Ша­бақ құтқару-2023» ак­циясының ал­ғаш­қы айындағы мәлімет бойынша 1 млн 654 мың балық шабағы суы тар­тылған танапта тұншықпай, айдында ер­кін жүзіп жүр.

– Шабақ құтқару бағытында жұмыс істемейтін шаруашылық­­тар жоқ емес. Тапсырылған есепке байланысты мұндай шаруашылық­тар­ға ескерту беріледі. Егер оны елең қылмаса, шара қолданамыз. Бұл – барлық шаруа қожалықтары үшін ортақ талап. Кейінгі жылдары осы іске еріктілер де атсалысып жүр, – дейді Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы Ғабит Ермағамбетов.

Өз алдына жеке құрылым болып ашылғалы бері Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы техника мен жабдықтан тапшылық кө­ріп отырған жоқ. Алда да жетілдірі­ле түседі деген үмітте. Бірақ бра­коньерлеріңіз де жыл сайын әдіс-айласын жетілдіріп, жымысқы әре­кеттерін жандандыруға көш­кен. Инс­пекторлар мен табиғатты қор­ғау полициясы мамандарының айтуынша, судағы тіршілік иелерін құртатын қырыпсал құралдың бірі – электрқармақ. Қолдан жасалған бұл құрылғы теңіздің ащы суына салынбайды. Түбі көрінбейтіндік­тен аққан өзенге де салу тиімсіз. Сондықтан да браконьерлер көл бетін торуылдайды. Қуаты жоғары құрылғымен ұрғаннан кейін судағы микроорганизмдер де жойылып кетеді. Бұл көлдегі балық біткен азығынан айырылады деген сөз.

Бірақ бізде осы құрылғының ора­сан зиян келтіретіндігін, ба­лық­­тың осының салдарынан өл­­ген­дігін анықтап бере ала­тын маман жоқ. Осыдан да ұстал­ған браконьерлердің сот алды­на барғанда сүттен таза, судан ақ болып шығып жататын кезі көп. Электрқармақ тікелей түс­се балықты сеспей қатырады. Жанамалай тигенннің өзінде уыл­ды­рық шашу қасиетінен айырылады. Енді осыны сот биологиялық са­раптамада дәлелдеу қиын. Бізде сатуға тыйым салынған қытай ауы да айдындағы балықтың сиреп ке­туіне себеп болып отыр.

– Қармақпен әр адамға 5 килоға дейін аулауға рұқсат бар. Бірақ соны місе тұтпай, қырып аулап, қапқа тоғытатындар көп. Тоқпен ұрып, майда көзді тормен сүзіп өткен айдында балық азаймай қайтеді? Бізде балықтың құны қымбат болғанмен, оны байлық ре­тінде бағалау кемшін болып отыр, дейді бөлім басшысы.

Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қызылорда облысында «Балық шаруашылығын дамыту­дың 2021-2030 жылдарға арналған өңiрлiк бағдарламасы» әзірленген. Бағдарламада 2030 жылға дейiн 16 шабақ шарyашылығы, 12 то­ған шарyашылығы құрылып, 3 тұ­йық жүйелi сyмен қамтамасыз етy құ­рылғылары iске қосылып, көл­де таyарлы балық өсiрy шарyашы­лықтарының санын 55-ке жеткiзy жоспарланып отыр.

Жалпы, балық шаруашылы­ғы көршілес Түркістан облысын­да қарқынды дамып келеді. Бі­рақ қызылордалық кәсіпкер­лер де құралақан емес. Инспекция­дағылардың айтуынша қазір облыста 8 тоған шаруашылығы құрылған. Жергілікті азаматтар арасында африкалық жайын өсі­ріп, пайда тауып отырғандар бар. Су айдындарында шарбақты ба­лық шаруашылығын дамытуға ден қойғандар да кездеседі. Өткен жы­лы облыстан 3575,7 тонна балық Ре­сей, Германия, Грузия, Литва, Поль­ша, Нидерланд, Әзербайжан, Венгрия, Аустрия, Чехия, Франция, Қы­­тай мемлекеттеріне экспортталған. Ал­да оның көлемін арттыру жос­парланып отыр. Ішкі саудада да балық бағасы бұрынғыдан жоғары. Сазанды килосы 1 500 теңгенің айналасында саудалайсыз, ақ амур мен дөңмаңдайдың да бағасы осы шамалас.

Жуырда өткен Арал өңірі ба­лық­шыларының VII слетінде теңіз­дегі балық қорын анықтап, нақты өсу динамикасын терең зерттеу қажеттігі сөз болды. Теңіз ауқымы 27 миллиард текше метрден 19 мил­лиардқа азайған. Бірақ балық аулау лимиті әлі бұрынғы күйінде тұр.

Шынымен де осы күні нәсібін теңізден айырған жұрттың назары түсіңкі. Себебі сал­ған ауын май­лайтын балық бұрын­ғыдан әлдеқайда азайып кеткен. Су мар­жанын сүзген жұрттың осы мәсе­лесін слетте көтерген Арал ауданының әкімі Серік Серма­ғам­бетов түйткілді мәселенің көзге кө­рін­бейтін тұстарын ашып айтты.

– Бүгінде заңсыз балық аулау­дың дерегі көп. Осыған тосқауыл қою бағытында аудан аумағында белгіленген орындарында арнайы салмақ өлшейтін таразы мен бейне бақылау қондырғыларымен жа­рақталған бекет қою жұмыстарын қолға ала отырып, теңіз байлығын ұрлап жатқандардың алдын алу керек. Табиғат пайдаланушылар өз учаскелерінде балық аулаумен айналысатын барлық жеке тұлғалардың заң шеңберінде тіркелуіне назар ау­дарғаны жөн. Ал теңізге тү­сер судың тапшылығын реттеу үшін 2005 жылға дейін жұмыс істе­ген «Арал су шаруашылығы» меке­ме­сін қайта құруды ұсынамыз, – деді ол.

Кішкентай ғана шабақтан бас­тал­ған әңгіменің соңы осындай соқталы мәселелерге әкеп соғады. Айтпақшы, жуырда «Браконьер – 2023» шарасы басталды. Облыстық полиция департаменті табиғат қор­­ғау бөлімінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Жас­ұлан Жакияеевтің айтуынша, ша­ра басталған 8 күннің ішінде 17 әкім­шілік, 1 қылмыстық іс қоз­ғалған. Жалпы, жыл басынан бері табиғатты қорғау талаптарын бұз­ғандарға 33 қылмыстық іс қозға­лып, 497 әкім­шілік құқық бұзушылық анық­талған.

– Жақында ғана 109 кило ба­лық­ты заңсыз аулаған азаматты ұс­тадық. Одан сәл бұрын жарты тоннасын артып алғандар ұсталған. Бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қой­ғандай жұмыссыздығын, бала-шағасын осы арқылы асырап отыр­ғанын сөз етеді. Әйтеуір, қынадай қырылған жәндіктің обалын ойлайтындар аз. Бір күндігін ойлаған­дар көбейген сайын балық қоры аза­йып бара жатыр, дейді полиция подполковнигі.

Құны қымбат болғанмен бағасы кем балықтың жайы осындай. Оны қорғауды бүгін күшейтпесек, күні ертең балық орнына балдыр аулап қалуымыз әбден мүмкін.

 

Қызылорда