Швейцариядағы Қазақстан елшісі Қайрат Саржанов кеш шымылдығын құттықтау сөзімен ашты.
«Өнердің мақсаты – түсінікті болу әрі көрерменнің сезіміне әсер ету. Ал көрермен залымен арада диалог орнап, әр көрерменнің жүрегінің төрінен орын алсақ, тіпті шабыттана түсеміз. Әрине, әр сапарымыздың алдында барар елдің менталитетін, талғамын ескеріп, гастрольдік бағдарламаны соған сәйкес дайындаймыз. Осы жолғы бағдарламамыз да ауқымды әрі мазмұнды: классиканы, заманауи авторлық балет пен театрымыздың көркіне айналған «Ұлы дала мұрасы» концерттік бағдарламасы. Бұл заманауи, неоклассикалық хореография мен фольклордың синтезі іспетті. Осы тұрғыдан алғанда, театрымыз хореография мен көркем бейнені суреттеу бағытындағы ізденістерін тоқтатқан жоқ», деді театр директоры Александр Совостьянов.
Труппа алғашқы күні Жорж Бизе – Родион Щедрин музыкасына А.Алонсо қойған аңызға айналған «Кармен-сюита» балеті мен танымал әнші Карина Абдуллинаның либреттосы мен музыкасына театрдың бас балетмейстері Мукарам Абубахриева қойған «Тағдыр бұлтарыстары» мистикалық спектаклін көрсетті. Көрсетілім маэстро Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті.
«Мен «Астана балет» театрының шығармашылығын ерекше құрметтеймін. Астанада болған кезімде міндетті түрде репертуарын тамашалаймын. Театрдың Женеваға келуі мен үшін күтпеген тосын сый болды. Мен үшін бұл – Жаңа жыл қарсаңындағы сыйлық іспетті. Бізді ерекше күйге бөлеген ұжымға алғысым шексіз. Кармен – сезім, құштарлық жайлы баяндайды ғой. Осы сезім арпалысын бойымнан өткізгендей болдым», деп ойымен бөлісті Диана Алпысбаева есімді көрермен.
Гастрольдік сапар барысында «Астана балет» ұжымы сахнада өнерін паш етіп, кәсіби біліктілігі мен орындаушылық шеберлігімен көрермен қауымды тәнті етті. Гастрольдік сапардың соңғы күні тарту етілген, театрымызды әйгілеп тұрған «Ұлы дала мұрасы» гала-концерті қазақ биінің үздік үлгілерінен құралған халық биінің жауһары іспетті. Женева жұртшылығы ұлттық музыка, көркем бейнелер мен бірегей хореографияны ыстық ықыласпен қабыл алды.
«Шынымды айтайын, мен үшін бұл керемет тосын сый болды. Кәсіби мансап жолымда көптеген елде балет туындыларын тамашалағаным бар. Нью-Йорк, Париж, Милан, Мәскеуде болдым. Швейцарияда Үлкен және Мариинский театрының, Эйфман театрының және өзге де театрлардың шығармаларымен таныстым. Балет – өзім үшін өте жақын өнер. Менің ішкі әлемімнің бір бөлшегі десем де артық емес. Сондықтан болар, бүгін ерекше күй кештім. Тіпті бір сәт оркестр отырған жерге бас сұқтым. Өйткені дыбыстың таза шыққаны соншалық, бәлкім бұл фонограмма шығар деген ой болды. Сөйтсем, олай емес. Оркестр туындыны мінсіз орындады. Оркестрдің де, балеттің де әртістері бәрімізді тәнті етті. Оларға шығармашылық табыс тілеп, талай шыңдарды бағындыруына тілектестігімді білдіргім келеді. Менің ойымша, жас ұжымның шығармашылығы дүниежүзі көрерменінің қызығушылығын арттыра түседі. Швейцариядағы барлық қазақстандықтың атынан зор алғысымды білдіріп, алған асуларыңнан аласармаңдар дегім келеді», дейді Женевада тұратын Айдар Шаяхметов.
Мазмұнды әрі күрделі бағдарлама, өте тығыз гастрольдік кесте мен күн сайынғы көрсетілімдер оңай тимегенімен, әртістердің айтуынша, жаңа белестерді бағындыруға шабыттандыра түсіпті.
«Осы тектес мәдени қарым-қатынас – халықаралық байланысты бекіте түсудің төте жолы. Жалпы, гастрольдік сапар біздер үшін өте маңызды. Себебі біз көрерменге шабыт сыйлаумен қатар, өзіміз де қанаттанамыз. Өйткені шетелдік көрерменнің де ыстық ықыласынан күш аламыз. Талай ғасырлық тарихы бар театрда өнер көрсетіп, өзге мәдениетпен танысқан кезіңде өзіңнің де ішкі әлемін байи түседі ғой», деді театрдың жетекші солисі Айнұр Әбілғазина.
«Женеваға сапар – ұжымымыздың кәсіби біліктілігінің жоғары екенін тағы бір мәрте паш етіп, жалпы өнер атаулы түрлі ел мен мәдениет өкілдерін біріктіре алатын дүние екенін көрсетті», дейді театрдың қоюшы-хореографы Айгүл Тәти.
Айта кетейік, гастрольдік сапар Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған.