Жыл басында Қостанайда «Kia» автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін іске қосу рәсіміне қатысқан Президент өнеркәсіп кооперациясын одан әрі кеңейту және инженерлік базаны қалыптастыру маңызды екенін атап өткен еді.
Жоғары жалақы төленетін 1 500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін жаңа зауыт жылына 70 мың автокөлік шығарады. Жобаға шамамен 250 млн доллар тікелей шетелдік инвестиция салынады.
Құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған. Одан әрі өндіріске қажет құрылғылар мен жабдықтар орнатыла бастайды. 2025 жылдың бірінші тоқсанда зауыт қанатқақты режімде іске қосылмақ. Ал екінші тоқсанда өндіріс толық ашылады.
Құрылыс алаңының ресми ашылу салтанатына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев қатысты.
Салтанатты рәсімде Роман Скляр «Kia» компаниясы алғаш рет Корея Республикасынан тыс жерде бірлескен кәсіпорын мен зауыт салуға тікелей инвестиция салып отырғанын атап өтті.
«Қостанайда «Kia» автомобильдерін шығаратын толық циклді зауыт салуды машина жасау саласы үшін шын мәнінде серпінді жоғары технологиялық жоба деп атауға болады. Бұл жоба нақты мультипликативті әсер береді, инженерлік және техникалық кадрлардың жаңа буынын даярлау деңгейін арттыруға, сондай-ақ локализациялаудың келесі кезеңіне көшуді айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік береді. Осындай негізгі инвесторы бар зауыттың пайда болуы отандық өнеркәсіпті дамытудың маңызды кезеңі, экономиканың барлық саласында Оңтүстік Кореямен болашақ бірлескен инвестициялық жобалар үшін айқын үлгі болады», деді Роман Скляр.
Құрылыс алаңының ашылу рәсімінде «Kia Corporation» президенті және бас директоры Хо Сун Сонның алдын ала жазылған бейнехабарламасы көрсетілді. «Қазақстан Республикасының экономикасын дамытуға үлес қосу мүмкіндігіне ие болу – «Kia» үшін үлкен мақтаныш. Қостанайдағы жаңа зауыт азаматтарға, университет түлектері мен инженерлерге жоғары деңгейдегі тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін бірегей жұмыс орындарын ұсынатын болады», дейді алпауыт компания басшысы.
«Kia» компаниясы автомобиль жасаудағы жергілікті қамту деңгейін арттыруда Қазақстанның өнеркәсіптік саясатына толық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. «Kia» қазір Қостанайда локализациялау орталығын ашу бойынша көп жұмыс атқарып жатыр. Мұнда шағын және орта кәсіпкерлердің қатысуымен автокөліктің құрамдас бөліктері шығарылмақ.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов озық әлемдік тәжірибелерге жүгіне отырып, заманауи жоғары технологиялық кәсіпорынды іске қосу республиканың автомобиль жасаудағы өндіріс көлемін ұлғайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
«Машина жасау саласын дамыту өңірдің дамуына мультипликативтік тұрғыдан әсер етеді. Атап айтқанда, машина жасау саласында бір жұмыс орнын құру басқа салаларда бес-алты жұмыс орнының құрылуына септігін тигізеді. Өндірістерді локализациялау деңгейін арттыру үшін жаңа зауыттың айналасында құрамдас бөлшек жеткізушілері ретінде шағын және орта бизнес белдеуі құрылады», деді Құмар Ақсақалов.
Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Тэ-ик Чжо Қазақстан мен Оңтүстік Корея 30 жылдан астам уақыт бойы өзара тиімді әріптестікті нығайтып келе жатқанын атап өтті.
«Бүгінде екі ел Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған экономикалық реформаларға сай келетін ынтымақтастықты іс жүзінде белсенді дамытып жатыр. Бұл реформалар өңдеу саласын дамыту арқылы республика өнеркәсібін әртараптандыруға бағытталған», деді елші.
Қостанай облысы