Руханият • 19 Желтоқсан, 2023

Сананы сілкінткен «Аз и Я»

166 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шын мәнінде, егемендіктің, еркіндіктің ақ таңына дейінгі азапты жолда кімдердің ізі қалғанын, рухты жырында кімдердің даусы естілетінін Жер-ана жақсы біледі. Қатпары қалың болса да, оқулығы жұқа тұнған тарих та куә. Қаншама жан азаттыққа қол созды, қаншама қадам жасалды, гүлдер солды, үміттер үзілді, шырағы сөнді. Рух сілкінді, тарихи сана оянды. Бұл «соғыста» ұлтының тәні мен жаны ояу болсын деген талай қайраткер қалам арқылы күресті. Елдің рухын берік етіп, ішкі сенімін күшейткен қаншама сүйекті шығарма қазақ аңсаған азаттыққа жол салды.

Сананы сілкінткен «Аз и Я»

Иә, заманның мың құбылып тұрған шағында, тоталитаризмнің қы­лышынан қан тамып тұрған ке­зінде қазақ зиялылары бір ғана ізгі мақ­сатты көздеді – тарихи са­наны сілкінту, ұлттық рухты жо­ғалт­пау. Осы жолда тарихи тақы­рыпта жазған шығармаларын мұз­жар­ғыш сынды пайдаланды. Мұх­тар Мағауиннің «Көк мұнары» (1972), Ілияс Есенберлиннің «Көшпен­ділері» (1969, 1971, 1973), Олжас Сүлей­меновтің «Аз и Я»-сы (1975), Софы Сматаевтың «Елім-айы» (1976), Әбіш Кекілбайұлының «Үркері» (1981), «Елең-алаңы» (1984), бәрі-бәрі қоғамда қатқан сеңді жібітуге бағытталған мұзжарғыш тас секіл­ді әсер қалдырды. Олардың әр «соқ­қысы» дүмпу тудырып, санада сілкі­ніс жасады.

Әсіресе «Аз и Я»-ның дүмпуі қат­ты болып, Мәскеуді шулатып, ұлт­­­ара­лық дауға ұласып, даңқы мен дақ­­пырты ұзаққа жетті. Бұл шы­ғар­ма­ның да, автордың да ата­ғын ғарыштың жылдамдығымен айға бір-ақ шығарған кітап болды. Та­рих­нама мен лингвистика мәселе­ле­ріне арналған «Аз и Я» 1975 жылы «Жазушы» баспасынан 100 мың данамен жарық көрді. Бұл оқиға ашық күнде аспаннан жай түскендей әсерге бөледі. Жұрттың бәрінің айтатын әңгімесі тек сол еді. «Аз и Я» туралы ел арасында түрлі аңыз желдей есті.

Дау-дамайы басынан асқан кітап­ты шығарған «Жазушы» баспа­сы­ның редакция меңгерушісі болып іс­теген журналист Геннадий Тол­мачев «Кітап тудырған дауыл» мақа­ла­сында былай деп жазды: «Ме­нің архивімде Бакуде бағанадан жұ­лы­нып алынған қайталанбас «ха­бар­ландыру» бар: «Москвич» авто­мобилін Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабына айырбастаймын». Ор­талықтың қаһарына іліккен 75 тиын тұратын «Аз и Я» «қара базардан қара малдың құнын төлеп алатын кітапқа» айналды. Сол жылдары Алма­тының шетіндегі қара базардан алып-сатарлармен саудаласа жү­ріп, талай жас пен кәрі бір қойын бе­ріп жатып (ол уақытта ең арзан деген қойдың бағасы – 200 сом) яки тұтас бір стипендиясын қиып, кітапты қолдарына ұстады. Сол сәт­тегі Олжастың оқырмандарының іш­кі күйін, сезімін сөзбен жеткізу тіптен мүмкін емес. Бұл кітап өліара шақта өзгерісті күткен көп жастың жүрегін жылытты. Шоқ тастады. Ішке түскен шоқ ұлттың рухын маздатты. Ал авторы қазақ халқының мақтанышына айналды. 1986 жылғы Желтоқсан кө­терілісі кезінде алаңға шыққан жас­тар қазақ зиялыларының арасынан Олжас Сүлейменовті іздеді.

