Білім • 16 Желтоқсан, 2023

Білімге құштар ұлт

114 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақ ерте кезден баласын оқытуға, сауатын ашуға тырысқан. Қорадағы соңғы малын сатса да перзентіне білім есігін ашуға барын салатын әдет, әлде үрдіс сонау бағзыдан қалыптасты. Бұл сөзімізге өткен ғасырларда-ақ білімге бойлаған, жырақтан ілім іздеген қазақтар дәлел бола алады.

Білімге құштар ұлт

Инфографиканы жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Қазақ даласында туып, қиыр­ға ілім іздеп аттанып, әлем­ге ортақ білім мен ғы­лым­­ның өкілі атанған­дар­дың көш басында Әбу Насыр әл-Фараби тұр. Ол – түркі ойшыл­дарының ең атақ­тысы, «Әлемнің екінші ұстазы» атан­ған ғұлама. Ашық дерек­көз­дерге сүйенсек, сонау 870 жылы қазіргі Отырар қала­сын­да туып, туған жерінде ана тілінде сауат ашып, кейін 12-16 жас шамасында керуенге ілесіп, білім қуып Бағдатқа аттанған. Ойшыл философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, гео­графия, математика, меди­цина, музыка салаларынан 150-ге тарта трактат жазып қал­дырды.

Ел тарихындағы қай заманда да өз кезеңіне лайық, сол уақыттың талабына жауап беретін білім алуға ұмтыл­ған­дар жетерлік. Соның бір беле­сін­де кеңес одағы құрыл­ған­ға дейін білім алып, өзін тұлға ретінде қалыптастырған және қазақ елінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Шоқан, Ыбырай, Абай, одан сәл беріректе Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұс­тафа сынды арыстарымыз тұр. Әрбірінің шоқтығы биік. Десек те, солардың ішінде тақы­рыпқа сай арнайы атап өте­тіні – Шоқанның сол кез­дегі ең таңдаулы оқу орны саналған Сібір кадет корпу­сын бітіргені, сондай-ақ ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан мен тәуелсіз әрі біртұтас Түркіс­тан­ның идеологі Мұстафа Шоқайдың жоғары білім алуы. Әлиханды әкесі 9 жа­сында Қарқаралыдағы молда­ның қолына оқуға берді. Бірақ зерделі бала молдадан оқы­ған­дардан гөрі мектепте оқып жүргендердің сауат­ты­­­­рақ екенін аңғарып, қала­да­ғы үш кластық бастауыш мек­­тепке өз еркімен ауысып алған. 1879-1886 жылдары Қар­қаралы қаласындағы қазақ бала­ларына арналған мектепте оқыды. Осыдан-ақ ХІХ ғасырда оқу қуған дарындыларға білім берерлік мектеп болғанын аңғаруға болады. Әлихан мұнымен де шектелмей, Омбыдағы тех­ни­калық училищені «тех­ник» мамандығы бойынша бітірді. Содан соң Санкт-Петербургтегі Орман шаруа­шы­­лығы институтының эко­­­­номика факультетінде оқы­ды. Әуелі ауыл молдасынан хат таныған Мұстафа Шоқай да Ташкенттегі ерлер гим­­­­­назиясын бітіріп, кейін Пе­тербург университетінің заң факультетін тәмамдады. Ол ағылшын, француз, түрік, өзбек, орыс тілдерін білген.

Тарих ғылымдарының кандидаты Дәурен Ескекбаев 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін 120-дан аса қазақтың жоғары білімі болғанын айтады.

