Суретті түсірген – Юрий Беккер
Миллиондар тоғысқан мегаполисте бұл санатқа жататын 300-ден астам, тіпті одан да көп адам өмір сүріп жатыр. «Дегенмен белгілі бір тұрағы жоқ адамдардың санын дәл анықтау мүмкін емес», дейді мамандар. Олардың дені қала билігінің қарамағындағы «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығынан сая тапқан. 2000 жылы іргетасы қаланған мекеме – жылына жүздеген мұқтажға жылу сыйлап, жан-жақты қолдау көрсететін жалғыз орталық.
Биыл жыл басынан қазан айына дейін мұнда кезең-кезеңімен 598 азаматқа көмек көрсетілген. 180 адамға шақталған орталықты үй-күйсіз жандар мен түрмеден босап шығып, барар жер, басар тауы қалмағандар паналайды. Олар орталық қызметін бірнеше айдан бір жылға дейін пайдалана алады. Әлеуметтік бейімдеу мекемесі осы уақыт аралығында дәрігерлік көмектен бастап, құжаттарын қалыпқа келтіру, жұмысқа орналастыру, жақындарын іздестіру, мүгедектік пен зейнеткерлік жәрдемақыларын ресімдеу, шетелдіктерді еліне қайтару сынды бірнеше бағыт бойынша келушілерге кешенді көмек көрсетумен айналысып келеді.
«Бізге келетіндердің тағдыры сан алуан. Тіпті кейбір адамдардың туу туралы куәлігі де жоқ. Енді бірі араққа салынып, өмірден баз кешкен. Кезбе өмірге еті үйренгендердің кейбірі орталыққа тек түнелту үшін ғана келіп кетеді. Мекемеде ондай азаматтарға арналған қосымша 50 төсектік орын бар. Білікті мамандар мұндағылардың жай-күйін ескеріп, оларды қалыпты өмірге қайта бейімдеуге күш салады. Төрт уақыт тамақ береді. Ашылған уақыттан бері орталық мыңдаған адамның жақсы арнаға бұрылуына септігін тигізді. Бірер жыл бұрын мекеме ғимаратының тарлығы мен орналасу қолайсыздығы туралы мәселе көтеріліп, былтыр әкімдіктің қолдауымен жаңа нысанның құрылыс жұмыстары басталған еді. Осылайша, Алатау ауданының «Томирис» шағын ауданынан 3 800 шаршы метрлік жаңа ғимарат бой көтерді. Бірер айда пайдалануға беріледі деп күтіп отырмыз», дейді «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Болат Диханбайұлы.
Мұнда біреулер өз бетімен, енді біреулер еріктілердің нұсқауымен келеді. Ал кейбір азаматтарды мекемеге полиция әкеліп тапсырады. Орталық басшысы атап өткендей, күз бен қыс айларында тек түнелтіп кету үшін келіп тұратындар да жетерлік.
Көрінгенге көз сатып, көше кезуді кім армандайды дейсіз? Мұндай күйге түскендердің ішінде жақындарын жоғалтып немесе барынан айырылып, түрлі сынаққа сынып кеткендер көп. Қайыр сұрап, көше кезгендерді қаланың қай бұрышынан да кездестіресіз. «Көк базар» маңынан өтіп бара жатып солардың бірін әңгімеге тартуға тырыстық. Орысша-қазақшаны араластыра сөйлейтін 50-лер шамасындағы ер адам бастапқыда салқындық танытқанымен, жөнімізді айтқаннан кейін өз өмірі туралы қысқаша баяндап берді.
«Отбасым да, үйім де болды. Кейін түрмеге түстім. Шыққан соң кішкене іштік енді. Үйімізден айырылдық, әйелім кетіп қалды. Қалада жалғыз әпкем тұрады. Өз отбасы бар. Оған да бара бермейсің. Қысқасы, ешкімге керек емеспін», деп күрсінген оны арақ жеңіп кеткенін аңғардық. «Емделуге тырысып көрдіңіз бе?» деген сауалымызға «Бәрібір ешқандай нәтиже болмайды», деп қолын сілтеп кете барды.
