Егемен Қазақстан • 08 Қараша, 2023

Қаламгер елшінің елеулі кітабы

146 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елорда төрінде – «Egemen Qazaqstan» газетінің бас ғимаратында Польшаның Қазақстандағы және Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі, профессор Селим Хазбиевичпен кездесу өтті. Жиында «Польша-Литва татарлары – Алтын Орданың мұрагерлері» атты кітабы таныстырылды. Аталған жинақ «Қазақ университеті» баспасынан шыққан.

Қаламгер елшінің елеулі кітабы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Тұсаукесер рәсімнің модераторы «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы Алтын Орданың 750 жылдығына ар­налған кітаптың мазмұнын баяндап, тарихи маңызына тоқталды.

«Көптеген Еуразия халықтары өзінің шығу тегі үшін Алтын Ордаға немесе Жошы ұлысына қарыздар. ­Ал­тын Орда көшпелілерінің мұра­гер­лері – бүгінгі қазақтар, татарлар, ноғайлар, қарақалпақтар, поляк-литва­лық татарлар. Алты ғасыр бұрын Алтын Ордадан бөлі­ніп шық­қан көшпелі халықтың бір бөлі­гі Литва Ұлы Герцогтігінің аумағына келді. Поль­шада олардың барлығын «татар­лар» деп атаған», деп түсіндірді серіктестік басшысы.

Қазір Польшада екі мыңнан аса татар тұрады. Олар өздерінің түркі екенін ұмытпауға тырысады. Жаңа жи­нақ­тың авторы, ақын, журналист, тарих докторы Селим Хазбиевич те – поляк татары. Жиын барысында ол кітабы туралы тереңінен баяндап, кешегі тарихтан толғады.

«Менің анамның бабалары Ноғай Ордасынан тарайды. XV ғасырда аза­мат­тық қақ­тығыстар мен соғыстың әсе­рінен Литва Ұлы Герцогтігіне Алтын Орда­дан бос­қындар келеді. Бұл жер бәрін қабыл­дады: мұсылмандар, православ­тар, католиктер, еврейлер. Бұл бір таңғажайып мемлекет болды», дейді автор. Иә, осыдан соң поляк-литва татар­ла­ры өз мәдениетін сақтауға жағ­­дай жасалған князьдікте тамыр жая бас­таған.

«XVII ғасырдың аяғында татарлар поляк тілінде сөйлеп, өз діндерін сақтап қалды. Бұл тұрғыда Польша әрқашан толерантты және ашық болды. Католиктік ел болғанымен, өзге дін өкілдеріне түсіністік таныта білді», деді Селим Хазбиевич.

Тұсаукесер барысында ҚазҰУ про­­фессоры Жетпісбай Бекбола­т­ұлы­­ның «Поляк-қазақ бауыр­лас­­ты­ғы ту­ралы ойлар» және марқұм жур­на­­­лист Хамидолла Рах­матуллин­нің «Жур­­налистің түсіндірме экономика­лық сөз­дігі» атты кітаптары да таныс­тырылды. Айта кетейік, Жет­пісбай Бек­болатұлы бірнеше жыл Поль­шада ғылыми жұмыстармен айна­лысқан.

«Польшада 2,5 мыңға жуық татар тұрады. Саны аз болғанымен, олар көш­пелі мәдениетті белсенді түрде зерттеп, насихаттап жүр. ХХ ғасырдың басында жазушы, поляк татары Хенрик Сенкевич Нобель сыйлығының лауреаты атанды. Оның «Огнем и мечом» трилогиясы миллиондаған оқырманды тамсандырды. Поляк спортының тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы, жеңіл атлет Халина Конопацкая да – поляк татары. Бұл шағын халықтың адам­­зат тарихында алатын орны зор», деп атап өтті Жетпісбай Бекболатұлы.

Алқалы жиынға қатысушылар по­ляк-литва татарлары тақырыбы қосым­ша зерт­теуді қажет ететінін атап өтті. Осы орайда Қазақстан мен Польша зия­лы­ларының ынтымақтастығы нығая түспек.