– Қазан төңкерісіне дейін Орталық Азия мен Қазақстан аумағында бірде-бір жоғарғы оқу орны болмағаны белгілі. Біраз ғалым Қазан төңкерісіне дейінгі жоғары оқу орындары ретінде Шымкент, Әулие­ата, Түркістан, Ақмешіт медре­се­лерін атап жүр. Еуропада жоғары мектепті бітірген және патшалық Ресей оқу орындарында қоғамдық ғылымдар саласында білім алған жергі­лік­ті ұлт өкілдері өте сирек еді. Бұл туралы академик К.Нұрпейіс: «XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қалыптасқан қазақ зиялы қауымы негізінен Петербург, Тарту, Варшава, Мәскеу, Қазан, Өфе, Ташкент, Омбы, Том университеттері мен институттарында, басқа да қалалардағы арнаулы орта білім беретін оқу орындарында білім алды. Жекелеген қазақ жастары Түркия мен Мысыр сияқты елдерде мұ­сыл­мандық жоғары мектеп­терде оқыды», деп жазды. XX ғасырдың басына қарай қазақ зиялыларының қалыптасу үрдісі жүрді, олар­дың бір бөлігі еуропалық білім алғандар еді. Осы бағыттағы арнайы зерттеу еңбектерінің мәліметтері бойынша, XIX ғасырдың 20-жылдарынан 1917 жылға дейін Қазан уни­вер­ситетінде отыздан аса қа­зақ баласы білім алып, оның он жетісі заң факультетін тәмам­даған. Жалпы, төңке­ріс­ке дейін 120-дан аса қазақтың жоғары білімі болса, 700-ден көбі орта білім алған екен. Негізі XX ғасырдың алғашқы ширегінде жоғары білім алған қазақтар туралы арнайы зерттеулер болған жоқ. Содан да болар кеңес дәуіріндегі кей еңбектерде «Кеңес өкіметі орнағанға дейін небәрі 22 ғана қазақ ұлты өкілінің жо­ға­ры білімі болды» деген мәлі­меттер негізге алынған, – дейді ғалым Д.Ескекбаев.

Ғалымның айтуынша, жоғары білім алған қазақтар туралы кезіндегі «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетін­де­гі мақалалардан немесе ке­йін­гі жылдары жарияланған есте­ліктерден ғана білуге болады. Мәселен, М.Шоқай ре­дак­торлық еткен «Жас Түркіс­тан» журналының 1929 жылғы 7-8 санында «Ғазымбек Бірім­жанов сүргінде, Ғабдулуақаб қамауда» деген мақаладағы: «Берлин жоғары ауылшаруа­шылық мектебін бітіріп, қыз­мет етпек үшін Түркістанға қайтып кеткен Ғабдулуақаб Марат қамауға алынған және Ғазымбек Бірімжанов сүргінге айдалған. Еуропада жоғары мектепті бітіріп, жұртымызға қайтқан жалғыз сол екі ғана жігіт еді», деген шағын ғана үзіндіде қаншама мағлұмат жатыр.

Ғалым Д.Ескекбаев «XIX ғасырда университеттерде бі­лім алған қазақтар» деп ата­латын деректер тізімін әзір­леген. Автор бұл тізімнің толық емес екенін, сондықтан мүм­кіндігінше мемлекеттік грант­тық бағдарламалар ая­сын­да әлі де Ресейдегі мұ­ра­ғат қорларынан толық­тай зерттеуді қажет ете­тінін ескертті. Тізімде Санкт-Пе­тер­бург, Том, Қазан, Ыс­тан­бұл, Мәскеу уни­верси­тетін, Қазандағы мал дәрі­герлері инс­титутын, Қазан­дағы духовная академияны, Санкт-Петербург универ­си­те­тінің әскери медицина академиясын бітірген қазақтар бар. ХX ғасырдың бас кезінен төңкеріске дейін университеттерде білім алған қазақ зия­­лы­ларының да тізімін жа­­сапты. Онда жоғарыда атал­­ған университеттермен қатар 1909 жылы Мысырда (Еги­пет) әл-Қаһира (Каир) уни­вер­­ситетін, Варшавадағы мал дәрігерлері институтын, Саратов, Киев университетін бітірген қазақтар қосылған. Осы толық емес тізімдегі мә­ліметтердің өзінен-ақ ХІХ ғасырдан бастап қазақ зиялылары шетелде оқуға, білімге ұмтылғанын көреміз.

