Туризм • 20 Желтоқсан, 2023

Шаңғы тебемін десеңіз...

83 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыс жұрты енді қолдары қалт етсе, шаңғы тебуге асығады. Кеше аймақта қысқы туристік маусым ресми түрде ашылды. Күннің аязына қарамастан, облыстық туристік-ақпараттық орталығы мен Глубокое ауданының әкімдігі ұйымдастырған іс-шараға жиналғандардың қарасы көп болды.

Шаңғы тебемін десеңіз...

Суретті түсірген – автор

Алтай тау шаңғы кластері еліміздің туристік картасының Топ-50 аймағының тізіміне енеді. Енсе, енгендей-ақ. Шы­ғыс­тағы шаңғы базала­ры­ның қай-қайсысын алсақ та, сыр­ғанақ тебемін деген турис­тер­ге жан-жақты жағдай қарас­тырылған.

– Қазір өңірде қысқы демалыс түрлерін дамытуға ай­рықша көңіл бөлініп жатыр. Жал­пы, біздің облыста қысқы спорт түрлерін, қысқы туризмді дамытуға барлық алғышарт бар. Әсіресе облыс орталығының ір­гесіндегі Глубокое ауданын мысал ретінде келтіруге бо­лады. Бұл ауданда бір емес, бір­неше демалыс базасы ор­наласқан. Онда шаңғы тебуді, шанамен сырғанауды ұна­та­тындар үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінгі іс-шараға жи­налғандар осыған тағы бір мәрте көз жеткізе алды, – дейді облыстық туристік-ақпараттық орталығының басшысы Талғат Дәулетов.

Иә, биылғы қысқы турис­тік маусымның ашылу сал­танаты ерекшелігімен қонақ­тардың есінде қалатын сияқ­ты. Бұл күні Өскеменнің ірге­сіндегі «Нұртау» тау шаңғы ба­засына келген демалушы­лар шаңғы теуіп, стюбпен сыр­ға­нап қана қоймай, ит ша­на­мен де серуендеді. Тир­де мергендіктерін сынап, түр­лі конкурстарға қатысуға мүмкін­дік алды. Сонымен қатар өңір­­дегі қолөнер шеберлері жаса­ған бұйымдардың көрме-жәр­меңкесі ұйымдастырылды.

– Демалыс күндері үйдің күйкі тірлігін ысыра тұрып, бала-шағамызбен демалуды дағдыға айналдырып жүрміз. Бүгін шаңғы тебуге келдік. Алаңсыз демалысқа тиісті жағ­дайдың бәрі жасалған, – дейді өскемендік Нұржан Кенже.

Бұдан былай тамаша та­биғат аясында демаламыз деген қала тұрғындарына, қонақ­тар­ға шаңғы базаларының есігі айқара ашық. Шығыста шаңғы тебемін десеңіз, таңдау көп.

 

Шығыс Қазақстан облысы