Ал тиісті орындар өкілдері мұның бәрі «Қазгермұнай» компаниясының газ қондырғысындағы ақауға байланысты екенін айтады. Негізі облыстың бір айдағы лимиті – 7,5 мың тонна. Газ өңдеу зауыттарының мүмкіндігіне қарай оған қосымша тағы қосылып, әр айда облыс 8 мың тоннаға жуық сұйық газ тұтынады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов облысқа орта есеппен 5,5-6 мың тоннаға дейін газ беріп келген «Қазгермұнай» компаниясынан осы қазан айында 4 800 тонна ғана келгенін айтады.
– Газ жеткізу жоспары 529 тоннаға қысқарғандықтан біз министрлікке шығып, «СНПС Ақтөбемұнайгаз» компаниясынан қосымша 504 тонна бөлінуіне қол жеткіздік. Қазір осының 288 тоннасы тиелген 8 вагон бізге қарай жолға шықты, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Салыстыру үшін айта кетейік, былтыр қазан айында 7 590 тонна газ бөлінген екен. Биылғы көлем одан 1 300 тоннаға аз болып тұр. Осыдан да облыстағы 25 оператор газды талон арқылы беріп, сатылатын лимит белгілеуге мәжбүр болған. Сонда да ай соңына жетпей ортая бастаған қор көлемін, газдың облысқа келуінен бастап сатылуына дейінгі жағдайын арнайы құрылған жұмысшы тобы бақылайды.
Облыс орталығының кіреберіс тұстарында бекеттер қойылып, газ толтыру стансаларында кезекшілік ұйымдастырылған. Жыл соңына дейін өстіп амалдаудан басқа жол көрінбей тұр.
Газ тапшылығы байқалғалы бері «Саутс Ойл» компаниясынан 104 тонна газ бөлініп, «Қызылорда мұнай өнімдері» мен «Байқоңыр газ» мекемелеріне жетті. Алда осы компаниямен қосымша 140 тонна газ бөлу жөнінде келісім жасалып отыр. Осы уақытқа дейін операторлар «Қазгермұнай» компаниясы өндірген 4 122 тонна газды алды. Қалған 776 тонна кестеге сәйкес қазан айының соңына дейін жеткізіледі.
– Қараша айына 7,5 мың тонна бөлініп отыр. Оның 4 740 тоннасын «Қазгермұнайдан» алсақ, қалған 2 718 тоннасы Атырау мұнай өңдеу зауытынан келеді. Әрине, жер мойны қашық болғандықтан Атырау газы біздің операторлар үшін 2 есе қымбатқа түсіп, көрер пайдасы аз болатыны айдан анық. Дегенмен де жұмыс тобы олардың бағаны бұрынғыдан көтермеуін қадағалайды, – дейді Серік Салауатұлы.
Мамандардың айтуынша, «Қазгермұнай» компаниясындағы айына 6 мың тоннаға дейін сұйық газ өндіретін УПГ-1 қондырғысындағы ақау келер жылдың бірінші тоқсанында қалыпқа келтіріледі.
Қызылорда