Руханият • 20 Қараша, 2023

Қайраткер рухына құрмет

238 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қызылордада «Мұстафа Шоқайдың мемлекетшілдік мұраты: тарихи тағылым мен сабақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде ұйымдастырылған конференцияға қайраткердің өмір жолы мен қызметін зерттеуші ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қайраткер рухына құрмет

Конференциядан бір күн бұрын түркі әлемінің түгелдігі үшін өмірін сарп еткен ұлт ар­дақтысының кіндік қаны там­ған Наршоқыда ескерткіш белгі орнатылып, Сұлутөбе ауыл­дық округіне қарасты аумақта ұйымдастырылған бұл іс Шо­қай рухын құрметтеудің айқын кө­рінісі болды. Ескерткіш бел­гі қою рәсімінде Түркияның Ми­мар Синан көркемөнер уни­вер­ситетінің профессоры Әбді­уақап Қара күллі түркінің бір­лігін көк­сеген қайраткер еңбегі шет мемлекеттерде жоғары баға­ланатынына айрықша тоқталды. «Қай ұлтта да қайраткер бар. Бі­рақ солардың ішінде сыртта дәріптеліп жататындар тым аз. Мұстафа Шоқай – сондай санау­лылардың бірі. Оның түркі идея­сынан бөлек адамгершілігіне деген ризалық ретінде француз жұрты астанасының төрінен ес­керткіш орнатып, рухына құрмет танытты», дейді ғалым.   

Ескерткіш белгінің ашы­луын­­­да ҚазақстанЖазушылар ода­ғы төр­аға­сының орынбаса­ры, ақын Қа­сымхан Бегманов ке­зін­­де осы Наршоқыдан бастап Но­жан сюр Марнға дейін қайрат­кер ізімен жүріп өткен кезін еске алды. Одан әрі де Берлинге де­йін Шо­қай жолымен сапар шеккен ол әйгілі тұлғаның өміріне қатыс­ты елеусіз деректі де ескерусіз қал­­дырмай таспалаған қаламгер. Осы арқылы шоқайтануға өлшеу­сіз үлес қосқан ақын «Мұстафа Шоқай» атты тарихи драма авторы. 

Елінің азаттығы үшін  күрес­кен түркі жұртына ортақ тұл­ға рухына арналған іс-шараны ұйым­дастырушылардың бірі – қоғам қайраткері, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда уни­вер­ситеті «Мұстафа Шоқай» ғы­лыми орталығының жетек­шісі, саяси ғылымдар докторы Әбдіжәлел Бәкір.

– Тарихи тұлғаның кіндік қа­ны тамған Наршоқы топыра­ғы 133 жылдан кейін, шын мәнін­­де, тарихи оқиғаға куә болып отыр. Бұл менің арманым еді, сәті бү­гін түскен екен. Осы үшін де ес­керткіш тасты орнатқан қай­раткердің ұрпағы Гүлбар­шын Зайыроваға, сонау қиырдан біз­дің ниетімізді қолдап келген Әбдіуақап Қараға, бабамыздың жолын жаңғыртқан Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов бауырларыма, бастаманы іліп әкеткен барша ағайынға алғыс айтамын, – деді Әбдіжәлел Қошқарұлы.  

«Тұтас Түркістан тәуел­сіз­дігін ту еткен Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқай 1890 жылы 25 желтоқсанда дүниеге келген» деген жазу түскен алып тастың бір қапталында қайраткердің күрес­ке толы өмірін зерттеушілер­дің аты-жөндері жазылған. Осы күні Сұлутөбе ауылдық округіндегі «Жаназар батыр» кесенесінде Мұстафа Шоқай аруағына құран бағышталып, ас берілді.

Келесі күні жалғасқан «Мұс­тафа Шоқайдың мемлекетшіл­дік мұраты: тарихи тағылым мен сабақтастық» атты халық­ара­лық ғылыми-тәжірибелік кон­ференцияда қайраткер еңбек­теріндегі идеялардың түркі мем­­­лекеттерінің интеграциялану үде­­­рісі мен қазіргі әділетті Қазақ­стан мұраттарымен са­бақ­тас­ты­ғы  ғылыми тұрғыда тал­данды.

Жиында облыстық мәслихат төрағасы, тарих ғылымдары­ның кандидаты Наурызбай Бай­қадамов ХХ ғасырда айтылған Мұс­тафа Шоқайдың мәңгі өл­мес  идеялары – бүгінгі түркі мем­­­ле­­кеттері, оның ішінде Қа­зақ­стан­ның өркениетті және демо­кратиялық ел ретінде ор­ны­ғуы мен дамуының, жаңғы­руы ме­н жаңаруының маңыз­ды мәселелері екенін атап өтті. 

