Мәдениет • 11 Желтоқсан, 2023

Сұлу Сырдан – ару Астанаға: Қызылорда облысының мәдени күндері мәресіне жетті

165 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Арқаға сағындырып жеткен аязды күндерге ақ күріштің отаны – Сыр өңірінен келген өнер тартуы шырай кіргізгендей. Ару қала Астанамыздың 25 жылдығына орай ұйымдастырылған Қызыл­орда облысының мәдени күндері шын мәнінде өнердің мәдени мерекесіне ұласты. Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музы­калық драма театры әкелген Ш.Айтматовтың «Жәмилә» мен Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» қойылымдары, соны­мен қатар Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қызылорда облысы өнер шеберлерінің гала-концерті мен «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты тарихи танымдық көрме де мазмұнды іс-шараның мәнін аша түсті.

Сұлу Сырдан – ару Астанаға: Қызылорда облысының мәдени күндері мәресіне жетті

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Өнер мерекесін Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музы­ка­лық драма театры Астана қала­­лық Жастар театрында Ш.Айт­­­матовтың «Жәмилә» қойы­лымымен ашты. Ұлы жазушының бұл драма­сында адамзат өміріндегі қалып­тас­қан дәстүр мен өз тағдыр тақ­та­сын­да­ғы таңдауға қарсы тұрған жас әйел­дің нәубетке толы махаббаты бейне­ленеді.

Жалпы, «Жәмиләнің» әде­биет­тегі де, театрдағы да тағдыры әу бастан табысты болды. Оқырман әлі күнге дейін қайталап оқудан жалық­пайтын туынды қазақ театр­лары сахнасында да ең көп қойы­ла­тын спектакльдер санатында.

см

Н.Бекежанов театры әкелген бұл қойылым да өз ерекшелігімен дараланды. Оның үстіне облыстық театр әртістерінің әлеуетін тануға да тамаша мүмкіндік сыйлады. Алматыдан арнайы шақырумен келіп қызылордалық көремендерге арнап қойылым қойған халық­ара­лық және республикалық фести­валь­дердің лауреаты, талантты режиссер Дина Жұмабайдың бұл жұмысы әдеттегіше өзіндік суреткерлік қолтаңбасымен ерек­ше­ленді. Инсценировкасынан бас­тап символдық сөйлетулерге дейін сахнада сәтті оқылды. Қойы­лым­ды көркемдеген әуен де (композиторы – Нұсұлтан Төреәлі) өз әуезімен бірден көрерменін баурап алды. Бірақ театрдағы қандай сәтті жұмысқа да шырай кіргізетін сол ұжымның әртістері екенін де ұмытпауымыз керек. Бұл тұрғыдан келгенде Қызылорда театрында талантты сахнагерлердің өсіп келе жатқаны әлбетте қуантады. Әйтсе де біз тамашалаған қойылымда ойнаған актерлер Астана сахнасын жатырқады ма, әлде сақылдаған 40 градус аяз шабыттарын тежеді ме екен, әйтеуір күткеніміздей жарқырап көріне алмады. Кейіп­керлер желісінің жемісті сарапталуы мен жүйелі ашылуын, мінездердің мінсіз мүсінделуін былай қойғанда, жанды дауыста орындалатын Жәмилә мен Даниярдың әнін ести алмай пұшайман күйде тарқасқанымыз да көңілді күпті етті. Басты рөлде ойнаған Жәмилә – Жауһар Еркіноваға да, Данияр – Қанат Архабаевқа да әлі де тереңірек ізденістер, кейіпкерін бойға сіңірудегі салмақты сараптаулар жетіспей жатты. Сол секілді спектакль костюмі бойынша ізденген дизайнер Кәмила Дауылбаеваның жұмысы да қайта қарауға сұранып тұрғандай. Әсіресе бас кейіпкер Жәмиләнің костюмі көзіқарақты көрерменнің қабылдауын былай қойғанда, тым жұқа әрі шолтаң-шолтаң етіп актрисаның өзінің еркін ойнауына да көп кедергісін келтіргенін байқау қиын емес. Сейіттің анасы рөліндегі әртістің киімін де концерттік емес, дәуір үнін сезініп, сахнаға лайықтап қайта жасаса, спектакльдің қабыл­да­нуы да басқаша салмақ алар ма еді деген тілекте үйімізге тар­қастық.

