Қоғам • 30 Қазан, 2023

Газ тапшылығы неден туындады?

193 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейінгі апталарда Қызылорда облысында сұйытылған газ тапшылығы қатты байқалып отыр. Газ құю стансаларында кезекке тұрған көліктер көбейіп, газ баллондарын іздегендер қатары арта түсті.

Газ тапшылығы неден туындады?

Ал тиісті орындар өкілдері мұның бәрі «Қазгермұнай» компаниясының газ қондырғысындағы ақауға байланысты екенін айтады. Негізі облыстың бір айдағы лимиті – 7,5 мың тонна. Газ өңдеу зауыттарының мүмкіндігіне қарай оған қосымша тағы қосылып, әр айда облыс 8 мың тоннаға жуық сұйық газ тұтынады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов облысқа орта есеппен 5,5-6 мың тоннаға дейін газ беріп келген «Қазгермұнай» компаниясынан осы қазан айында 4 800 тонна ғана келгенін айтады.

– Газ жеткізу жоспары 529 тоннаға қысқарғандықтан біз министрлікке шығып, «СНПС Ақтөбемұнайгаз» компаниясынан қосымша 504 тонна бөлінуіне қол жеткіздік. Қазір осының 288 тоннасы тиелген 8 вагон бізге қарай жолға шықты, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Салыстыру үшін айта кетейік, былтыр қазан айында 7 590 тонна газ бөлін­ген екен. Биылғы көлем одан 1 300 тоннаға аз болып тұр. Осыдан да об­лыстағы 25 оператор газды талон арқылы беріп, сатылатын лимит белгілеуге мәжбүр болған. Сонда да ай соңына жетпей ортая бастаған қор көлемін, газдың облысқа келуінен бастап сатылуына дейінгі жағдайын арнайы құрылған жұмысшы тобы бақылайды.

Облыс орталығының кіреберіс тұс­та­рында бекеттер қойылып, газ толтыру стансаларында кезекшілік ұйым­дас­тырылған. Жыл соңына дейін өстіп амалдаудан басқа жол көрінбей тұр.

Газ тапшылығы байқалғалы бері «Саутс Ойл» компаниясынан 104 тон­на газ бөлініп, «Қызылорда мұ­най­ өнімдері» мен «Байқоңыр газ» мекемелеріне жетті. Алда осы компаниямен қосымша 140 тонна газ бөлу жөнінде келісім жасалып отыр. Осы уақытқа дейін операторлар «Қазгер­мұнай» компаниясы өндірген 4 122 тонна газды алды. Қалған 776 тонна кес­теге сәйкес қазан айының соңына дейін жеткізіледі.

– Қараша айына 7,5 мың тонна бөлініп отыр. Оның 4 740 тоннасын «Қазгермұнайдан» алсақ, қалған 2 718 тоннасы Атырау мұнай өңдеу зауытынан келеді. Әрине, жер мойны қашық болғандықтан Атырау газы біздің операторлар үшін 2 есе қымбатқа түсіп, көрер пайдасы аз болатыны айдан анық. Дегенмен де жұмыс тобы олардың бағаны бұрынғыдан көтермеуін қадағалайды, – дейді Серік Салауатұлы.

Мамандардың айтуынша, «Қазгер­мұнай» компаниясындағы айына 6 мың тоннаға дейін сұйық газ өндіретін УПГ-1 қондырғысындағы ақау келер жылдың бірінші тоқсанында қалыпқа келтіріледі.

 

Қызылорда