Кино • 22 Қараша, 2023

Германияда оқып жатқан қазақ қызы әлемдік кинотуындыға қалай түскенін айтты

164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық Диана Рүстемова «Аштық ойындары: жыландар мен сайраған құстар балладасы» приквелінде қосымша рөлді сомдады. Ол түсірілімнің қалай өткені туралы Liter.kz тілшісіне сұхбат берді, деп жазады Egemen.kz

Германияда оқып жатқан қазақ қызы әлемдік кинотуындыға қалай түскенін айтты

Сурет Диана Рүстемованың жеке мұрағатынан алынды

21 жастағы Диана Рүстемова «Аштық ойындары» приквелінде қосымша рөлде ойнаған жалғыз қазақ қызы атанды. Бойжеткен үш жылдан бері Берлинде режиссура мамандығы бойынша білім алып келеді, ал бос уақытында кинода қосымша рөлдерге түседі. 

«Мен 2022 жылы фильмдерде массовкаға түсе бастадым. Ол үшін алдымен арнайы платформада анкетаны толтырып, өзіңнің суреттеріңді жүктеу қажет. Егер сыртқы параметрлерге сай болсаң, түсірілімге қатысуға шақыру жібереді», дейді бойжеткен.

Бұған дейін Диана «Бампер» фильмінде, итальяндық телехикаяларда және еуропалық фильмдерде қосымша рөлдерді сомдады.

«Ол фильмдерде менің бейнем көрінбеген еді. Ал «Аштық ойындарында» мен өзімді алғаш рет экраннан көрдім. Массовкада негізінен көріну мүмкіндігі өте аз. Түсірілім алаңында мен жалғыз қазақ болдым. Менің ойымша, бұл бірегей мүмкіндік және таңғажайып тәжірибе», деп атап өтті ол.

Диананың айтуынша, қосымша топтық рөлдерді түсіру шамамен екі аптаға созылған.

«Бізге сағат 06:00-де қоңырау шалды. Түсірілім алаңына өзіміз барып жүрдік, түсірілім күніне 12-13 сағаттан болды», деп еске алады ол.

Сондай-ақ Диана сомдаған рөлі үшін жалақы да жақсы төленгенін айтты. 

«Олар 12 сағаттық түсірілім үшін күніне 120 еуро төледі. Кейбір күндері оқуыма байланысты түсе алмай қалдым. Бізде өте көп дубль болды. Басты кейіпкердегі актерлер де қайта-қайта дубль жасап жатты. Мен түскен 2 секундтық бейнені үш сағаттап түсірдік. Бір күніміз бес секундтық бір көрініске арналды», деп түсіндірді бойжеткен.

Диана Рүстемова Германияда тәжірибе жинақтап, жақын арада Қазақстанға оралуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Диана ТикТок парақшасында өзі түскен көріністің видеосын жариялаған еді.