Спорт • 24 Қазан, 2023

Орда бұзған оғландар

162 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Егемендік декларациясы бекітіліп, еліміз азаттықтың алғашқы қадамдарын жасаған тоқсаныншы жылдары дүниеге келген азаматтардың бұл күндері буыны қатайып, әр салада еліміздің дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Бүгін біз спорт саласында егемендікпен бірге есейіп, осы уақыт аралығында әлемдік додаларда ерекше өнерімен дараланып, еліміздің даңқын шығарып жүрген саңлақтар туралы сөз қозғамақпыз.

Орда бұзған оғландар

- Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданған жылы дүние есігін ашқандардың бірі – теңбілдоп өнеріне қазақ ба­ласының да таласы бар екенін дә­лел­деп жүрген футболшы Асхат Та­ғыберген. 1990 жылдың тамызында Қызылорда облы­сында дүниеге келген бала Асхатты әкесі қолынан жетектеп, фут­бол үйірмесіне әкелді. Футболдың қыр-сырын мең­гере бастаған кейіпкеріміз бірден жат­тық­тырушылардың көзіне түсіп, жастығына қарамастан өзінен жасы үлкен топтың балаларымен бірге еліші­лік ірі додаларда доп тепті. Алғыр футболшы дара талантымен 2008 жылдан бастап жергілікті «Қай­сар» клубының негізгі құрамына алынып, сол уақыттан бері еліміздің кәсіп­қой командаларында доп теуіп келеді. Әр жылдары «Қайсар», «Ақ­төбе», «Астана», «Тобыл», «Ор­да­басы» командаларында ойнап, Қа­зақстанның бес дүркін чемпионы атағын жеңіп алды.

«Ақтөбе» командасында тәуір ойыны­мен көзге түскен А.Тағыберген 2014 жылдан бастап еліміздің ұлт­тық құрамасына шақырту алды. Алаң­­ның жартылай қорғанысына жа­уап беретін кейіпкеріміз бұл күн­­дері «Ордабасының» да, ұлттық құраманың да нағыз көшбасшысына айналып, капитандық міндетті де атқарып жүр. Жасыл алаң жиегінде жоспарланатын тактикаға бас бапкер жауап­ты болса, сол тактиканың алаңда жүзеге асуы капитанға байланысты. Сондықтан да капитандық міндеттің жүгі ауыр. Асхат – алаңда өте мінезді ойыншы. Ұлттық құра­ма­дағы жас футболшылар Тағыбер­ген­ді тыңдап, соған қарап бой тү­зейді.

Айып добын өте шебер орындайтын Асхаттың алаңдағы мінде­ті ойынды үйлестіру болса да, қа­зіргі таңда еліміздегі ең үздік сұр­мерген футболшының бірі. Биыл «Орда­басы» сапында 11 мәрте мер­ген­дігімен көзге түсті. Бұл көр­сеткішпен Асхат сұрмергендер ті­зімінде қазір екінші орында тұр. Оның наурыз айында Еуро-2024 кезеңінде Дания қақпасына соққан голына тек қазақ жұрты емес, бүкіл әлем жан­күйерлері де куә бол­ды. Жуырда отандасымыздың сол голы жылдың үздік голына берілетін «Пушкаш» сыйлығына үміт­керлердің қатарынан табылып, ел мерейін тағы бір мәрте үстем етті.

Күні кеше Асхат Тағыберген Республика күні қарсаңында Прези­дент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

- Кейінгі жылдары елімізде футболмен қатар шағын футбол да (футзал) қарқынды дамып келе жат­қаны белгілі. Қазақстан құрама­сы­ның ойыншылары тұрақты түрде Еуропа, әлем чемпионатта­рына қа­тысып жүр. 2016 жылы Сер­бия­­ның бас шаһары Белградта өткен Еуропа біріншілігінде тарихи нә­тижені тіркеп, алғаш рет қарт құр­лықтың қола жүлдесін мойнында жарқыратты. Сонымен қатар 2021 жылы Литваның Вильнюс, Каунас, Клайпеда қалаларында алауы тұтанған әлем чемпионатында жерлестеріміз жасындай жарқылдап, алғаш рет әлемдегі ең үздік төрт құраманың қатарынан табылды. Ел футзалшыларының осындай тарихи жетістікке қол жеткізуіне үлес қосқандардың бірі Дәурен Нұр­ғожин де – 1990 жылы туған дарынды футзалшының бірі.

Қарағанды футзал мектебінің түлегі 2007 жылдан биылға дейін бірнеше жыл Қарағандының «Тұл­пары», Алматының «Қайраты» сапында және Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетіп, жуырда ғана мансабын аяқтады. Алдымен «Тұлпар-Икар», сосын «Тұлпар» сапында ойнаған Д.Нұрғожин Қа­ра­ғанды командасымен бірге алты мәрте ел біріншілігінің күміс жүлдегері атанып, бір рет қола жүлдеге ие болды. Екі рет Қазақстан кубогінде топ жарды. Сонымен қатар ел суперкубогінде де жеңіске жет­кен. Кейіннен 2015 жылы Ал­матының «Қайратына» ауысып, бірталай бе­лесті бағындырды. Алма­тылық ұжым­мен бірге ел бірін­шілігінде сегіз мәр­те үздік шы­ғып, кубок бәсекесінде де сегіз мәрте бас жүлдені жеңіп алды. Со­нымен қатар үш рет «Еременко кубогін» басынан асыра көтерді. «Қайрат» клубында ол 193 матчқа қатысып, 36 мәрте мергендігімен көзге түсті. Ал ұлттық құрамада 75 матчта 18 голдың авторы атанды. Биылдан бастап Д.Нұрғожин ұлттық құра­маның жаттықтырушылар шта­бына қосылып, соңынан ерген жастарға білгенін үйретіп, ақыл-кеңесін айтып жүр.

- 1990 жылы дүниеге келген тағы бір кейіпкеріміз – талантты боксшы, кейінгі жастарға үлгі болатын спортшы – Ілияс Сүлейменов. Үндемей жүріп үлкен істерді тындырған отандасымыз бокс қолғабын 2002 жылы киіп, бүгінге дейін бағындырған белесі бір төбе. Халықаралық спорт шебері деген атағы бар отандасымыз – 56 кг салмақта екі дүркін ел біріншілігінің жеңімпазы. 2011 жылы Кореяның Инчхон қаласында алауы тұтанған Азия чем­пионатының күміс жүлдесін иеленсе, арада үш жыл өткенде дәл сол Инчхон қала­сындағы Азия ойындарында жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен қатар боксшымыз 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында да бақ сынау құрметіне ие болды. Алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізгенімен, өкі­нішке қарай, екінші айналымда 2011 жылғы Еуропа чемпионы, Баку­дегі әлем біріншілігінің күміс жүл­дегері британиялық Эндрю Селбиден жеңі­ліп, жарысты ерте аяқтауға мәж­бүр болды.

P.S. Жоғарыда сөз еткен спортшыларымыз – егемендікпен бірге есейгендердің бір парасы ғана. Әйт­песе, елімізде тоқсаныншы жылы туған таланатты саңлақтар жетіп артылады. 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024