Ауыл • 24 Қазан, 2023

Ер табысы елге ортақ

155 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шиелі кентінің іргесінде Нартай Бекежанов атын иеленген ауыл бар. Биыл іргесі қалан­ғанына 95 жыл толған мекеннен ел қиындық тартқан кешегі тоқсаныншы жылдары үдере көшкендер болмапты. Ауыл құрылғалы бері елге нәсіп болған егістік аясы тарылса да, сол кезеңде күрежол бойындағы байырғы жұрттың бірлігі мысқалдай да кемімеген екен. Бұл табысын елге ортақ қылған азаматтардың да арқасы еді.

Ер табысы елге ортақ

Осы ауылда екі мыңыншы жылдары «Халық» атты фермерлік қожалық құ­рылды. Кезіндегі кеңшардан бұ­лар­­ға тигені 2 «Беларусь» тракторы мен 2 «Енисей» комбайны еді. Қожа­лық­қа біріккен 42 түтіннің адамдары­ тозығы жеткен осы техниканы қол­да­ бармен жамап-жасқап егіске шы­ғар­ды. Сол жылы айтарлықтай өнім алып, қатарға қосылып сала берді.

– Қазір қолда бар техниканың са­ны 20-дан асады. Өнімділігі жо­ға­ры Маг­дон, Джон Дир секілді заманауи­ түр­ле­рін алатын жағдайға жеттік. Осы­ның бәрі елдің бірлігінің арқасы, – дей­ді қо­жа­лық басшысы Халықберді Мы­ханов.

Қазір 600-ге жуық түтіні бар ауыл­дың 80 пайызы осы шаруа­шы­лыққа біріккен. Шаруа­шы­лық тө­р­аға­сы жылдағы пай үлесінен бө­лек ауыл ақсақалдарына қосымша жемшөп жеткізіп, әлеуметтік демеу күте­тін отбасыларға қолдау көрсетіп отырады. Ауылдан бөлек, аудан орта­лы­ғындағы қайырымдылық шарала­ры­нан сырт қалып көрген кезі жоқ. Біз шаруа­шы­лық төрағасының талайларға демеу болып, тіршілік көшіне ілесіп кетуіне сеп болғанын ауыл әкімі мен оны көп жыл­дардан бері білетіндерден есті­дік. «Оң қолыңның бергенін сол қо­лың көр­месін» дегенді ұстанатын аза­мат біз­бен бұл тақырыпта сараң әңгі­ме­ле­сіп, сирек мәліметпен шектел­ген еді.

– Ауылда мүмкіндігі шектеулі 22 бала бар. Солардың жаңа жыл қар­са­ңын­да­ғы сый-сыяпатын осы аға­мыз жылда ешкім міндеттемей-ақ таратып шығады. Қосымша тап­сы­ра­тын азық-түлігі және бар. Жуыр­да ауылдың орталық көшесін қор­шау­лап берді. Тіпті кейде сырттан келіп, көмек сұрайтындар кездеседі. Шар­ш­а­п келген адамды демеп, ширатып жі­бе­ретін шаруа адамы олардың да көңілін жыққан емес. Науқан қоры­тын­дысымен жыл сайын үздік шық­қан­дарға көлік мінгізіп, үй сатып алып беріп жатыр, – дейді Керделі ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Ыханов.

Жалпы, ауылға инвестор болу оңай емес. Қазір тіршілігі түзеліп қалған ауылдардың көпшілігі кезін­де­ талай өткелектен өтті. Тіпті жа­рыл­қаймыз деп келіп, ауылдың бар жерін банкке кепілге қойып, қал­та­сын толтырып та­йып тұрғандар да кездескені өтірік емес. Маңдай тері топыраққа сіңбеген осындай алаяқтарға жем болған жұрттың жан­ай­қайын талай мәрте естідік те.

– Өзі қиналып отырған жұрттың қал­­тасын қағып кеткен мұндай әре­кет­ті сырттан келгендер жасайды, – дейді шаруа­­шылық төрағасы. Туған жерге кін­­дігінен байланған жан мұндайға бар­­мақ емес. Жасы­ра­тыны жоқ, соңғы жыл­­дағы су тапшылығы табысымызға ай­­тар­­­­лықтай әсер етіп отыр. Сонда да біз осыған дейінгі жасап келген қол­дауды жалғастыра береміз. Алда әрта­рап­тандыруға ден қойып, осыған дейін егіп келген бидай мен жоңыш­қаны ұл­ғай­тып, күріш көле­мін­ сәл азайтуымыз да мүмкін. Бірақ ж­ұ­мыс­шы­ жағ­дайы, елдің тұрмысы бірінші орын­да тұрады. Өйткені қара жердің несі­бесі – елге ортақ, – дейді қожалық төр­­ағасы.

Осы күні ауылшаруашылық саласына баратын жастар қатары азайып­ барады. Бұл «Халық» фермерлік қожалығына да тән мәселе болып отыр. Құрылым басшылығы ауыл­ арасынан оқуға бейіл бала шық­са,­ қолдауға әзір. Дегенмен де әзірге талап­тылар табылмай тұр.

Қазір 2 мың гектар жері бар ша­руа­­­­шылықта 40 адам жұмыс істейді. Биыл­­ғы науқан да мәреге таяды, енді 2-3 күнде диқандардың ала жаз­дайғы бей­неті безбенге түседі. Ме­рейлі сәтте бір серпіліп қалатын елде­гілер көп ұза­май келер жылдың қамына қайта кірі­седі.

Өйткені ауылда тіршілік тоқта­май­­­ды.

 

Қызылорда