Фото: Алматы қаласының әкімдігі
Айта кетейік, бірыңғай видеомониторинг жүйесінің жобасы 2022 жылы іске қосылды және бүгінде жүйе 45 мың қалалық камераны біріктіреді. Келесі жылдың соңына қарай олардың саны 70 мыңға дейін өседі.
Осы жүйенің арқасында өткен жылы ауыр қылмыс жасады деп күдіктелген, сондай-ақ іздеуде жүрген ондаған адам табылып, ұсталды. Жүйе іздеуде жүрген адамдар туралы 13 мыңнан астам жазбадан тұратын құқық қорғау органдарының деректер базасымен біріктірілген.
«Жүйе іздеуде жүрген адамды анықтаған кезде жағдай орталығы мен полиция бөлімшелеріне нақты координаттарды жіберу арқылы бірден хабарлайды. Бұл әрекет ету уақытын едәуір қысқартады және полиция жұмысының тиімділігін арттырады», деді Алматы қаласының цифрландыру басқармасы.
Сондай-ақ, жасанды интеллект алгоритмдері: адамдар тобын анықтауға және олардың мінез-құлқын талдауға, күдікті заттарды анықтауға, қоғамдық орындардағы қару-жарақ үлгілерін тануға, адамдарды/көліктерді кескін немесе фотосурет бойынша іздеуге, жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркеуге, от пен түтінді анықтауға мүмкіндік береді.
Қолжеткендермен тоқтап қалмай, қалада жергілікті қызметтердің жұмысын жақсартатын видеосараптаманың жаңа түрлері сыналып, енгізіліп жатыр: қоқыс жиналатын орындарды, толып жатқан урналар мен контейнерлерді, қаңғыбас жануарларды анықтау, қоғамдық көліктердегі видео ағындарын зерттеу, қатты дыбыстарды тіркеуге арналған аудиосараптаманы қолдану.
«Бүгінгі таңда «Кешенді қауіпсіздік жүйесі» жобасымен 400-ден астам мемлекеттік мектептер мен балабақшалар қамтылған, олардың барлығы цифрлық видеобақылау камераларымен, видеодомофондармен, бетті тану функциясы бар турникеттермен, дабыл түймелерімен және қалалық шұғыл әрекет ету қызметтеріне қосылған өрт дабылы датчиктерімен жабдықталған», делінген хабарламада.
Қазір жеке білім беру мекемелерін видеокамералар жүйесіне белсенді қосу жүріп жатыр. Биылғы жылдың соңына дейін барлық мемлекеттік медициналық мекемелерде осындай қауіпсіздік жүйесін енгізу жоспарланған.