Суретті түсірген – автор
Алтай тау шаңғы кластері еліміздің туристік картасының Топ-50 аймағының тізіміне енеді. Енсе, енгендей-ақ. Шығыстағы шаңғы базаларының қай-қайсысын алсақ та, сырғанақ тебемін деген туристерге жан-жақты жағдай қарастырылған.
– Қазір өңірде қысқы демалыс түрлерін дамытуға айрықша көңіл бөлініп жатыр. Жалпы, біздің облыста қысқы спорт түрлерін, қысқы туризмді дамытуға барлық алғышарт бар. Әсіресе облыс орталығының іргесіндегі Глубокое ауданын мысал ретінде келтіруге болады. Бұл ауданда бір емес, бірнеше демалыс базасы орналасқан. Онда шаңғы тебуді, шанамен сырғанауды ұнататындар үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінгі іс-шараға жиналғандар осыған тағы бір мәрте көз жеткізе алды, – дейді облыстық туристік-ақпараттық орталығының басшысы Талғат Дәулетов.
Иә, биылғы қысқы туристік маусымның ашылу салтанаты ерекшелігімен қонақтардың есінде қалатын сияқты. Бұл күні Өскеменнің іргесіндегі «Нұртау» тау шаңғы базасына келген демалушылар шаңғы теуіп, стюбпен сырғанап қана қоймай, ит шанамен де серуендеді. Тирде мергендіктерін сынап, түрлі конкурстарға қатысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар өңірдегі қолөнер шеберлері жасаған бұйымдардың көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
– Демалыс күндері үйдің күйкі тірлігін ысыра тұрып, бала-шағамызбен демалуды дағдыға айналдырып жүрміз. Бүгін шаңғы тебуге келдік. Алаңсыз демалысқа тиісті жағдайдың бәрі жасалған, – дейді өскемендік Нұржан Кенже.
Бұдан былай тамаша табиғат аясында демаламыз деген қала тұрғындарына, қонақтарға шаңғы базаларының есігі айқара ашық. Шығыста шаңғы тебемін десеңіз, таңдау көп.
Шығыс Қазақстан облысы