Жиында ҰҒА академигі, Абай атындағы Қазақ ұлттық пе­­да­гогикалық универ­сите­ті­­нің профессоры, тарих ғы­лым­дарының докторы Мәмбет Қой­­гелді «Мұстафа Шо­қай амана­тының бүгінгі ұлт­тық жад­тағы көрінісі туралы» атты баяндамасында Мұстафа Шоқай үл­гісі түркі халықтары үшін маңы­зын ешқашан жоғалтпайтыны­на тоқталды. Ұлы қайраткердің за­мандасы, Украинаның эми­гра­циядағы үкіметінің басшысы А.Я.Шульгиннің Мұстафа Шо­қайдың өліміне байланыс­ты айтқан «Түркістан батыр тұл­ғаларына өз жерінде ескерт­кіш қояр-қоймасын білмеймін, бірақ Мұстафаның туған елі өз жүрегінде оған ешуақытта тозбайтын ескерткіш қоятынына сенемін» деген сөзінің ақиқатқа айналғанын айтқан ғалым конференция қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кез­­­десуде ескерткіш белгі қо­йыл­ған Наршоқы аймағын турис­тік нысанға айналдыру, облыс орталығына Мария Шоқайға белгі қою жө­нінде ұсыныс айт­қандарын жеткізді.

Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, та­­­рих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара «Мұстафа Шо­қайдың пантүркизм, Тұран мем­лекеті және түркі бірлігі туралы пайымдаулар мен тұжырымдар» тақырыбында баяндама жасады. Былтыр қайраткердің осыдан 100 жылдан астам бұрын жа­зылған мақалаларын француз тілінде кітап қылып шығарған ғалым осы жылы туындыны түрік, қазақ және орыс тілдеріне аударып, ол таяуда ғана баспа жүзін көріпті.

Өзбекстан Республикасы Ғы­­­лым академиясы Та­рих инс­­ти­тутының бас ғы­лы­­ми қыз­мет­­­кері, тарих ғылымдары­ның док­торы, профессор Қаһро­мон Раджабов «Мұстафа Шо­қай және Түркістандағы жәдидтік қозғалыс» атты баяндамасында Мұстафа Шоқай идеясы­ның өзбек елінің қайраткерлеріне тигізген ықпалына тоқталды. Күтахия Думлупынар универ­ситетінің доценті, PhD Веджихи Сефа Фуат Хекимоғлы «Мұстафа Шоқайдың 1930 жылдардағы Жапония, Қытай және Шығыс Түркістан туралы пікірлері», Қажыбайрам университетінің профессоры, PhD Хулия Каса­поғлы Ченгел «Алаш рухы», ақын, Қазақстан Жазушылар ода­ғы төрағасының орынба­сары Қасымхан Бегманов «Нар­шоқы – тарихи мекен, Мұс­тафа Шоқай жолының бастауы не­ме­се «Шерлі Түркістан» дастаны­ның тууы», Қорқыт Ата атын­дағы Қы­зылорда университеті «Мұс­­тафа Шоқай» ғылыми ор­та­лы­ғының жетекшісі, сая­си ғылымдар докторы, профес­сор Әбдіжәлел Бәкір «Мұс­та­фа Шо­қай: тәуелсіздікті ту етіп, ұлт­тық­ты ұлықтаған» тақыры­бында баян­дамалар жасады.

Конференция барысында та­­рих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қараның «Кеңес ода­ғының түркі әлемі саясаты. Мұс­тафа Шоқай» атты  зерттеу еңбегі мен академик Мәмбет Қой­гелдінің жетекшілігімен 2022-2023 жылдары жарық көрген «Алаш ісі. 1920-1930 жылдары ОГПУ жүргізген жасанды тергеу ісінің құжат­та­ры мен материалдары» атты кітаптар таныстырылымы жасалды.

Конференция «Мұстафа ­Шо­қай феномені және Түркі халық­тарының  бірлігі идея­сы­ның өмір­шеңдігі», «Мұстафа Шоқай мұралары – ұлт руха­ниятының қайнар көздері», «Мұстафа Шо­қай мұралары отан­­­дық және ше­телдік зерттеу­лер­де» тақыры­бын­дағы сек­ция­лық жұмыстарға жалғасты.

 

Қызылорда