Аймақтар • 07 Қараша, 2023

«Маңғыстау жастары»: баспаналы болуға қадам

112 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жастардың баспаналы болуы оңай емес. Осы орайда Маңғыстау облысында мемлекеттік секторда қызмет етіп жүрген жастарды қолдау мақсатында іске қосылған жаңа бағдарламаның маңызы зор.

«Маңғыстау жастары»: баспаналы болуға қадам

Маңғыстау облысы әкімдігіне қарасты Жастар саясаты мәсе­ле­лері жөніндегі басқарма мен «От­басы банк» арасында қол қо­йылған меморандум аясында «Маңғыстау жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Екіжақты келісімге сәйкес өңір жастары бастапқы жарнасы 10 пайыз, ал жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз (ЖТСМ 5,2%) несиемен тұрғын үй сатып алу мүмкіндігіне қол жетізе алады.

Бағдарламаға дәрігерлер, мұ­ға­­лімдер, мәдениет және спорт қыз­мет­керлері, жоғары оқу орын­да­рының оқытушылары, ғылы­ми қызметкерлер, журналистер, әлеу­меттік сала, мемле­кеттік және коммуналдық кәсіпорын қыз­­меткерлері, сондай-ақ ТЖД, аза­маттық қор­ғаныс қыз­мет­кер­ле­рі мен ауыл шар­уа­шылығы саласының өкіл­де­рі қатыса алады.

«Біз жастар тарапынан бас­панамен қамту мәселесі жө­нін­­дегі ұсыныс-пікірлерді естіп жүр­міз. Аталған қажеттілік пен сұранысты орындау мақса­тын­да биыл Маңғыстау облыс­тық мәслихатының қолдауымен жер­гі­лік­ті бюджеттен 500 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылды. Негізгі мақсат – өңір жастарын тұрғын үймен қамтамасыз ету арқылы мемлекеттік сектор саласындағы жас мамандар­ды ынталандыру. Аталған бағ­дар­­ламаны іске асыру осы айдың ортасына жоспарланған. Бүгін­гі күні «Отбасы банк» АҚ Маң­ғыс­тау облыстық филиалымен бірлескен жұмыс нәтижесінде бірқатар келісімге келдік», деді Маңғыстау облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай.

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшановтың айтуынша, жастарға ар­налған мұндай бағдар­ла­ма елі­міздің 16 өңірінде іске қосылған.

«Біз Маңғыстау жастарының болашағына үлкен қадам жасап отырмыз. Өйткені баспана мәсе­ле­сі – жастар үшін өте өзекті. Бұл ажырасудың алдын алуға септігін тигізеді деп ойлаймын. Пайыздық мөлшерлеме өте ың­ғай­лы – 5 пайыз. Бастапқы жарна да осы санат үшін 10 па­йызды құрайды. Жастар аудандардан үй сатып алатын болса, 10 млн теңгеге дейін, ал Ақтау қаласынан сатып алса, 15 млн теңгеге дейін несие ала алады. Бұл бағдарлама жастарға бірқатар жеңілдік тудырады деген ойдамын. Өтінімдер ресми сайтта қабылданады. 15 қараша – Ұлттық валюта күні өтінім қа­былдау басталады. Алдағы уа­қытта қаржыландыру мөлшері өседі. Тұрғын үйді ал­ғаш­қы және екінші нарықта сатып алуға болады. Осындай шартпен Маңғыстау жастары өзде­рі­нің мәселесін шешетін болса, Маң­ғыс­тау облысы әкімдігі мен об­лыстық мәслихаттың бас­тамасын құптау керек», деді Н.Ақшанов.

Жаңа бағдарламаның ереже­сін әзірлеу мақсатында құра­мын­­да Маңғыстау облыстық мәс­лихат депутаттары, өңірлік Қоғамдық кеңес мүшелері, жас­тар ұйымдарының өкілдері мен Жастар саясаты мәселелері жө­нін­дегі басқарма өкілдері бар ар­найы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының күн тәртібіндегі ең негізгі мәселе – осы тұрғын үй бағдарламасының ашықтығын және жастар арасындағы қол­же­тім­ділігін арттыру.

«Біз жұмыс тобымен бірлесіп, елімізде жүзеге асырылған жас­тар­ға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламалардың кемшіліктері мен артықшылықтарын сараладық. Сәйкесінше, өңірдегі жастардың сұранысына орай, мейлінше қолжетімді бағдарлама жасауға ты­рыстық. Оның ережесін тиіс­ті жұмыс тобы мақұлдап, өңір басшысы Нұрлан Ноғаев өз қаулысымен бекітті. Енді «Маң­ғыс­тау жастары» ресми сайтында құжат қабылдау бас­талмақ», дейді М.Оралбай.

«Маңғыстау жастары» бағдар­ла­масы бойынша әлеуетті несие алушылардың тізімін жергілікті әкім­дік қалыптастырады. Өті­ніш­­тер арнайы сайтта, қа­шық­­тан қабылданатын болады. Өті­ніштер қабылданғаннан ке­йін облыс әкім­ді­гінің қыз­мет­­керлері жиналған ұпайға қарай қаты­су­шы­л­­арды таңдайды. Ұпай­­­ларға некеде тұр­ған жылдар саны, ба­ла­­ла­ры­ның болуы, ма­ман­дағы бойынша үздіксіз жұ­мыс өтілі әсер етеді.

Жағымды жаңалықты естіген жастардың қызығушылығы жо­ға­ры. Жаңа бағдарлама баспана алуда тығырыққа тіреліп жүрген жас азаматтардың арманына қол жеткізуіне сеп болады деп ойлаймыз.

 

Маңғыстау облысы