Қоғам • 08 Қараша, 2023

Жолы болған жолаушы

115 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мүлде ойламаған жерден үлкен қуанышқа кенеліп жатсаңыз, таң­ғалмаңыз. Әуе кемесіне мініп, Орал – Алматы бағытында ұшып келген Қайрат Манабаевты ойға кіріп-шықпаған тосын сәттілік күтіп алды.

Жолы болған жолаушы

Биыл Халықаралық Алматы әуе­жайы үшін жолаушылар ағынының рекордтық көрсеткіші тіркелді. Жыл аяқтала қоймаса да, биылдыққа 8 мил­­лион азамат әуежай қызметін пай­даланған. Қайраттың еншісіне дәп сол сегіз миллионыншы сәтті билет бұйырыпты. Жолы болған жолаушыны әуежай басшылығы қуанышпен қарсы алып, екі кісіге арналған демалыс сертификатын табыстады. Осылайша, Қайрат жақын жандарының бірімен Грузия еліне саяхатқа аттанбақ.

«Бұл – әуежай үшін де, Алматы қаласы үшін де тарихи оқиға. Неге десеңіз, Алматы әуежайының бүкіл тарихында алғаш рет жолаушылар ағыны 8 млн адамға жетіп отыр. Былтыр біз арқылы 7,2 млн жолаушы әуе кемесімен қатынаған. Ұжым атынан туристік сапарға жолдама ұтып алған азаматты құттықтаймыз», дейді Алматы Халықаралық әуежайының президенті Алып Эр Тунга Эрсой.

Айтпақшы, еліміздің әуе қақпа­сы саналатын Алматы айлағының өткізу қабілетін арттыру мақсатын­да жаңа Халықаралық жолаушылар терминалының құрылысы жүріп жатыр. Кешен келер жылдың жаз айында аяқталмақ. Су жаңа ғимарат борт көлеміне байланысты бір уақытта жеті ұшаққа дейін қабылдауға қауқарлы. Ал әуежайдың жалпы өткізу қабілеті жылына 14 млн жолаушыға дейін артпақ.

Жобаға сәйкес құрылым қолда­ныстағы терминал ғимаратына жерүсті өткелі арқылы қосылады. Жаңа үлгі жолаушыларға ғимараттың сыртына шықпай-ақ, ішкі және халықаралық рейстерден ауысуға оңай қол жеткізуді қамтамасыз етпек. Осылайша, жаңа терминал тек халықаралық рейстерге, ал қолданыстағы терминал ішкі рейс­терге қызмет көрсетеді.

 

АЛМАТЫ