Қоғам • 18 Қазан, 2023

Тоз-тозы шыққан тағдырлар

6883 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жайлы үй, жылы төсекте алаңсыз жатып, ымырт түссе, әр бұрыш­ты сағалап пана іздеген қараусыз жанның кезбе ғұмыры туралы бір сәт ойланып көрдіңіз бе? Қоғамда сан қилы себеппен мұндай мүшкіл күйге түскендер аз емес. Бірі ерік-жігерін ішімдік пен есірткіге тәуелді етсе, бірі – туыс­тан таяныш таппай, ет жақындары теріс айналған тағдырлар.

Тоз-тозы шыққан тағдырлар

Суретті түсірген – Юрий Беккер

Миллиондар тоғысқан мегаполисте бұл санатқа жататын 300-ден астам, тіпті одан да көп адам өмір сүріп жатыр. «Дегенмен белгілі бір тұрағы жоқ адамдардың санын дәл анықтау мүмкін емес», дейді мамандар. Олардың дені қала билігінің қарамағындағы «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығынан сая тапқан. 2000 жылы іргетасы қаланған мекеме – жылына жүздеген мұқтажға жылу сыйлап, жан-жақты қолдау көрсететін жалғыз орталық.

Биыл жыл басынан қазан айына дейін мұнда кезең-кезеңімен 598 азаматқа көмек көрсетілген. 180 адамға шақталған орталықты үй-күйсіз жандар мен түрмеден босап шығып, барар жер, басар тауы қалмағандар паналайды. Олар орталық қызметін бірнеше айдан бір жылға дейін пайдалана алады. Әлеуметтік бейімдеу мекемесі осы уақыт аралығында дәрігерлік көмектен бастап, құжаттарын қалыпқа келтіру, жұмысқа орналастыру, жақындарын іздестіру, мүгедектік пен зейнеткерлік жәрдемақыларын ресімдеу, шетелдіктерді еліне қайтару сынды бірнеше бағыт бойынша келушілерге кешенді көмек көрсетумен айналысып келеді.

«Бізге келетіндердің тағдыры сан алуан. Тіпті кейбір адамдардың туу туралы куәлігі де жоқ. Енді бірі араққа салынып, өмірден баз кешкен. Кезбе өмірге еті үйренгендердің кейбірі орталыққа тек түнелту үшін ғана келіп кетеді. Мекемеде ондай азаматтарға арналған қосымша 50 төсектік орын бар. Білікті мамандар мұндағылардың жай-күйін ескеріп, оларды қалыпты өмірге қайта бейімдеуге күш салады. Төрт уақыт тамақ береді. Ашылған уақыттан бері орталық мыңдаған адамның жақсы арнаға бұрылуына септігін тигізді. Бірер жыл бұрын мекеме ғимаратының тарлығы мен орналасу қолайсыздығы туралы мәселе көтеріліп, былтыр әкімдіктің қолдауымен жаңа нысанның құрылыс жұмыстары басталған еді. Осылайша, Алатау ауданының «Томирис» шағын ауданынан 3 800 шаршы метрлік жаңа ғимарат бой көтерді. Бірер айда пайдалануға беріледі деп күтіп отырмыз», дейді «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Болат Диханбайұлы.

Мұнда біреулер өз бетімен, енді біреулер еріктілердің нұсқауымен келеді. Ал кейбір азаматтарды мекемеге полиция әкеліп тапсырады. Орталық басшысы атап өткендей, күз бен қыс айларында тек түнелтіп кету үшін келіп тұратындар да жетерлік.

Көрінгенге көз сатып, көше кезуді кім армандайды дейсіз? Мұндай күйге түскен­дердің ішінде жақындарын жоғалтып немесе барынан айырылып, түрлі сынаққа сынып кеткендер көп. Қайыр сұрап, көше кезгендерді қаланың қай бұрышынан да кездестіресіз. «Көк базар» маңынан өтіп бара жатып солардың бірін әңгімеге тартуға тырыстық. Орысша-қазақшаны араластыра сөйлейтін 50-лер шамасындағы ер адам бастапқыда салқындық танытқанымен, жөнімізді айтқаннан кейін өз өмірі туралы қысқаша баяндап берді.

«Отбасым да, үйім де болды. Кейін түрмеге түстім. Шыққан соң кішкене іштік енді. Үйімізден айырылдық, әйелім кетіп қалды. Қалада жалғыз әпкем тұрады. Өз отбасы бар. Оған да бара бермейсің. Қысқасы, ешкімге керек емеспін», деп күрсінген оны арақ жеңіп кеткенін аңғардық. «Емделуге тырысып көрдіңіз бе?» деген сауалымызға «Бәрібір ешқандай нәтиже болмайды», деп қолын сілтеп кете барды.

