Биыл Халықаралық Алматы әуежайы үшін жолаушылар ағынының рекордтық көрсеткіші тіркелді. Жыл аяқтала қоймаса да, биылдыққа 8 миллион азамат әуежай қызметін пайдаланған. Қайраттың еншісіне дәп сол сегіз миллионыншы сәтті билет бұйырыпты. Жолы болған жолаушыны әуежай басшылығы қуанышпен қарсы алып, екі кісіге арналған демалыс сертификатын табыстады. Осылайша, Қайрат жақын жандарының бірімен Грузия еліне саяхатқа аттанбақ.
«Бұл – әуежай үшін де, Алматы қаласы үшін де тарихи оқиға. Неге десеңіз, Алматы әуежайының бүкіл тарихында алғаш рет жолаушылар ағыны 8 млн адамға жетіп отыр. Былтыр біз арқылы 7,2 млн жолаушы әуе кемесімен қатынаған. Ұжым атынан туристік сапарға жолдама ұтып алған азаматты құттықтаймыз», дейді Алматы Халықаралық әуежайының президенті Алып Эр Тунга Эрсой.
Айтпақшы, еліміздің әуе қақпасы саналатын Алматы айлағының өткізу қабілетін арттыру мақсатында жаңа Халықаралық жолаушылар терминалының құрылысы жүріп жатыр. Кешен келер жылдың жаз айында аяқталмақ. Су жаңа ғимарат борт көлеміне байланысты бір уақытта жеті ұшаққа дейін қабылдауға қауқарлы. Ал әуежайдың жалпы өткізу қабілеті жылына 14 млн жолаушыға дейін артпақ.
Жобаға сәйкес құрылым қолданыстағы терминал ғимаратына жерүсті өткелі арқылы қосылады. Жаңа үлгі жолаушыларға ғимараттың сыртына шықпай-ақ, ішкі және халықаралық рейстерден ауысуға оңай қол жеткізуді қамтамасыз етпек. Осылайша, жаңа терминал тек халықаралық рейстерге, ал қолданыстағы терминал ішкі рейстерге қызмет көрсетеді.
АЛМАТЫ