Әдебиет • 15 Қараша, 2023

Музаға айналған «Меңді қыз»

543 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ мәдениетінің тұтас бір дәуіріне төңкеріс жаса­ған тұлғалар туралы сөз қоз­ғал­ғанда олардың жүрегін жаулап, қиялына қанат бай­лаған сұлуларды да әсте естен шығаруға болмайды. Сон­дай сұлудың бірі – Ілия Жақа­новтың өмірлік музасына айналған «Меңді қыз» – Тиышкүл апай.

Музаға айналған «Меңді қыз»

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Жанарыңды көрген шақта,

Жанған от па деп қалдым.

Құрбым қатар отырсақ та,

Сыр айта алмай тоқталдым.

Өзің жаным,

Аңсағаным,

Аңсағаным, Меңді қыз!»,

деп келер әннің кейіпкері Ілия Жақа­новтың үйіндегі асыл жары Тиыш апай екенін көпшілігі білге­німен, туын­дының қалай өмірге кел­гендігі бәріне бірдей мәлім емес. 

Иә, Ілия Жақановқа жар қосағы Тиышкүлді ән құдіреті табыстыр­ған. Бұл туралы Толымбек Әбдіра­йым айтулы ән тарихы баяндалған әсер­лі эссесінде былай деп толғанады: «1961 жылдың көктемі. Ілия Жақанов «Қазақстан пионері» газетінің тапсыруымен Қызылорда облысының Шиелі ауданын аралап, іссапары­ның соңына қарай Жамбыл облысы Сарысу ауданының Ақтоғай ауы­лын­дағы ата-анасына келеді. Сол жерде малшылар тойы болады. Ілекеңдер жайғасып, ас-су ішкен соң коцерт көруге дала сахнасына бет түзеді. Екінті ауа өнер тойы басталады. Халық көп. Отыратын орын жоқ. Іле­кең оқшаулау барып тұрды. Дулат Шал­қарбаев, Иген Нұрмағанбетов бас­таған жергілікті жігіттер қызу әңгіме жетегінде. Сол кезде оркестр ән бас­тады. Ойнақы қырғыз мақамы. Орын­даушы – жас қыз. Сахна алыс­тау. Қасындағылардың қызу әңгімесін Ілекең жай, селқос тыңдап тұрды да, қыр­ғыз әнін айтқан қыздан көзін айырған жоқ. Ән аяқталды. Қыз бұры­лып кетіп бара жатты. Япыр-ай, сене ме, сенбей ме? Арқасындағы қос бұры­мынан көзін ала алмай қарап қалған. Қою, қалың шаш қыз тілер­сегін соғады.

– Ойпырмай, ана бұрымды-ай! – деп қалды Ілекең.

– А-а! – деді Дулат.

– Қыздың бұрымын айтам! Әні де тамаша! Жаңа қырғыздың әнін орындады ғой...

Дулат жымың етті...».

Міне, дәл осы оқиға сезімге бай сыршыл сазгер жанын селт еткізді. Осы сәттен бастап өзіне беймәлім күй­дің байыбына терең бойлаған жас жігіт бұрымы тілерсегіне түскен сол сұлудан өзгені ойлай алмады. Іштегі сезім буырқанысы ақыры өмірге «Меңді қыз» әнін алып келді.

Бұл 1961 жылдың сәуір айы болатын. Сол жылы ұлы оқиға болды. Бірі – Ю.Гагарин ғарышты бағындырып жерге қонып жатса, екіншісі – Жақа­новтардың шаңырағына ән кейіпкері «Мең­ді қыз» – Тиышкүл есімді бой­жеткеннің келін болып түсуі болды.

Жалпы, Ілия Жақановтың шығар­машылығына тереңнен бой­лаған адам композитор әндерінде қыр­ғыз сарынының басым екендігін жазбай таниды. Сол сырлы саз қос ғашықты да мәңгілікке табыстырған болатын. Бұл туралы сазгермен өле-өлгенше сыйласып өткен қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов: «Мен өзгеше сыйлайтын тағы бір композитор бар. Ол – Ілия Жақанов. Бір ғажабы сол, оның әндерінде қырғыз ағайындардың мұңлы сарыны бар. Бірақ онысы қазақтардың шерлі әуендеріне ерекше бір жаңа мазмұн беріп, тек Ілияға тән әндер туады», деп әділ бағасын берген екен.

Шәмші Қалдаяқов пікірінің тере­ңіне бойлап, кеңірек мағлұмат алғы­мыз келген біз де бұл сауалды ком­позитордың өзіне қойып көрген едік. Сонда Ілия Жақанов: «Біздің ел қыр­ғыздармен ерте араласқан. Ашар­шылық жылдары жан-жаққа бет-беті­мен кеткен ағаларымыз ашар­шы­лық басылып, бәрі тоғысқанда елге бір-бір қырғыз келіншектерін алып келді. Сәбиға, Бәтимә, Сәлимә деген жең­гелеріміз болды. Өрімдей жап-жас кездері. Соғыс басталып кет­кенде сол жеңгелеріміз қолында орақтары бар, шығысқа қарап тұрып егін орады. Бір уақытта белдері талып, шаршайды. Сонда қырғыз әнде­рін шырқап, шаршағандарын басады. Қырғыздың лирикалық әндері о бас­тан осылай-осылай елімізге сің­ген, әкелеріміз, шешелеріміз, ағала­ры­мыз айтатын әндер еді. Шың­ғыс Айт­матовтың «Жәмилә» пове­сін оқы­ғаннан кейінгі әсер елітіп, «Данирдың әні», «Жәмиләнің әні» туа­тын сәтте жаңағы қырғыз әнде­рінің бәрі ме­нің «Елім-айым», «Айнам­көзім», «Қара­торғайым», «Бал­қа­дишам», «Екі жи­ренім», «Баян­ауылым» сияқты ту сыртымда тұрды. Міне, әуезді ән­дерімнің бар­лығын сол музыканың әуезімен, толғанысымен жаздым», деп үлкен тебі­реніспен жауап берді.

Шынымен де, сазгердің әндерін­дегі сиқырлы сарынның астарында көзбен көріп, қолмен ұстауға кел­мейтін, тек жүрек қана сезінер осынау тылсым да терең күй жатқан еді. Және сол сарын адастырмай сазгер өміріндегі мәңгілік махаббатқа бас­тау болды. Ол «Меңді қыз» – өзімен алпыс екі жыл отасқан аяулы жары Тиышкүл апайымыз...