Тарихшы-ғалым Алмас Жүніс­бай революцияға де­йін елден жырақтап білім алған қазақ зиялыларының жар­қын өкілдерін алғашқы «болашақтықтарға» теңеді.

– Қазіргі тілмен айтқанда, төңкеріске дейін Ресейге барып білім алған қазақ жастары алғашқы «болашақтықтар» еді. Революцияға дейін Ресейдегі жоғары білімге санаулы қазақ жастары ғана қол жеткізді. Өйт­кені бұл уақытта Ресейге барып білім алу шығыны көп әрі ұзақ шаруа еді. Оның бір талабы – орыс билігі қазақ жерінде ашқан орта білім орнын аяқтап, Ресейдің оқу орнынан, жергілікті билік органынан рұқсат алып, арнайы сынақ емтихандарын тапсыру. Қазақ жастарын Ресейге оқуға жіберуде тек жергілікті отарлық билік қана емес, жергілікті қазақтар да мүдделі болды. Қазақ жас­тарына демеушілік жасаған ауқат­ты қазақтар олар көзін ашып, елге оралған соң, қа­зақ­тың мүддесін қорғай­ты­нына сенгісі келді. Тарих көр­сеткендей, Ресейде білім алған жастардың біраз бөлігі, ең алдымен, заң факультеттерінде оқып, кейін қоғамдық-саяси өмірге араласу арқылы орыс билігі алдында қазақтардың мүддесін қорғауға талпынды. Большевиктер билігі орнаған соң, Ресейдегі білім беру жү­йесі түбегейлі өзгеріске ұшы­рады. Аласапыран заманда да қазақ жастары Ресейдің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға талпынды. Саяси бедел жинақтаған қазақ қайраткерлері де қазақ жастарының бұл талпынысына қолдау білдіруге ұмтылды. Мысалы, 1922 жылы Тұрар Рысқұлов РКФСР Ұлт іс­тер жөніндегі халық ко­мис­­сариатында қызмет еткен уақытта Мәскеудегі Шы­ғыс тілдері институтына (кейіннен Н.Нари­манов атындағы Шы­ғыс­­­тану институты, қазір­­­­гі Мәс­кеу мемле­кеттік халық­­­аралық қаты­нас­тар институты) ревизия жүр­гізіп, оның жұмысын қай­та құрған кезде, Түркістан өлкесінің жастарына арнайы 10 білім грантын бөлдіртіп берді, – деді А.Жүнісбай.

Тарихшының айтуынша, азамат соғысы және ашар­шы­лық жылдары Түркіс­тан­ның қираған ауыл шаруа­­шылығын қалпына келтіру үшін арнайы білімді мамандардан мұқтаждық көр­ген Түркістан өкіметі С.Асфен­дияров басқарған жер-су ха­лық комиссариаты ар­қылы Түр­кістанның жастарын Еу­ро­­паға оқуға жіберудің арна­йы жобасын қолға алды. Сол арқылы қазақтың 4 талапшыл жасы Германияның же­текші ауылшаруашылық оқу орындарына оқуға аттанды. Үкіметтің қар­жы­сына оқы­ған­дықтан, бұл жас­тар кейін Түркістан мен Қазақ­станға оралып, түрлі кеңестік мекемелерде, өндіріс орында­рын­да жұмыс істеп, ел игілігі үшін еңбек етті. Яғни Рыс­құлов пен Асфендияров сын­ды ал­дыңғы қатарлы қа­зақ қай­рат­­керлерінің үмітін ақтаған болатын.

Кеңес өкіметі тұсында «ре­волюцияға дейін қазақтың екі-ақ пайызы сауатты болған» деген дерек жиі айтылды. Әл­бетте, мұның жалған екені анық. Оны жоғарыда біз кел­тірген деректерден-ақ бай­қауға болады. Шын мәнінде, қазақ – білімге құштар ұлт.