Әлеуметтанушы Бекзат Нұрметов қала көшелерінде күнелткен қаңғы­бас­тардың құжатын түгендеп, қатар­ға қосуға кейбір мемлекеттік мекемелер тарапынан аса ықылас жоқ еке­нін айтады. «Олардың құжаты болма­ған­дықтан, еш жерге жұмысқа қабыл­данбайды. Ал кейбірінің қолда­рын­да құжаты болмаса да, айып­пұлдары аз емес. «Белгілі тұрағы жоқ адамдардың арасында шаш етек­тен қарызға батып, осындай күйге түскендер де бар», дейді әлеумет­танушы.

Айтпақшы, «Пана» әлеуметтік бейімдеу ұжымын көптен бері алаңдатып жүрген бір мәселе бар. 2019 жылға дейін мұнда арнайы полиция бекеті жұмыс істеп, мекеменің тәртібін қадағалауға септігін тигізген. Алайда полиция департаменті мұнда тәртіп сақшыларының қажеті жоқ деген желеумен жұмысын тоқтатқан. «Орталық қызметін пайдала­нушылардың 40 пайызы түзеу мекемесінен шыққандар екенін ескерсек, полицияның қадағалауы бұл мекеме үшін ауадай қажет», дейді мекеме қызметкерлері. Себебі орталық тұрғындарының арасында жанжал, төбелес секілді кикілжіңдер жиі болып жататын көрінеді. Осы ретте жауапты орындар орталық аумағындағы полиция бөлімшесін қайта іске қосса деген тілектерін жеткізді.

Қалада біз айтып отырған санат­тағы адам­дардың қатысуымен бірді-екілі қылмыс­тық жағдайлар да болмай тұрмайды. Айталық, осы жылдың сәуір айында «Әйгерім» шағын ауданының тұрғындары «бейіт басы қаңғыбастар мекеніне айналды» деп дүрліккен еді. Тұрғындар талабы да орын­ды. Олар тұр­ғын үй аумағына жақын орна­ласқан мазар­лар­да ішімдік ішіп, ұйқы қандыратындар қабір­ге қойылған белгілерді жұ­лып, темір-терсек қабылдайтын орынға өткізді деп қапалан­ған. Дабыл қаққан тұрғын­дар мен мешіт қызмет­керлері қорым­ды айрықша бақылауға алғаннан кейін мұндай жүгенсіздіктің жолы кесілген.

Қала әкімінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, 2022 жылы әлеуметтік бейімдеу орталы­ғына 931 азамат жүгінген. Оның 170-і түрмеден босап шыққандар. 57 адамның жеке басын куәландыратын құжат­тары қалпына келтірілсе, 27 адам отбасымен қайта қауышып, қалыпты өмір­ге қадам басыпты. Орталық мамандары 12 азаматқа жасына байланысты зейнет­ақы ресімдеуге, 5 адамға мүгедектік туралы куәлік алуға, тағы төрт адам­ның туу ту­ралы куәлігін қалпына келтіруге атса­лыс­қан. Сондай-ақ Өзбекстан, Ресей, Әзербай­жанның алты азаматы өз еліне қайтарылған.

Психолог Дина Хасенова тірші­лік­ті тәрк етіп, аянышты халге түскендерді психоло­гиялық тұрғы­дан емдеу бәрінен де маңызды деп есептейді. Сарапшының айтуынша, олардың көбі – он екі мүшесі сау, еңбекке қабілетті жандар. Тіпті араларында жоғары оқу орнын аяқтаған мықты маман­дар да бар. «Қоғам ондай азаматтарды кері итермей, керісінше қатарға қосуға күш салуы қажет. Мұнымен тек жауап­ты орын­дар емес, қоғамның әрбір мүшесі айна­лысуға тиіс деп санаймын. Олар­дың арасын­да құмар ойынға құрбан болғандар, ішкілікке салынғандар, түрмеден жүйке жүйесі бұзылып келгендер, кейде тіпті отбасындағы қарапайым мәселелерге шыдамай өзін тастап жібергендер бар. Дұрыс бағыт көрсетіп, кешенді сауықтыру, моральдық және заң­дық тұрғыдан көмек көрсету көп жағдайда нәтижесін береді. Күдер үзген жақындарымен байланысып, олар­ды да бұл жұмыстарға тар­ту маңызды. Себебі психология­да ж­ақын туыс­тардан ажырау, олар­­дың сенімін жоғалту адамды ауыр күй­зеліске әкеледі», дейді Д.Хасенова.

 

Алматы