симим

Екінші күні де қызылордалық театр ұжымымен Жастар теат­рында қайта қауыштық. Бұл жолы шығармашылық труппа мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығына орай Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектаклін ұсынды. Бұл спектакль кеңестік заманның бұлғақты кезеңінде халық ағарту комиссары қызметінде жүріп, ұлттың рухын оятуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің қилы тағ­дыры турасынан сыр шертеді. Қойылымның режиссері – театр­дың­ ақсақалы, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Қызылорда облы­­сының құрметті азаматы Хұсейін Әмір-Темір.

– Он жылға жуықтапты, Қызыл­о­рда облысы Астанаға өнер сапарымен келмеген екен. Осы олқы­лық­тың орнын толтырайық деп облыс әкімі, өнердің үлкен жана­шыры Нәлібаев Нұрлыбек Маш­бек­ұлы­ның бас­тамасымен елордамызға бар жақ­сы­мызды алып келіп қалдық. Біз енді театрда қызмет еткендіктен, әлбетте тартуымыз қойылым ғой. Н.Беке­жанов атындағы қазақ акаде­миялық музыкалық драма театры астаналық көрермендерге арнап екі қойылым әкелді. Оның бірі – Ш.Айтматовтың «Жәмиләсі» болса, екіншісі – Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» тарихи драмасы. Өздеріңіз білетіндей, биыл ұлт қайраткері, алаш арысы Т.Жүргеновтің 125 жылдығы. Қазақ үшін өлшеусіз қызмет етіп, теңдессіз еңбек сіңірген тұлғаның мерейто­йына қосқан біздің де бір үлесіміз болсын деп осы қойылымды алып келдік. Темірбектей нағыз ұлтжанды азаматтардың ерен еңбегі, тағы­лым­ды тағдыры қойылымды тама­шалаған әр көрерменге ой салады, жастарымызды рухтандырады деп сенеміз, – деді спектакль режиссері Хұсейін Әмір-Темір.

сопро

Қызылорда облысының Аста­на­­­дағы мәдениет және өнер күн­дері «Бейбітшілік және келі­сім» сара­йында өткен «Сұлу Сырдан – Ару Астанаға» атты гала-концертпен қорытындыланды. Сыр өнерінің салтанатын көруге Сенат Төрағасының орын­­басары Жақып Асанов, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қырым­бек Көшербаев, Гүлшара Әбдіқа­лы­қова, облыс әкімі Нұрлы­бек Нәлібаев, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері арнайы келді.

Салтанатты кеш алдында­ ­ел­ор­­­­­­да­лық көрермен «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» көрмесімен танысты. Көрмеге аймақтың жетістіктері мен әлеу­меттік-экономикалық дамуын сурет­тейтін құнды экспонаттар қойылған. Атап айтсақ, айтулы көрме Сыр өңірінің тарихын баяндайтын 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде көрмеге археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан апасиак сақтарының астанасы болған ежелгі Шірік-Рабат қалашығы (б.з.д. ІV-ІІ ғғ.), Дәшті Оғыздың саяси орталығына айналған орта­ғасырлық Жанкент қалашығы (VІІ-ХІ ғғ.), Қыпшақ мемлекеті, Ақ Орда және Қазақ хандығының астанасы дәрежесіне көтерілген ортағасырлық Сығанақ қала­шығынан (Х-ХVІІІ ғғ.) табыл­­ған алтын жапсырмалар, әшекей бұйымдар, баламасы жоқ кера­ми­ка­лық бұйымдар және тағы да басқа бірегей археологиялық жәді­герлер және биыл еліміздің тари­хына үлкен ғылыми жаңалық болып енген «Шірік-Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары алғаш рет қойылды.

