Фото: Ашық дереккөз
Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының болжамына сәйкес, 2026 жылдың мамырына арналған базалық сценарийде доллардың орташа бағамы шамамен 463,8 теңге деңгейінде қалыптасуы мүмкін. Ал оптимистік сценарий бойынша теңге 446,3 деңгейіне дейін нығаюы ықтимал. Пессимистік болжамда доллар бағамы 481,3 теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі кезде теңге бағамына бірден бірнеше фактор қолдау көрсетіп отыр. Соның ішінде мұнай бағасының жоғары болуы экономикаға валюталық түсім көлемін арттырып, сыртқы сауда теңгерімін жақсартқан.
Бұған қоса, мамырдағы салық кезеңі компаниялардың теңгеге деген сұранысын күшейтті. Міндеттемелерін орындау үшін бизнес өкілдеріне көбірек ұлттық валюта қажет болғандықтан, экспорттан түскен валюталық табыстың бір бөлігі ішкі нарықта айырбасталып жатыр.
Осының нәтижесінде нарықтағы доллар ұсынысы уақытша сұраныстан жоғары қалыптасты. Сарапшылар қазіргі теңге нығаюының басты себебі осы факторлармен байланысты екенін айтады.
«Әлемдегі ең тартымды валютаның бірі»: Тимур Сүлейменов теңгенің нығаюына қатысты пікір білдірді
Болжамда қазіргі динамика бір реттік құбылыс емес, нарықтағы тепе-теңдіктің нәтижесі ретінде бағаланған. Мұнай нарығындағы қолайлы жағдай сақталған кезде экономикаға келетін валюта көлемі сыртқы төлемдер қажеттілігінен асып түседі. Шикізаттық экономика үшін бұл маңызды көрсеткіш саналады. Себебі бағам қысқа мерзімді эмоциялық өзгерістерге емес, нақты валюталық түсім ағынына бейімделе бастаған.
Сонымен қатар мамырдың екінші жартысынан кейін салық кезеңінің әсері әлсіреуі мүмкін. Мұндай жағдайда нарық импорттық төлемдерге, дивидендтік аударымдарға және жаһандық сыртқы факторларға қайтадан тәуелді бола түседі.