Фото: Ерлан ОМАР/Egemen.kz
М. Арыспаев бізге субұрқақтан болатын негізгі қауіпті факторларды айтып берді. Оның айтуынша, субұрқақтар ашық аспан астында болғандықтан, суға шаң, жапырақ және қоқыс түсіп, табиғи ластану үдерісі өте тез жүреді. Оған қоса, субұрқақтарда қаңғыбас жануарлар және құстар шомылып, түрлі аурулар (зоонозды инфекциялар, орнитоз) қалдыруы мүмкін.
«Субұрқақ суына шомылу салдарынан пайда болатын – ішек таяқшалары, зең (грибок) және вирустық инфекциялардың таралу қаупі жоғары. Жоғары ауа температурасы судағы зиянды микроорганизмдердің (бактериялар) тез көбеюіне ықпал етеді», деді М. Арыспаев.
Ол субұрқақтың ішкі жабындысы өте тайғақ болатынын да еске салды.
«Сонымен қатар, су астындағы инженерлік коммуникациялар мен жабдықтар механикалық жарақат алуға немесе электр тоғының соғуына әкелуі мүмкін. Субұрқақ суына шомылуды былай қойғанда, оған қолды немесе жеміс-жидекті жууға мүлде болмайды. Бұл мақсаттар үшін тек арнайы жабдықталған жерлердегі ауыз суды пайдалану қажет», деді ол.
Алғаш рет Санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлер күні атап өтілді
М. Арыспаев жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тарапынан жыл сайын мамыр-қыркүйек айлары аралығында қаланың субұрқақ кешендерінің су сапасына мониторинг жүргізілетінін атап өтті.
«2025 жылғы зерттеу нәтижелерін айтайын, осы Астанада субұрқақ кешендерінен барлығы 524 су сынамасы алынды. Оның ішінде микробиологиялық көрсеткіштер тұрғысында 26 сынама, ал санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша 34 сынамада талаптарға сәйкес келмеуі анықталды», деді Мұхамғали Арыспаев.
Бұған дейін Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілімен ерте піскен жемістердің денсаулыққа зияны туралы сұхбаттасқан едік.
Сондай-ақ біз ата-ананың пікірін білген едік.
«Біз отбасымызбен биыл демалыс орнына бардық. Сол жерде балалар субұрқаққа қызығып, суға түсті. Туысымыздың баласы шомылған кезде суды ішіне жұтып қойды. Содан кейін іші ауырды. Іш өтуі пайда болып, денесіне қызыл бөртпелер шығып кетті», деді Фариза Шалқарқызы.

Ф. Шалқарқызы алдын алу шараларын енгізуді ұсынды. Субұрқақтар маңы қауіпті аймақ болғандықтан, тыйым салу белгілері орнатылуы қажет.
«Ондай тұстарға үлкен жазулармен «тыйым салынады» деп көрсетіп және содан туындайтын ауру түрлерін немесе асқыну қаупі туралы жазып қойған жөн. Жиі байқағаным, қалада болсын немесе демалыс аймақтарында болсын, ондай рұқсат етілмейтін белгілер ірі су қоймаларында ғана жазылады. Ал субұрқақтарға ондай ескертулер жазылмайды», дейді ол.
Оның пікірінше, кейде ата-аналар телефонның ішіне өздері қызыға еніп кетіп, балаларын қараусыз қалдырады. Мұның салдары ата-ана үшін де, бала үшін де өте қауіпті жағдайға әкелуі ықтимал.
«Балалар су астындағы құбырларды басып бір жерлерін жарақаттап алуы немесе шомылып жүргенде сол суды ішуі мүмкін. Ішіне түскеннен кейін түрлі инфекциялар қозып, аллергия немесе улану сияқты белгілер болуы ықтимал. Себебі субұрқақ суы өте көп бактериялар мен инфекцияларды қамтуы мүмкін», деп түйіндеді Фариза Шалқарқызы.