Автор бұл еңбегінде сан қырлы сипатта танылған. Бірде славист, түрколог, шумертанушыны көрсек, енді бірде тарихшы, лингвист, әде­биеттанушы, философ, сондай-ақ этнограф, палеограф кейпінде де кө­рінеді. Әрине, ақындығы мен азамат­тығы, қайраткерлігі екібастан байқалады.

«Аз и Я» Олжас Сүлейменовтің өмірі мен шығармашылығында ерекше бір кезеңді қамтыды десек болады: «Аз и Я» кезеңі. Даңқы мен дақпырты бас алатындай дауға ұласқан бұл кітап кей сәттерде ақынның өмірін де шешті. Баспадағылар «Аз и Я» кітабының екінші шығарылымын бастаймыз деп жатқанда, кенеттен бомба жарылғандай кітапқа айып тағылады. Автор орыс әдебиетінің мақтанышы «Игорь жасағы туралы жырдан» қыпшақ сөздерін көптеп тауып, арнайы зерттеу нысанына айналдыруы кеңестік идеологияға сай келмеді.

КСРО Ғылым академиясы «Аз и Я» кітабын екі жылда екі рет арна­йы талқылап, автордың «өрескел қа­те­ліктерін» көрсетті. Академик Дмит­рий Лихачев «Слово о полку Иго­реве» и культура его времени» деп ата­латын монографиясының бір та­­рауын Олжас Сүлейменовке арнап, қа­зақ ақынының пікірлерінен ұлт­шыл­дық сарын «тапты», зерттеу тәсіл­дерін «түкке тұрғысыз» деп атады.

«Аз и Я»-ның тағдырымен белсене айналысқан мәскеулік ғалымдар 10 сағат бойы үтір-нүктесіне дейін қал­дырмай кітапты талқылап, ақынды «халық жауы» деп танып, тіпті ату жазасына кесу керек дегенді де айт­қан. Қазақстанның бірінші басшысы Дінмұхамед Қонаевтың дау­лы іске араласып, араша түсуінің арқа­сында ғана ақын «ажалдан» аман қалды. Димекең кітапты алып, Бреж­невке көрсетіп, онда ешқандай ұлт­шылдық арам пиғылдың бір мыс­қалдай да ізі жоқ екенін дәлелдеп, басы бәлеге қалған ақын тағдырына араша түскен.

Шынында, «Аз и Я»-ны алғаш оқы­ған көп оқырман сол кездегі қа­зақ­­тың ұғым-танымымен қараған уақыт­та бірінші тарауына – түркизмге ғана үңіл­ген сияқты. Әдебиетшілер де ав­тордың айтатын негізгі ойы «Аз и Я»-ның «Шумернаме» атты екін­ші бөлімінде жатыр дейді. Осы бөлі­мінде түркінің тарихын 5 мың жылға кері шегіндіреді. Олжас Сүлейменов бір сұхбатында: «Мен «Аз и Я» кіта­бын жазуға Дала мен Русьтің тарихы ежелден қойындасып кеткенін, екі елдің тарихтың ұзына бойында, негізінен жақындасумен, бауырласумен өткенін, халықтардың, тіпті тіл­дері араласуға дейін жеткенін дәлел­деу үшін кірістім», дейді.

Талай мұзжарғыштардың отты екпінінен, өр даусынан кейін туған азаттықтың арайлы таңынан бері өте шыққан отыз жылда талай дүние өзгерді. Қазір «Аз и Я» туралы не­бір әңгімелерді аңыз қылып айтамыз. Әлемге аты шыққан, мүйізі қара­ғайдай ғалымдардың өздері «Аз и Я»-да айтылған сөздердің ақиқат еке­нін мойындап жатыр. Кеудеңді мақ­таныш кернейді.