Театр • 21 Желтоқсан, 2023

Женева көрерменін тәнті еткен «Астана балет»

74 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Астана балет» театрының Швейцарияға гастрольдік сапары табысты өтті. 15-17 желтоқсан аралығын­да қатарынан үш күн ел­ордалық театр әртістері Женеваның Batiment des Forces Motrices мәдени ор­талығында қазақ ба­лет өнерін паш етті. Гаст­роль­дік көрсетілімнің ­бәрі анш­лагпен өтіп, көрер­мен қауым әртістерге тік тұрып қошеметін білдірді.

Женева көрерменін тәнті еткен «Астана балет»

Швейцариядағы Қазақстан елшісі Қайрат Саржанов кеш шымылдығын құттықтау сөзімен ашты.

«Өнердің мақсаты – түсінік­ті болу әрі көрерменнің сезі­мі­не әсер ету. Ал көрермен залымен арада диалог орнап, әр көрерменнің жүрегінің төрінен орын алсақ, тіпті шабыттана түсеміз. Әрине, әр сапарымыз­дың алдында барар елдің мен­талитетін, талғамын ескеріп, гастрольдік бағдарламаны со­­ған сәйкес дайындаймыз. Осы ­жол­ғы бағдарламамыз да ауқым­ды әрі мазмұнды: классика­­ны, заманауи авторлық балет пен театрымыздың көркіне айнал­ған «Ұлы дала мұрасы» концерт­тік бағдарламасы. Бұл заманауи, неоклассикалық хореография мен фольклордың синтезі іспет­ті. Осы тұрғыдан алғанда, театрымыз хореография мен көр­кем бейнені суреттеу бағытын­да­ғы ізденістерін тоқтатқан жоқ», деді театр директоры Александр Совостьянов.

ыкег

Труппа алғашқы күні Жорж Бизе – Родион Щедрин музы­касына А.Алонсо қойған аңызға айналған «Кармен-сюита» бале­ті мен танымал әнші Карина Аб­дул­линаның либреттосы мен му­зыкасына театрдың бас балет­мейстері Мукарам Абубахрие­ва қойған «Тағдыр бұлтарыс­та­ры» мистикалық спектаклін көр­сет­ті. Көрсетілім маэстро Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрі­нің сүйемелдеуімен өтті.

«Мен «Астана балет» теат­рының шығармашылығын ерекше құрметтеймін. Астанада бол­ған кезімде міндетті түрде ре­пертуарын тамашалаймын. Театр­дың Женеваға келуі мен үшін күтпеген тосын сый болды. Мен үшін бұл – Жаңа жыл қарсаңындағы сыйлық іспет­ті. Бізді ерекше күйге бөлеген ұжым­ға алғысым шексіз. Кармен – сезім, құштарлық жайлы баяндайды ғой. Осы сезім арпалысын бойымнан өткізгендей бол­дым», деп ойымен бөлісті Диана Алпысбаева есімді көрермен.

Гастрольдік сапар бары­сын­да «Астана балет» ұжымы сахнада өнерін паш етіп, кәсіби бі­ліктілігі мен орындаушылық ше­берлігімен көрермен қауымды тәнті етті. Гастрольдік сапардың соңғы күні тарту етілген, театрымызды әйгілеп тұрған «Ұлы дала мұрасы» гала-концерті қазақ биінің үздік үлгілерінен құралған халық биінің жауһары іспетті. Женева жұртшылығы ұлттық музыка, көркем бейнелер мен бірегей хореографияны ыстық ықыласпен қабыл алды.

«Шынымды айтайын, мен үшін бұл керемет тосын сый болды. Кәсіби мансап жолым­да көптеген елде балет туындыларын тамашалағаным бар. Нью-Йорк, Париж, Милан, Мәскеуде болдым. Швейцарияда Үлкен жә­не Мариинский театрының, Эйф­ман театрының және өзге де театрлардың шығармаларымен таныстым. Балет – өзім үшін өте жақын өнер. Менің ішкі әле­мімнің бір бөлшегі десем де артық емес. Сондықтан болар, бүгін ерекше күй кештім. Тіпті бір сәт оркестр отырған жерге бас сұқтым. Өйт­кені дыбыстың таза шыққаны соншалық, бәлкім бұл фонограм­ма шығар деген ой болды. Сөйт­сем, олай емес. Оркестр туындыны мінсіз орындады. Оркестрдің де, балеттің де әртістері бәрімізді тәнті етті. Оларға шығармашы­лық табыс тілеп, талай шыңдар­ды ба­ғын­дыруына тілектестігімді біл­діргім келеді. Менің ойымша, жас ұжымның шығармашы­лы­ғы дүниежүзі көрерменінің қы­зығушылығын арттыра тү­се­ді. Швейцариядағы барлық қа­зақ­стандықтың атынан зор ал­ғысымды білдіріп, алған асу­ла­рыңнан аласармаңдар де­гім ке­леді», дейді Женевада тұр­атын Айдар Шаяхметов.

Мазмұнды әрі күрделі бағ­дарлама, өте тығыз гастрольдік кесте мен күн сайынғы көрсеті­лім­дер оңай тимегенімен, әртіс­тердің айтуынша, жаңа бе­лес­терді бағындыруға шабыттандыра түсіпті.

«Осы тектес мәдени қарым-қатынас – халықаралық байланысты бекіте түсудің төте жолы. Жалпы, гастрольдік сапар біздер үшін өте маңызды. Себебі біз көрерменге шабыт сыйлаумен қатар, өзіміз де қанаттанамыз. Өйткені шетелдік көрерменнің де ыстық ықыласынан күш аламыз. Талай ғасырлық тарихы бар театрда өнер көрсетіп, өзге мәдениетпен танысқан кезіңде өзіңнің де ішкі әлемін байи түседі ғой», деді театрдың жетекші солисі Айнұр Әбілғазина.

«Женеваға сапар – ұжы­­мы­мыздың кәсіби біліктілігінің жоғары екенін тағы бір мәрте паш етіп, жалпы өнер атаулы түрлі ел мен мәдениет өкілдерін біріктіре алатын дүние екенін көрсетті», дейді театрдың қоюшы-хореографы Айгүл Тәти.

Айта кетейік, гастрольдік сапар Мәдениет және ақпа­рат ми­нистрлігінің қолдауымен ұйым­дастырылған.