Осы ауылда екі мыңыншы жылдары «Халық» атты фермерлік қожалық құрылды. Кезіндегі кеңшардан бұларға тигені 2 «Беларусь» тракторы мен 2 «Енисей» комбайны еді. Қожалыққа біріккен 42 түтіннің адамдары тозығы жеткен осы техниканы қолда бармен жамап-жасқап егіске шығарды. Сол жылы айтарлықтай өнім алып, қатарға қосылып сала берді.
– Қазір қолда бар техниканың саны 20-дан асады. Өнімділігі жоғары Магдон, Джон Дир секілді заманауи түрлерін алатын жағдайға жеттік. Осының бәрі елдің бірлігінің арқасы, – дейді қожалық басшысы Халықберді Мыханов.
Қазір 600-ге жуық түтіні бар ауылдың 80 пайызы осы шаруашылыққа біріккен. Шаруашылық төрағасы жылдағы пай үлесінен бөлек ауыл ақсақалдарына қосымша жемшөп жеткізіп, әлеуметтік демеу күтетін отбасыларға қолдау көрсетіп отырады. Ауылдан бөлек, аудан орталығындағы қайырымдылық шараларынан сырт қалып көрген кезі жоқ. Біз шаруашылық төрағасының талайларға демеу болып, тіршілік көшіне ілесіп кетуіне сеп болғанын ауыл әкімі мен оны көп жылдардан бері білетіндерден естідік. «Оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесін» дегенді ұстанатын азамат бізбен бұл тақырыпта сараң әңгімелесіп, сирек мәліметпен шектелген еді.
– Ауылда мүмкіндігі шектеулі 22 бала бар. Солардың жаңа жыл қарсаңындағы сый-сыяпатын осы ағамыз жылда ешкім міндеттемей-ақ таратып шығады. Қосымша тапсыратын азық-түлігі және бар. Жуырда ауылдың орталық көшесін қоршаулап берді. Тіпті кейде сырттан келіп, көмек сұрайтындар кездеседі. Шаршап келген адамды демеп, ширатып жіберетін шаруа адамы олардың да көңілін жыққан емес. Науқан қорытындысымен жыл сайын үздік шыққандарға көлік мінгізіп, үй сатып алып беріп жатыр, – дейді Керделі ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Ыханов.
Жалпы, ауылға инвестор болу оңай емес. Қазір тіршілігі түзеліп қалған ауылдардың көпшілігі кезінде талай өткелектен өтті. Тіпті жарылқаймыз деп келіп, ауылдың бар жерін банкке кепілге қойып, қалтасын толтырып тайып тұрғандар да кездескені өтірік емес. Маңдай тері топыраққа сіңбеген осындай алаяқтарға жем болған жұрттың жанайқайын талай мәрте естідік те.
– Өзі қиналып отырған жұрттың қалтасын қағып кеткен мұндай әрекетті сырттан келгендер жасайды, – дейді шаруашылық төрағасы. Туған жерге кіндігінен байланған жан мұндайға бармақ емес. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдағы су тапшылығы табысымызға айтарлықтай әсер етіп отыр. Сонда да біз осыған дейінгі жасап келген қолдауды жалғастыра береміз. Алда әртараптандыруға ден қойып, осыған дейін егіп келген бидай мен жоңышқаны ұлғайтып, күріш көлемін сәл азайтуымыз да мүмкін. Бірақ жұмысшы жағдайы, елдің тұрмысы бірінші орында тұрады. Өйткені қара жердің несібесі – елге ортақ, – дейді қожалық төрағасы.
Осы күні ауылшаруашылық саласына баратын жастар қатары азайып барады. Бұл «Халық» фермерлік қожалығына да тән мәселе болып отыр. Құрылым басшылығы ауыл арасынан оқуға бейіл бала шықса, қолдауға әзір. Дегенмен де әзірге талаптылар табылмай тұр.
Қазір 2 мың гектар жері бар шаруашылықта 40 адам жұмыс істейді. Биылғы науқан да мәреге таяды, енді 2-3 күнде диқандардың ала жаздайғы бейнеті безбенге түседі. Мерейлі сәтте бір серпіліп қалатын елдегілер көп ұзамай келер жылдың қамына қайта кіріседі.
Өйткені ауылда тіршілік тоқтамайды.
Қызылорда