ит

Екінші этнографиялық бөлім­де ХІХ-ХХ ғасырларда Сыр бойын­да­ғы қазақ­тар пайдаланған құнды этногра­фиялық бұйымдар, оның ішінде музей қорындағы теңдесі жоқ зергерлік бұйымдар коллекциясы, үй жиһаздары, киіз үй интерьері орналастырылған. Сонымен қатар Сыр өңірінде өмір сүрген белгілі тарихи тұлғалардың – Бұқарбай батыр Естекбайұлы, Қалмұхаммед ишан Маралұлы, Ер Сейітпенбет әулие, Сердалы би Бекшораұлы, Құлболды ишан Сұлтанұлы пайда­лан­ған қару-жарақтар, мөрлер, сирек кездесетін кітаптар мен қол­жаз­балар, шежіре сынды құнды жәді­герлер де көпшілік назарына ұсы­нылды.

Ал үшінші бөлімде ХХ-ХХІ ға­сыр­­ларда аймақ­тың өнеркәсібі мен ауыл­ шаруа­шылығы дамуының жетістіктері баяндалды. Көрмеге Қызылорда облысының ауыл шаруа­­шы­лығындағы негізгі өнім – күріштің түрлері, аймақтағы Құмкөл мұнай кеніші, Аралтұз, т.б. өндірілген табиғи байлықтың түрлері қойылған. Сонымен қатар адамзат тарихындағы ғылымның жетістігі саналатын Байқоңыр ғарыш айлағының тарихы тура­лы­ мәлімет беретін экспонаттар – ғарыш кемелері, скафандра, зы­мырандардың макеттері де маз­мұн­ды көрменің көркін ашты.

Көрмеге қойылған осынау тарихи да, танымдық та мәні зор осынау бай мұраның ішінде, әсіресе археологиялық қазба жұмыс­тары кезінде табылып, жаң­ғыр­тудан өткен «Шірік-Рабат сақ жауын­гері», «Сығанақ ханшайымы» мүсіндерін, айтыс өнерінің ақтаң­гері Мұхтар Ниязовқа берілген «Алтын домбыраны» және өзге де жәдігерлерді тамашалаушылар легі көпке дейін толастамады.

Қызылорда облысы мәдениет күндерін «Сұлу Сырдан – Ару Астанаға» атты өнер шебер­ле­рінің гала-концерті сәтті түйін­деді. Айтулы өнер кешінде Сыр бойынан шыққан таны­мал эстрада жұлдыздары – Жеңіс Сейдоллаұлы, Елена Әбдіха­лы­қова, Жеңіс Ысқақова, Мәдина Сәдуақасова, Ғалымжан Нарым­бетов, Құралай Мейрамбек, сондай-ақ Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі, биыл алғаш рет құрылған симфония оркестрі, «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамблі, «Томирис» би ансамблі, Сыр өңірінің жыраулық өнер өкілдері және тағы да басқа таланттар өнер көрсетті. Концерттік бағдарламаны елімізге танымал тележүргізушілер Айкерім Есенәлі, Ғалымжан Кеңшілік және жергілікті концерт жүргізушілері Қанат Әбдіқадыров мен Мереке Жалғас тізгіндеді.

Өңірдің өнер мейрамы Сыр елінің гимніне айналған Елена Әбдіхалықованың орындауындағы автордың «Сыр елім» әнімен ашылды. Одан әрі Қызылорда өңірінің тума таланттарының репер­туа­­рын­дағы әндер мен белгілі ақын­дардың сөзіне жазылған туындылар орындалды. Атап айтсақ, Роза Бағланованың орындауындағы «Іңкәрім-ай», Ибрагим Исаның сөзіне жазылған «Отандастар» және Батыр­хан Шүке­новтің «Сағым дүние» әндері жас өнерпаздар орын­дауын­да­ тыңдарман көңілін тербе­ді. Ал бір дәуірде жасасқан Сыр мақ­таныш­тарының топтамасы Кеңес Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған ел!» композициясымен түйін­делді.

