Осындай жауапты іске адам мен техника бөліп, үлес қосып отырған шаруа қожалықтары көптен саналады. Бұл талапқа жүрдім-бардым қарайтындар да жоқ емес. Жуырда биылғы науқан аясында «Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ қызметкерлері және «Мақсат» шаруа қожалығының жұмысшылары акция ұйымдастырды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов қатысқан акция барысында каналдар мен қашыртқылардан жинаған 15 900 шабақ Бәйгеқұм ауылдық округіндегі Ханқожа су айдынына жіберілді.
Іле-шала Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ұйымдастыруымен Жалағаш ауданындағы Бегімкөл 15 000 шабақпен молықты. Бұл ретте аудандық орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесі, «Строй сервис» ЖШС өкілдері, табиғатқа жанашыр еріктілер белсенділік танытыпты. Бірлескен жұмыс арқасында биылғы «Шабақ құтқару-2023» акциясының алғашқы айындағы мәлімет бойынша 1 млн 654 мың балық шабағы суы тартылған танапта тұншықпай, айдында еркін жүзіп жүр.
– Шабақ құтқару бағытында жұмыс істемейтін шаруашылықтар жоқ емес. Тапсырылған есепке байланысты мұндай шаруашылықтарға ескерту беріледі. Егер оны елең қылмаса, шара қолданамыз. Бұл – барлық шаруа қожалықтары үшін ортақ талап. Кейінгі жылдары осы іске еріктілер де атсалысып жүр, – дейді Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы Ғабит Ермағамбетов.
Өз алдына жеке құрылым болып ашылғалы бері Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы техника мен жабдықтан тапшылық көріп отырған жоқ. Алда да жетілдіріле түседі деген үмітте. Бірақ браконьерлеріңіз де жыл сайын әдіс-айласын жетілдіріп, жымысқы әрекеттерін жандандыруға көшкен. Инспекторлар мен табиғатты қорғау полициясы мамандарының айтуынша, судағы тіршілік иелерін құртатын қырыпсал құралдың бірі – электрқармақ. Қолдан жасалған бұл құрылғы теңіздің ащы суына салынбайды. Түбі көрінбейтіндіктен аққан өзенге де салу тиімсіз. Сондықтан да браконьерлер көл бетін торуылдайды. Қуаты жоғары құрылғымен ұрғаннан кейін судағы микроорганизмдер де жойылып кетеді. Бұл көлдегі балық біткен азығынан айырылады деген сөз.
Бірақ бізде осы құрылғының орасан зиян келтіретіндігін, балықтың осының салдарынан өлгендігін анықтап бере алатын маман жоқ. Осыдан да ұсталған браконьерлердің сот алдына барғанда сүттен таза, судан ақ болып шығып жататын кезі көп. Электрқармақ тікелей түссе балықты сеспей қатырады. Жанамалай тигенннің өзінде уылдырық шашу қасиетінен айырылады. Енді осыны сот биологиялық сараптамада дәлелдеу қиын. Бізде сатуға тыйым салынған қытай ауы да айдындағы балықтың сиреп кетуіне себеп болып отыр.
– Қармақпен әр адамға 5 килоға дейін аулауға рұқсат бар. Бірақ соны місе тұтпай, қырып аулап, қапқа тоғытатындар көп. Тоқпен ұрып, майда көзді тормен сүзіп өткен айдында балық азаймай қайтеді? Бізде балықтың құны қымбат болғанмен, оны байлық ретінде бағалау кемшін болып отыр, дейді бөлім басшысы.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қызылорда облысында «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңiрлiк бағдарламасы» әзірленген. Бағдарламада 2030 жылға дейiн 16 шабақ шарyашылығы, 12 тоған шарyашылығы құрылып, 3 тұйық жүйелi сyмен қамтамасыз етy құрылғылары iске қосылып, көлде таyарлы балық өсiрy шарyашылықтарының санын 55-ке жеткiзy жоспарланып отыр.
Жалпы, балық шаруашылығы көршілес Түркістан облысында қарқынды дамып келеді. Бірақ қызылордалық кәсіпкерлер де құралақан емес. Инспекциядағылардың айтуынша қазір облыста 8 тоған шаруашылығы құрылған. Жергілікті азаматтар арасында африкалық жайын өсіріп, пайда тауып отырғандар бар. Су айдындарында шарбақты балық шаруашылығын дамытуға ден қойғандар да кездеседі. Өткен жылы облыстан 3575,7 тонна балық Ресей, Германия, Грузия, Литва, Польша, Нидерланд, Әзербайжан, Венгрия, Аустрия, Чехия, Франция, Қытай мемлекеттеріне экспортталған. Алда оның көлемін арттыру жоспарланып отыр. Ішкі саудада да балық бағасы бұрынғыдан жоғары. Сазанды килосы 1 500 теңгенің айналасында саудалайсыз, ақ амур мен дөңмаңдайдың да бағасы осы шамалас.
Жуырда өткен Арал өңірі балықшыларының VII слетінде теңіздегі балық қорын анықтап, нақты өсу динамикасын терең зерттеу қажеттігі сөз болды. Теңіз ауқымы 27 миллиард текше метрден 19 миллиардқа азайған. Бірақ балық аулау лимиті әлі бұрынғы күйінде тұр.
Шынымен де осы күні нәсібін теңізден айырған жұрттың назары түсіңкі. Себебі салған ауын майлайтын балық бұрынғыдан әлдеқайда азайып кеткен. Су маржанын сүзген жұрттың осы мәселесін слетте көтерген Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов түйткілді мәселенің көзге көрінбейтін тұстарын ашып айтты.
– Бүгінде заңсыз балық аулаудың дерегі көп. Осыған тосқауыл қою бағытында аудан аумағында белгіленген орындарында арнайы салмақ өлшейтін таразы мен бейне бақылау қондырғыларымен жарақталған бекет қою жұмыстарын қолға ала отырып, теңіз байлығын ұрлап жатқандардың алдын алу керек. Табиғат пайдаланушылар өз учаскелерінде балық аулаумен айналысатын барлық жеке тұлғалардың заң шеңберінде тіркелуіне назар аударғаны жөн. Ал теңізге түсер судың тапшылығын реттеу үшін 2005 жылға дейін жұмыс істеген «Арал су шаруашылығы» мекемесін қайта құруды ұсынамыз, – деді ол.
Кішкентай ғана шабақтан басталған әңгіменің соңы осындай соқталы мәселелерге әкеп соғады. Айтпақшы, жуырда «Браконьер – 2023» шарасы басталды. Облыстық полиция департаменті табиғат қорғау бөлімінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Жасұлан Жакияеевтің айтуынша, шара басталған 8 күннің ішінде 17 әкімшілік, 1 қылмыстық іс қозғалған. Жалпы, жыл басынан бері табиғатты қорғау талаптарын бұзғандарға 33 қылмыстық іс қозғалып, 497 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
– Жақында ғана 109 кило балықты заңсыз аулаған азаматты ұстадық. Одан сәл бұрын жарты тоннасын артып алғандар ұсталған. Бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай жұмыссыздығын, бала-шағасын осы арқылы асырап отырғанын сөз етеді. Әйтеуір, қынадай қырылған жәндіктің обалын ойлайтындар аз. Бір күндігін ойлағандар көбейген сайын балық қоры азайып бара жатыр, дейді полиция подполковнигі.
Құны қымбат болғанмен бағасы кем балықтың жайы осындай. Оны қорғауды бүгін күшейтпесек, күні ертең балық орнына балдыр аулап қалуымыз әбден мүмкін.
Қызылорда