Инфографиканы жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Қазақ даласында туып, қиырға ілім іздеп аттанып, әлемге ортақ білім мен ғылымның өкілі атанғандардың көш басында Әбу Насыр әл-Фараби тұр. Ол – түркі ойшылдарының ең атақтысы, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұлама. Ашық дереккөздерге сүйенсек, сонау 870 жылы қазіргі Отырар қаласында туып, туған жерінде ана тілінде сауат ашып, кейін 12-16 жас шамасында керуенге ілесіп, білім қуып Бағдатқа аттанған. Ойшыл философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 150-ге тарта трактат жазып қалдырды.
Ел тарихындағы қай заманда да өз кезеңіне лайық, сол уақыттың талабына жауап беретін білім алуға ұмтылғандар жетерлік. Соның бір белесінде кеңес одағы құрылғанға дейін білім алып, өзін тұлға ретінде қалыптастырған және қазақ елінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Шоқан, Ыбырай, Абай, одан сәл беріректе Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа сынды арыстарымыз тұр. Әрбірінің шоқтығы биік. Десек те, солардың ішінде тақырыпқа сай арнайы атап өтетіні – Шоқанның сол кездегі ең таңдаулы оқу орны саналған Сібір кадет корпусын бітіргені, сондай-ақ ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан мен тәуелсіз әрі біртұтас Түркістанның идеологі Мұстафа Шоқайдың жоғары білім алуы. Әлиханды әкесі 9 жасында Қарқаралыдағы молданың қолына оқуға берді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі мектепте оқып жүргендердің сауаттырақ екенін аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алған. 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқыды. Осыдан-ақ ХІХ ғасырда оқу қуған дарындыларға білім берерлік мектеп болғанын аңғаруға болады. Әлихан мұнымен де шектелмей, Омбыдағы техникалық училищені «техник» мамандығы бойынша бітірді. Содан соң Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтының экономика факультетінде оқыды. Әуелі ауыл молдасынан хат таныған Мұстафа Шоқай да Ташкенттегі ерлер гимназиясын бітіріп, кейін Петербург университетінің заң факультетін тәмамдады. Ол ағылшын, француз, түрік, өзбек, орыс тілдерін білген.
Тарих ғылымдарының кандидаты Дәурен Ескекбаев 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін 120-дан аса қазақтың жоғары білімі болғанын айтады.
– Қазан төңкерісіне дейін Орталық Азия мен Қазақстан аумағында бірде-бір жоғарғы оқу орны болмағаны белгілі. Біраз ғалым Қазан төңкерісіне дейінгі жоғары оқу орындары ретінде Шымкент, Әулиеата, Түркістан, Ақмешіт медреселерін атап жүр. Еуропада жоғары мектепті бітірген және патшалық Ресей оқу орындарында қоғамдық ғылымдар саласында білім алған жергілікті ұлт өкілдері өте сирек еді. Бұл туралы академик К.Нұрпейіс: «XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қалыптасқан қазақ зиялы қауымы негізінен Петербург, Тарту, Варшава, Мәскеу, Қазан, Өфе, Ташкент, Омбы, Том университеттері мен институттарында, басқа да қалалардағы арнаулы орта білім беретін оқу орындарында білім алды. Жекелеген қазақ жастары Түркия мен Мысыр сияқты елдерде мұсылмандық жоғары мектептерде оқыды», деп жазды. XX ғасырдың басына қарай қазақ зиялыларының қалыптасу үрдісі жүрді, олардың бір бөлігі еуропалық білім алғандар еді. Осы бағыттағы арнайы зерттеу еңбектерінің мәліметтері бойынша, XIX ғасырдың 20-жылдарынан 1917 жылға дейін Қазан университетінде отыздан аса қазақ баласы білім алып, оның он жетісі заң факультетін тәмамдаған. Жалпы, төңкеріске дейін 120-дан аса қазақтың жоғары білімі болса, 700-ден көбі орта білім алған екен. Негізі XX ғасырдың алғашқы ширегінде жоғары білім алған қазақтар туралы арнайы зерттеулер болған жоқ. Содан да болар кеңес дәуіріндегі кей еңбектерде «Кеңес өкіметі орнағанға дейін небәрі 22 ғана қазақ ұлты өкілінің жоғары білімі болды» деген мәліметтер негізге алынған, – дейді ғалым Д.Ескекбаев.
Ғалымның айтуынша, жоғары білім алған қазақтар туралы кезіндегі «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіндегі мақалалардан немесе кейінгі жылдары жарияланған естеліктерден ғана білуге болады. Мәселен, М.Шоқай редакторлық еткен «Жас Түркістан» журналының 1929 жылғы 7-8 санында «Ғазымбек Бірімжанов сүргінде, Ғабдулуақаб қамауда» деген мақаладағы: «Берлин жоғары ауылшаруашылық мектебін бітіріп, қызмет етпек үшін Түркістанға қайтып кеткен Ғабдулуақаб Марат қамауға алынған және Ғазымбек Бірімжанов сүргінге айдалған. Еуропада жоғары мектепті бітіріп, жұртымызға қайтқан жалғыз сол екі ғана жігіт еді», деген шағын ғана үзіндіде қаншама мағлұмат жатыр.
