Құрылыс • 13 Қараша, 2023

«Kia» зауытының құрылысы басталды

131 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанайда «Kia» автомобильдері өндірісінің толық циклін қам­титын жаңа зауыттың құрылысы басталды. Елімізде авто­­кө­лік өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін ірі кә­сіп­орын құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оңтүстік Кореяның «Kia» компания­сы басшы­лығының осыдан екі ай бұрын ұйғарысқан келісімі нәти­жесінде қолға алынып отыр.

«Kia» зауытының құрылысы басталды

Жыл басында Қостанайда «Kia» автомо­биль­дерінің шағын тораптық өндірі­сін іске қосу рәсіміне қатыс­қан Пре­зидент өнеркәсіп коопера­циясын одан әрі кеңейту және ин­женерлік базаны қалыптастыру маңыз­ды екенін атап өткен еді.

Жоғары жалақы төленетін 1 500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін жаңа за­уыт жылына 70 мың автокөлік шы­ғарады. Жобаға шамамен  250 млн доллар тікелей шетелдік инвестиция салынады.

Құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп жоспар­ланған. Одан әрі өндіріске қажет құрылғылар мен жабдықтар орнатыла бастайды. 2025 жыл­дың бірінші тоқсанда зауыт қанатқақты режімде іске қосыл­мақ. Ал екінші тоқсанда өнді­ріс толық ашылады.

Құрылыс алаңының ресми ашылу салтанатына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев қатысты.

Салтанатты рәсімде Роман Скляр «Kia» компаниясы алғаш рет Корея Республикасынан тыс жерде бірлескен кәсіпорын мен зауыт салуға тікелей инвестиция салып отырғанын атап өтті.

«Қостанайда «Kia» авто­мобильдерін шығаратын толық циклді зауыт салуды машина жасау саласы үшін шын мә­нінде серпінді жоғары тех­нологиялық жоба деп атау­ға болады. Бұл жоба нақты мультипликативті әсер береді, инженерлік және техникалық кадрлардың жаңа буынын даярлау деңгейін арттыруға, сондай-ақ локализациялаудың келесі кезеңіне көшуді айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік береді. Осындай негізгі инвесторы бар зауыттың пайда болуы отан­дық өнеркәсіпті дамытудың маңызды кезеңі, экономиканың барлық саласында Оңтүстік Кореямен болашақ бірлескен инвестициялық жобалар үшін айқын үлгі болады», деді Роман Скляр.

Құрылыс алаңының ашылу рәсімінде «Kia Corporation» президенті және бас директоры Хо Сун Сонның алдын ала жазылған бейнехабарламасы көрсетілді. «Қазақстан Республикасының экономикасын дамытуға үлес қосу мүмкіндігіне ие болу – «Kia» үшін үлкен мақтаныш. Қос­танайдағы жаңа зауыт аза­маттарға, университет түлек­тері мен инженерлерге жоғары деңгейдегі тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін бірегей жұ­мыс орындарын ұсынатын болады», дейді алпауыт компа­ния басшысы.

«Kia»  компаниясы автомобиль жасаудағы жергілік­ті қамту деңгейін арттыруда Қазақстанның өнер­кәсіп­тік саясатына толық қол­дау көрсетуге дайын екенін біл­дірді. «Kia» қазір Қостанайда локализациялау орталығын ашу бойынша көп жұмыс атқарып жатыр. Мұнда шағын және орта кәсіпкерлердің қатысуымен автокөліктің құрамдас бөліктері шығарылмақ.

Облыс әкімі Құмар Ақ­сақалов озық әлемдік тәжі­рибелерге жүгіне отырып, за­манауи жоғары техно­ло­гиялық кәсіпорынды іске қосу республиканың автомобиль жасаудағы өндіріс көлемін ұл­ғайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

«Машина жасау саласын дамыту өңірдің дамуына мультипликативтік тұрғы­дан әсер етеді. Атап айтқан­да, машина жасау саласында бір жұмыс орнын құру басқа салаларда бес-алты жұмыс орнының құрылуына септігін тигізеді. Өндірістерді локализациялау деңгейін арттыру үшін жаңа зауыттың айналасында құрамдас бөлшек жеткізушілері ретінде шағын және орта бизнес белдеуі құрылады», деді Құмар Ақсақалов.

Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Тэ-ик Чжо Қазақстан мен Оңтүстік Корея 30 жылдан астам уақыт бойы өзара тиімді әріптестікті нығайтып келе жатқанын атап өтті.

«Бүгінде екі ел Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған экономикалық рефор­маларға сай келетін ынты­мақ­т­астықты іс жүзінде белсен­ді дамытып жатыр. Бұл реформалар өңдеу саласын дамыту арқылы республика өнер­кә­сі­бін әртараптандыруға бағыт­талған»,  деді елші.

 

Қостанай облысы