Әлеуметтанушы Бекзат Нұрметов қала көшелерінде күнелткен қаңғыбастардың құжатын түгендеп, қатарға қосуға кейбір мемлекеттік мекемелер тарапынан аса ықылас жоқ екенін айтады. «Олардың құжаты болмағандықтан, еш жерге жұмысқа қабылданбайды. Ал кейбірінің қолдарында құжаты болмаса да, айыппұлдары аз емес. «Белгілі тұрағы жоқ адамдардың арасында шаш етектен қарызға батып, осындай күйге түскендер де бар», дейді әлеуметтанушы.
Айтпақшы, «Пана» әлеуметтік бейімдеу ұжымын көптен бері алаңдатып жүрген бір мәселе бар. 2019 жылға дейін мұнда арнайы полиция бекеті жұмыс істеп, мекеменің тәртібін қадағалауға септігін тигізген. Алайда полиция департаменті мұнда тәртіп сақшыларының қажеті жоқ деген желеумен жұмысын тоқтатқан. «Орталық қызметін пайдаланушылардың 40 пайызы түзеу мекемесінен шыққандар екенін ескерсек, полицияның қадағалауы бұл мекеме үшін ауадай қажет», дейді мекеме қызметкерлері. Себебі орталық тұрғындарының арасында жанжал, төбелес секілді кикілжіңдер жиі болып жататын көрінеді. Осы ретте жауапты орындар орталық аумағындағы полиция бөлімшесін қайта іске қосса деген тілектерін жеткізді.
Қалада біз айтып отырған санаттағы адамдардың қатысуымен бірді-екілі қылмыстық жағдайлар да болмай тұрмайды. Айталық, осы жылдың сәуір айында «Әйгерім» шағын ауданының тұрғындары «бейіт басы қаңғыбастар мекеніне айналды» деп дүрліккен еді. Тұрғындар талабы да орынды. Олар тұрғын үй аумағына жақын орналасқан мазарларда ішімдік ішіп, ұйқы қандыратындар қабірге қойылған белгілерді жұлып, темір-терсек қабылдайтын орынға өткізді деп қапаланған. Дабыл қаққан тұрғындар мен мешіт қызметкерлері қорымды айрықша бақылауға алғаннан кейін мұндай жүгенсіздіктің жолы кесілген.
Қала әкімінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, 2022 жылы әлеуметтік бейімдеу орталығына 931 азамат жүгінген. Оның 170-і түрмеден босап шыққандар. 57 адамның жеке басын куәландыратын құжаттары қалпына келтірілсе, 27 адам отбасымен қайта қауышып, қалыпты өмірге қадам басыпты. Орталық мамандары 12 азаматқа жасына байланысты зейнетақы ресімдеуге, 5 адамға мүгедектік туралы куәлік алуға, тағы төрт адамның туу туралы куәлігін қалпына келтіруге атсалысқан. Сондай-ақ Өзбекстан, Ресей, Әзербайжанның алты азаматы өз еліне қайтарылған.
Психолог Дина Хасенова тіршілікті тәрк етіп, аянышты халге түскендерді психологиялық тұрғыдан емдеу бәрінен де маңызды деп есептейді. Сарапшының айтуынша, олардың көбі – он екі мүшесі сау, еңбекке қабілетті жандар. Тіпті араларында жоғары оқу орнын аяқтаған мықты мамандар да бар. «Қоғам ондай азаматтарды кері итермей, керісінше қатарға қосуға күш салуы қажет. Мұнымен тек жауапты орындар емес, қоғамның әрбір мүшесі айналысуға тиіс деп санаймын. Олардың арасында құмар ойынға құрбан болғандар, ішкілікке салынғандар, түрмеден жүйке жүйесі бұзылып келгендер, кейде тіпті отбасындағы қарапайым мәселелерге шыдамай өзін тастап жібергендер бар. Дұрыс бағыт көрсетіп, кешенді сауықтыру, моральдық және заңдық тұрғыдан көмек көрсету көп жағдайда нәтижесін береді. Күдер үзген жақындарымен байланысып, оларды да бұл жұмыстарға тарту маңызды. Себебі психологияда жақын туыстардан ажырау, олардың сенімін жоғалту адамды ауыр күйзеліске әкеледі», дейді Д.Хасенова.
Алматы