Маңғыстау облысы әкімдігіне қарасты Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мен «Отбасы банк» арасында қол қойылған меморандум аясында «Маңғыстау жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Екіжақты келісімге сәйкес өңір жастары бастапқы жарнасы 10 пайыз, ал жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз (ЖТСМ 5,2%) несиемен тұрғын үй сатып алу мүмкіндігіне қол жетізе алады.
Бағдарламаға дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет және спорт қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, журналистер, әлеуметтік сала, мемлекеттік және коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері, сондай-ақ ТЖД, азаматтық қорғаныс қызметкерлері мен ауыл шаруашылығы саласының өкілдері қатыса алады.
«Біз жастар тарапынан баспанамен қамту мәселесі жөніндегі ұсыныс-пікірлерді естіп жүрміз. Аталған қажеттілік пен сұранысты орындау мақсатында биыл Маңғыстау облыстық мәслихатының қолдауымен жергілікті бюджеттен 500 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылды. Негізгі мақсат – өңір жастарын тұрғын үймен қамтамасыз ету арқылы мемлекеттік сектор саласындағы жас мамандарды ынталандыру. Аталған бағдарламаны іске асыру осы айдың ортасына жоспарланған. Бүгінгі күні «Отбасы банк» АҚ Маңғыстау облыстық филиалымен бірлескен жұмыс нәтижесінде бірқатар келісімге келдік», деді Маңғыстау облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай.
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшановтың айтуынша, жастарға арналған мұндай бағдарлама еліміздің 16 өңірінде іске қосылған.
«Біз Маңғыстау жастарының болашағына үлкен қадам жасап отырмыз. Өйткені баспана мәселесі – жастар үшін өте өзекті. Бұл ажырасудың алдын алуға септігін тигізеді деп ойлаймын. Пайыздық мөлшерлеме өте ыңғайлы – 5 пайыз. Бастапқы жарна да осы санат үшін 10 пайызды құрайды. Жастар аудандардан үй сатып алатын болса, 10 млн теңгеге дейін, ал Ақтау қаласынан сатып алса, 15 млн теңгеге дейін несие ала алады. Бұл бағдарлама жастарға бірқатар жеңілдік тудырады деген ойдамын. Өтінімдер ресми сайтта қабылданады. 15 қараша – Ұлттық валюта күні өтінім қабылдау басталады. Алдағы уақытта қаржыландыру мөлшері өседі. Тұрғын үйді алғашқы және екінші нарықта сатып алуға болады. Осындай шартпен Маңғыстау жастары өздерінің мәселесін шешетін болса, Маңғыстау облысы әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бастамасын құптау керек», деді Н.Ақшанов.
Жаңа бағдарламаның ережесін әзірлеу мақсатында құрамында Маңғыстау облыстық мәслихат депутаттары, өңірлік Қоғамдық кеңес мүшелері, жастар ұйымдарының өкілдері мен Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма өкілдері бар арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының күн тәртібіндегі ең негізгі мәселе – осы тұрғын үй бағдарламасының ашықтығын және жастар арасындағы қолжетімділігін арттыру.
«Біз жұмыс тобымен бірлесіп, елімізде жүзеге асырылған жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың кемшіліктері мен артықшылықтарын сараладық. Сәйкесінше, өңірдегі жастардың сұранысына орай, мейлінше қолжетімді бағдарлама жасауға тырыстық. Оның ережесін тиісті жұмыс тобы мақұлдап, өңір басшысы Нұрлан Ноғаев өз қаулысымен бекітті. Енді «Маңғыстау жастары» ресми сайтында құжат қабылдау басталмақ», дейді М.Оралбай.
«Маңғыстау жастары» бағдарламасы бойынша әлеуетті несие алушылардың тізімін жергілікті әкімдік қалыптастырады. Өтініштер арнайы сайтта, қашықтан қабылданатын болады. Өтініштер қабылданғаннан кейін облыс әкімдігінің қызметкерлері жиналған ұпайға қарай қатысушыларды таңдайды. Ұпайларға некеде тұрған жылдар саны, балаларының болуы, мамандағы бойынша үздіксіз жұмыс өтілі әсер етеді.
Жағымды жаңалықты естіген жастардың қызығушылығы жоғары. Жаңа бағдарлама баспана алуда тығырыққа тіреліп жүрген жас азаматтардың арманына қол жеткізуіне сеп болады деп ойлаймыз.
Маңғыстау облысы