Кино • 04 Желтоқсан, 2023

Қожабековке қиянат жасаған кім?

125 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өнердегі алғашқы адымын кинорежиссер Марк Донскойдың «Аласталған Алитет» фильміндегі Аэ рөлімен аттап, ә дегеннен ел назарын өзіне бұрғызған келбеті келіскен көркем жігіттің келешегінен театр мен кино мамандары, жалпы қалың көрермен зор үміт күткен. Одан кейінгі «Біз Жетісуданбыз» (Нартай), «Шабандоз қыз» (Айдар) картиналарындағы кесек бейнесі де актер болашағына артқан сенімді одан әрі нығайта түсті. Тіпті дәуірінің реформаторы болған режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің өзі балалар мен жасөспірімдер театрында жетекші актер болып қызмет етіп жүрген жас әртісті аттай қалап, М.Әуезов атындағы драма театрға шақырады. Шоқан мен Хлестаков рөлін ұсынған режиссердің талантты әртіске деген шығармашылық жоспары үлкен болатын.

Қожабековке қиянат жасаған кім?

Әзірбайжан Мәмбетовтің ұсы­нысын қуана қабыл алған актер Хлестаковтан бөлек, Шекспир мен Ибсеннің кейіпкерлерін де сахнаға шығаруды жан-тәнімен көкседі. Әсіресе Гамлетке жан бітіріп, сахнада Құнанбайдың кесек бейнесін жасау талғамы биік, танымы терең әртістің өмірлік арманы болатын... Алайда 1960 жылдың 10 қаңтарына қараған түн өнер аспанында жұлдыздай жар­қы­раған жасампаз актердің бар ар­манын күйретіп, келешекке деген сенімінің күл-паршасын шығарды.

«Біз кешкі репетицияға келдік. Келсем, Кененбай жоқ. Әрі тосамыз, бері тосамыз, содан хабар келді. Ішіп алған балалар Нұр­мұханнан темекі сұрапты. Нұр­мұхан мінезді. Сол бірдеңе деген. Шекісіп қалғаннан кейін Кененбайдың арқасынан темір­менен жарақаттаған» деп актердің әріп­тесі, сахналық серіктесі Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген әртісі Та­мара Қосыбаева мән-жайды өзі көр­ген шын­дық негізінде баяндапты.

Дәл осы сәттен бастап Қазақ КСР-нің халық әртісі, қайталанбас актер Кенебай Қожабековтің қа­сіретті күндері басталған еді... Жа­уыздардың сілтеген пышағы талантты актердің жұлынын жара­қат­тап, омыртқасына зақым кел­ті­ріп қана қоймай, оның асқақ ар­мандарының да қанатын қиып түсті.

Өмірін күрт өзгерткен қаңтар­дың сол бір қайғылы түні туралы актердің өзі кейінірек «Қа­зақстан пионері» газетіне берген сұхбатында былай деп баяндаған екен: «...Театрдағы репетицияға кеш­кісін асығып бара жатыр едік. Қасымда екі талантты досым бар. Олар қазір өсіп, атақты әртістер болып кетті. Театрға бір көше қалғанда қараңдаған қара қарғадай бір топ қараңғы бұрышта бізді қоршап алды. Қасымдағы досымның біреуіне қол жұмсап үлгерді. Арашаға мен түстім. Кенет бір опасыз оңбаған арт жа­ғым­нан, омыртқа тұсымнан пышақ сұқты. Бар дүние астан-кестен, қара аспан түнек болып, құлап түстім. Әлден соң көзімді ашсам, жанымда ешкім жоқ».

Актер атын атамай, бірақ сұх­батында тілге тиек етіп өткен екі талантты досы – қазақ сахна өне­рі мен экранының мақтанышы Нұрмұхан Жантөрин мен Ыдырыс Ноғайбаев еді. Араларын қыл өт­пес үш достың берік достығы дәл осы түннен кейін бұрынғыша болмады. Аралары алшақтаған актерлер қанша тырысқанымен, сол бір салқындыққа өле-өлгенше сәуле түсіре алмай өтті. Кененбай Қожабековтің ұлы Ілиястың айтуынша, осы жағдайдан кейін қоян-қолтық араласып жүрген Нұрмұхан Жантөрин екеуі мүлдем араласпай кетіпті: «Олардың ортасында не болғаны туралы бірдеңе дей қою қиын. Әйтеуір араларында бір үлкен қамал тұрғандай болды. Екеуі де сол қамалды бұзып өткілері келді. Бірақ олай болмады» дейді актердің ұлы осы бір түсініксіздеу жағдайдың мән-жайы турасында.

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, осы оқиғадан кейін 28 жыл арбаға таңылған актерді өмірлік жар деп таңдаған әйелі тас­тап кетті. Мәңгілікке серт­тес­кен достары сырт айналды. Денсаулығы дін аманда тө­­бе­сіне көтеріп, кілең басты рөл­ді ұсын­ған театры жұмыстан шы­ғарып жіберді. Толассыз келіп жататын киноға шақырулар да сап тыйылды. Бір басына үйірілген осы қиыншылықтың барлығын қайсар актер қайыспай көтерді. Қос құлынын жетектеп жүріп, ержеткізді. Бойындағы бар жігерін жиып, Сұлтан Қожықов, Нұр­ғиса Тілендиев, Абдолла Қар­сақ­баев секілді нағыз жанашыр достарының қолдауымен өр қал­пында өнерге қайта оралып, қай­таланбас кесек бейнелер тудырды.

«Уақыт – емші» дейді. Ара­да өткен жылдар жаралы жанның дертін сәл де болсын жұм­сарт­қанымен, қараңғы түнмен тұң­ғиыққа сіңіп кеткен үш достың арасындағы құпия сол қалпы сырын ашпастан өздерімен бірге кетті. Бірақ Кененбай Қожабеков қайтыс болғанда Нұрмұхан Жан­төрин қатты қайғырып, өксіп жылаған деседі білетіндер. Ал Қожабековтің өмірін күл-парша еткен қиянатқа кім кінәлі? Жан қиыспас достардың арасында қандай құпия қалды? Кененбай актер нені кешіре алмады? Себеп достардың сатқындығы ма? Екі дос кінәлі болмаса неге актерден алыстады? Әртістің ұлы Ілиястың «Әкемді мүгедек қылған сол кездегі белгілі министрдің баласы. Бұл жағдай арнайы жоспар бойынша жасалған» деген күдігі қаншалықты қисынды? Кінәлі болса, ол неге жазадан құтылып кетті? Қанша жыл өтсе де бұл сұрақтарға әлі күнге дейін мардымды жауап табылмай келеді. Ал осы оқиғадан кейін бір-бірінің шығармашылығы һәм достықтары туралы ләм демеген үшеу үнсіз өмірден өтті. Бар шындық өздерімен бірге кетті.