Ғалым Д.Ескекбаев «XIX ғасырда университеттерде білім алған қазақтар» деп аталатын деректер тізімін әзірлеген. Автор бұл тізімнің толық емес екенін, сондықтан мүмкіндігінше мемлекеттік гранттық бағдарламалар аясында әлі де Ресейдегі мұрағат қорларынан толықтай зерттеуді қажет ететінін ескертті. Тізімде Санкт-Петербург, Том, Қазан, Ыстанбұл, Мәскеу университетін, Қазандағы мал дәрігерлері институтын, Қазандағы духовная академияны, Санкт-Петербург университетінің әскери медицина академиясын бітірген қазақтар бар. ХX ғасырдың бас кезінен төңкеріске дейін университеттерде білім алған қазақ зиялыларының да тізімін жасапты. Онда жоғарыда аталған университеттермен қатар 1909 жылы Мысырда (Египет) әл-Қаһира (Каир) университетін, Варшавадағы мал дәрігерлері институтын, Саратов, Киев университетін бітірген қазақтар қосылған. Осы толық емес тізімдегі мәліметтердің өзінен-ақ ХІХ ғасырдан бастап қазақ зиялылары шетелде оқуға, білімге ұмтылғанын көреміз.
Тарихшы-ғалым Алмас Жүнісбай революцияға дейін елден жырақтап білім алған қазақ зиялыларының жарқын өкілдерін алғашқы «болашақтықтарға» теңеді.
– Қазіргі тілмен айтқанда, төңкеріске дейін Ресейге барып білім алған қазақ жастары алғашқы «болашақтықтар» еді. Революцияға дейін Ресейдегі жоғары білімге санаулы қазақ жастары ғана қол жеткізді. Өйткені бұл уақытта Ресейге барып білім алу шығыны көп әрі ұзақ шаруа еді. Оның бір талабы – орыс билігі қазақ жерінде ашқан орта білім орнын аяқтап, Ресейдің оқу орнынан, жергілікті билік органынан рұқсат алып, арнайы сынақ емтихандарын тапсыру. Қазақ жастарын Ресейге оқуға жіберуде тек жергілікті отарлық билік қана емес, жергілікті қазақтар да мүдделі болды. Қазақ жастарына демеушілік жасаған ауқатты қазақтар олар көзін ашып, елге оралған соң, қазақтың мүддесін қорғайтынына сенгісі келді. Тарих көрсеткендей, Ресейде білім алған жастардың біраз бөлігі, ең алдымен, заң факультеттерінде оқып, кейін қоғамдық-саяси өмірге араласу арқылы орыс билігі алдында қазақтардың мүддесін қорғауға талпынды. Большевиктер билігі орнаған соң, Ресейдегі білім беру жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырады. Аласапыран заманда да қазақ жастары Ресейдің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға талпынды. Саяси бедел жинақтаған қазақ қайраткерлері де қазақ жастарының бұл талпынысына қолдау білдіруге ұмтылды. Мысалы, 1922 жылы Тұрар Рысқұлов РКФСР Ұлт істер жөніндегі халық комиссариатында қызмет еткен уақытта Мәскеудегі Шығыс тілдері институтына (кейіннен Н.Нариманов атындағы Шығыстану институты, қазіргі Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты) ревизия жүргізіп, оның жұмысын қайта құрған кезде, Түркістан өлкесінің жастарына арнайы 10 білім грантын бөлдіртіп берді, – деді А.Жүнісбай.
Тарихшының айтуынша, азамат соғысы және ашаршылық жылдары Түркістанның қираған ауыл шаруашылығын қалпына келтіру үшін арнайы білімді мамандардан мұқтаждық көрген Түркістан өкіметі С.Асфендияров басқарған жер-су халық комиссариаты арқылы Түркістанның жастарын Еуропаға оқуға жіберудің арнайы жобасын қолға алды. Сол арқылы қазақтың 4 талапшыл жасы Германияның жетекші ауылшаруашылық оқу орындарына оқуға аттанды. Үкіметтің қаржысына оқығандықтан, бұл жастар кейін Түркістан мен Қазақстанға оралып, түрлі кеңестік мекемелерде, өндіріс орындарында жұмыс істеп, ел игілігі үшін еңбек етті. Яғни Рысқұлов пен Асфендияров сынды алдыңғы қатарлы қазақ қайраткерлерінің үмітін ақтаған болатын.
Кеңес өкіметі тұсында «революцияға дейін қазақтың екі-ақ пайызы сауатты болған» деген дерек жиі айтылды. Әлбетте, мұның жалған екені анық. Оны жоғарыда біз келтірген деректерден-ақ байқауға болады. Шын мәнінде, қазақ – білімге құштар ұлт.