- Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданған жылы дүние есігін ашқандардың бірі – теңбілдоп өнеріне қазақ баласының да таласы бар екенін дәлелдеп жүрген футболшы Асхат Тағыберген. 1990 жылдың тамызында Қызылорда облысында дүниеге келген бала Асхатты әкесі қолынан жетектеп, футбол үйірмесіне әкелді. Футболдың қыр-сырын меңгере бастаған кейіпкеріміз бірден жаттықтырушылардың көзіне түсіп, жастығына қарамастан өзінен жасы үлкен топтың балаларымен бірге елішілік ірі додаларда доп тепті. Алғыр футболшы дара талантымен 2008 жылдан бастап жергілікті «Қайсар» клубының негізгі құрамына алынып, сол уақыттан бері еліміздің кәсіпқой командаларында доп теуіп келеді. Әр жылдары «Қайсар», «Ақтөбе», «Астана», «Тобыл», «Ордабасы» командаларында ойнап, Қазақстанның бес дүркін чемпионы атағын жеңіп алды.
«Ақтөбе» командасында тәуір ойынымен көзге түскен А.Тағыберген 2014 жылдан бастап еліміздің ұлттық құрамасына шақырту алды. Алаңның жартылай қорғанысына жауап беретін кейіпкеріміз бұл күндері «Ордабасының» да, ұлттық құраманың да нағыз көшбасшысына айналып, капитандық міндетті де атқарып жүр. Жасыл алаң жиегінде жоспарланатын тактикаға бас бапкер жауапты болса, сол тактиканың алаңда жүзеге асуы капитанға байланысты. Сондықтан да капитандық міндеттің жүгі ауыр. Асхат – алаңда өте мінезді ойыншы. Ұлттық құрамадағы жас футболшылар Тағыбергенді тыңдап, соған қарап бой түзейді.
Айып добын өте шебер орындайтын Асхаттың алаңдағы міндеті ойынды үйлестіру болса да, қазіргі таңда еліміздегі ең үздік сұрмерген футболшының бірі. Биыл «Ордабасы» сапында 11 мәрте мергендігімен көзге түсті. Бұл көрсеткішпен Асхат сұрмергендер тізімінде қазір екінші орында тұр. Оның наурыз айында Еуро-2024 кезеңінде Дания қақпасына соққан голына тек қазақ жұрты емес, бүкіл әлем жанкүйерлері де куә болды. Жуырда отандасымыздың сол голы жылдың үздік голына берілетін «Пушкаш» сыйлығына үміткерлердің қатарынан табылып, ел мерейін тағы бір мәрте үстем етті.
Күні кеше Асхат Тағыберген Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
- Кейінгі жылдары елімізде футболмен қатар шағын футбол да (футзал) қарқынды дамып келе жатқаны белгілі. Қазақстан құрамасының ойыншылары тұрақты түрде Еуропа, әлем чемпионаттарына қатысып жүр. 2016 жылы Сербияның бас шаһары Белградта өткен Еуропа біріншілігінде тарихи нәтижені тіркеп, алғаш рет қарт құрлықтың қола жүлдесін мойнында жарқыратты. Сонымен қатар 2021 жылы Литваның Вильнюс, Каунас, Клайпеда қалаларында алауы тұтанған әлем чемпионатында жерлестеріміз жасындай жарқылдап, алғаш рет әлемдегі ең үздік төрт құраманың қатарынан табылды. Ел футзалшыларының осындай тарихи жетістікке қол жеткізуіне үлес қосқандардың бірі Дәурен Нұрғожин де – 1990 жылы туған дарынды футзалшының бірі.
Қарағанды футзал мектебінің түлегі 2007 жылдан биылға дейін бірнеше жыл Қарағандының «Тұлпары», Алматының «Қайраты» сапында және Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетіп, жуырда ғана мансабын аяқтады. Алдымен «Тұлпар-Икар», сосын «Тұлпар» сапында ойнаған Д.Нұрғожин Қарағанды командасымен бірге алты мәрте ел біріншілігінің күміс жүлдегері атанып, бір рет қола жүлдеге ие болды. Екі рет Қазақстан кубогінде топ жарды. Сонымен қатар ел суперкубогінде де жеңіске жеткен. Кейіннен 2015 жылы Алматының «Қайратына» ауысып, бірталай белесті бағындырды. Алматылық ұжыммен бірге ел біріншілігінде сегіз мәрте үздік шығып, кубок бәсекесінде де сегіз мәрте бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар үш рет «Еременко кубогін» басынан асыра көтерді. «Қайрат» клубында ол 193 матчқа қатысып, 36 мәрте мергендігімен көзге түсті. Ал ұлттық құрамада 75 матчта 18 голдың авторы атанды. Биылдан бастап Д.Нұрғожин ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабына қосылып, соңынан ерген жастарға білгенін үйретіп, ақыл-кеңесін айтып жүр.
- 1990 жылы дүниеге келген тағы бір кейіпкеріміз – талантты боксшы, кейінгі жастарға үлгі болатын спортшы – Ілияс Сүлейменов. Үндемей жүріп үлкен істерді тындырған отандасымыз бокс қолғабын 2002 жылы киіп, бүгінге дейін бағындырған белесі бір төбе. Халықаралық спорт шебері деген атағы бар отандасымыз – 56 кг салмақта екі дүркін ел біріншілігінің жеңімпазы. 2011 жылы Кореяның Инчхон қаласында алауы тұтанған Азия чемпионатының күміс жүлдесін иеленсе, арада үш жыл өткенде дәл сол Инчхон қаласындағы Азия ойындарында жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен қатар боксшымыз 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында да бақ сынау құрметіне ие болды. Алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізгенімен, өкінішке қарай, екінші айналымда 2011 жылғы Еуропа чемпионы, Бакудегі әлем біріншілігінің күміс жүлдегері британиялық Эндрю Селбиден жеңіліп, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды.
P.S. Жоғарыда сөз еткен спортшыларымыз – егемендікпен бірге есейгендердің бір парасы ғана. Әйтпесе, елімізде тоқсаныншы жылы туған таланатты саңлақтар жетіп артылады.