Сонымен қатар Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркес­трі­ Арал ауданының тумасы, күйші, композитор Мұрат Сыды­қов­тың «Батыр баба» күйін орын­дады. Экранда шежірелі өңір­де тарихи­ төрт астананың болғандығын баян­дайтын бейнетуынды көрсе­тілді. Сондай-ақ Сыр бойындағы Нұртуған, Жиенбай, Сәрсенбай жырау, Нартай ән-жыр мектептерінің мақам-саздары домбырамен, сырнаймен, қобызбен орындалды. Нұртуған жыр мектебінің өкілі Шолпан Бимбетова, Жиенбай жыр мектебінің өкілдері Руслан Ахметов, Күнсұлу Түрікпен, Нұрай Ерталапқызы, Сәрсенбай жыраудың ұрпағы Майра Сәрсен­баева, Нартай ән мектебінің өкілі Ақмарал Ноғайбаева және Марат Сүгірбай, бала жырау Нөсер Айдосұлы Астанаға жыр шашуын арнады.

Түркітілдес елдерге ортақ Қорқыт бабамыздың қобыз сары­нын бүгінге жеткізген қылқо­быз­шылар Қорқыттың «Қоңыр» күйін орындаса, әнші, «Қазақстан дауысы» мегажобасының және халықаралық байқаулардың жеңім­пазы Құралай Мейрамбек жер­гі­лікті ақын Оңталап Нұрма­ханов­тың сөзіне жазылған Рамазан Тай­ма­новтың «Қорқыт-қобыз» әнін шырқады.

Бұл концерттің тағы бір жаңа­лығы – астаналық көрермен өнер мерекесінде тұңғыш рет екі оркестрдің айтысын тамашалады. Кәсіби өнер иелерінен құралған Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен жақында тұсауы кесілген симфония оркестрі әлем классиктері мен қазақ композиторларының шығармаларын орындады.

Көрермен ретінде көңіл мар­қайтқан тұс – Сыр бойын­да дәстүрлі өнермен қатар класси­калық музыка жанрының да жанданып, өз биігінде бедер салуы дер едік. Оның тамаша мысалы – концерттің классикалық бөлімінде солистер 5 тілде әлемдік туындылар шеруін жасады. Қазақтың ән өнерін әлемдік сахналарда насихаттаған Мағжан Аманжолов, Мақсат Мақұлбеков, Ақылбек Табынбаев, Сымбат Тасбергенова және есімдері елге белгілі талантты әншілер – Бибігүл Жанұзақ, Ұлпан Әбдікәрімова, Алмат Ізмәнбетов, Асхат Бөлебай классикалық шы­ғар­маларды шарықтата шыр­қаса, «Сыр сандуғаштары» балалар тобы Ринат Гайсиннің «Астана» әнімен елордалық көрермендердің құрметіне бөленді.

Сондай-ақ өнердің үлкен мейра­мына ұласқан бұл кешке түрлі жанр, заманауи коллаборация­лар, этно-модерн стилінде өнер көрсетіп, қазақ күйлерін басқа аспаптар­мен сүйемелдеп, кеңістігін ке­ңей­т­кен баянист-аккордеонист, халық­аралық байқаулардың лау­реаты, Сыр елінің тумасы Ғалымжан Нарымбетов те шақы­рылыпты. Ол симфония оркес­трінің сүйе­мел­деуімен француз ком­по­з­иторының туындысын орын­дады.

Ал мерекелік гала-концерттің эстрада бөлімінде Сыр бойынан шыққан танымал эстрада әншілері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Жеңіс Сейдоллаұлы, Жеңіс Ысқақова, Мәдина Сәдуақасова бастаған өнер майталмандары репертуарындағы елор­даға арналған әндерін шыр­қаса, жергілікті өнерпаздар Жалын Жүсіпов, Айсұлу Әбді, Аружан Төреғали, Ерлан Садықов оркестрлер сүйемелдеуімен Елена Әбдіхалықованың «Қазақ елі»
туындысын асқақтатты.

Астана аспанын әуезді ән мен күмбір күйдің мейрамына ұластырған ауқымды кешке жалпы саны 250-ге жуық өнерпаз қатысты. Ал одан бірнеше есе көп көрермен Сыр таланттарының концертін үлкен құрметпен қабыл алды. Дәстүр мен класси­каны, эстрада мен эстетиканы қатар ұштас­­тырған ерекше кештен Астана халқы айрықша көңіл күй­мен тарқасты. Ілтипатын ша­па­лақ үнімен білдірген көрер­мен қоше­меті көпке дейін толас­тамады.