Білім • 20 Желтоқсан, 2023

Лу Бань шеберханасы ашылды

95 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары елімізде Қытайдың көліктері көбейе бастады. Жанар-жағармаймен жылжитын көліктен басқа, электрмобильдердің де қатары күн санап артып келеді. Ал оларға қызмет көрсететін бізде маман бар ма? Сондықтан да Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде Лу Бань шеберханасы ашылды.

Лу Бань шеберханасы ашылды

Суретті түсірген – автор

Шеберхананың ашылу салтанатына Қытайдан келген делегациямен бір­ге Шығыс Қазақстан об­лы­сының әкімі Ермек Кө­шербаев, Қытайдың Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо, Ғылым және жоғары бі­лім министрі Саясат Нұр­бек қатысты. Айта ке­тейік, бұл шеберхананы құру туралы келісімге Пре­зидент Қасым-Жо­март Тоқаевтың Қытай Ха­лық Республикасына көк­темдегі сапары кезін­де қол қойылған болатын. Көп ұзамай келісім Шығыс Қазақстан техни­калық университеті мен Тяньцзинь кәсіптік институты арасындағы ынты­мақтастық аясында жүзеге асырылды. Айта кетейік, Лу Бань шеберханасы қолданбалы технология және жоғары техникалық білім бағытындағы мамандарды әзірлейді.

– Елімізде тұңғыш рет Лу Бань шеберханасы ашылып жатыр. Мұны екі ел арасындағы достықтың нышаны деп айтуға болады. Бұл – тікелей Мемлекет басшысының бақылауында іске асырылған жоба. Ғы­лым және жоғары білім министрлігі құрылғанда ел аумағында осындай зертханалар ашу туралы тапсырма берген еді. Бүгінде шетелдің ең мықты оқу орындарын елімізге шақырып, филиалдарын ашып жатырмыз. Алдағы 5 жылда еліміздің тағы үш-төрт қаласында осындай шеберхана ашу жоспарымызда бар, – деді Саясат Нұрбек.

Министрдің айтуынша, Лу Бань шеберханасы өңірдің дамуына үлкен серпін береді. Технология қарыштап дамыған заманда машина жасау саласында да үлкен революция болып жатыр. Оның ішінде электрмобиль көш басына шығып келеді. Мәселен, Қытайда машина жасау саласында елуден астам за­уыт құрылған екен. Олардың бөлімшелері Қазақстанға да жоғары көлемде еніп жатыр. Тың әдіспен шы­ғып жатқан көліктерге қызмет көрсететін инженерлер қажет. Шеберхана мақсаты да сол, маман тапшы­лығын болдырмау. Лу Бань шеберханасында одан бөлек роботтехника, жа­санды интеллектке де көңіл бөлінеді. Оның бәрін ойдағыдай жүзеге асырылуы үшін қосымша қаражат қарастырылатыны да айтылды. Қазіргі уақытта оқу орнына 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Жаңа жоба жоспарда­ғыдай жүзеге асып жатса, екі ел арасындағы қарым-қатынас нығайып қана қой­май, білікті маман­дардың дайындалатыны да сөзсіз. «Екі ел басшысы бірнеше рет кездесті. Әр кездескен сайын осы тақырыпты үнемі көтеріп отырды. Екі ел үшін маңызды жоба – Лу Бань шеберханасы ең әуелі кадр тапшылығын жояды. Екіншіден, өзге де облыс­тармен қарым-қатынас нығаяды», деді Чжан Сяо мырза.

Ал делегация өкілдері қытайдың білікті маман­дары Тяньцзинь кәсіптік институтынан түлеп шы­ға­тынын тілге тиек етті. Ай­туларына қара­сақ, Бей­­­жіңнен жүз-ақ ша­қы­рым жердегі Тяньц­зинь – бі­лімімен белгілі қа­ла. Лу Бань деп отырға­ны­мыз – ежелгі Қытайдың өнер­тапқышы. Кейде оны Қы­тайдың Леонардо да Винчиі дейді екен.

Ел экономикасына үлес қосатын тұңғыш шеберханада техникалық университет студенттері Қытайдың заманауи жабдықтарын пайдалана отырып, автомобиль технологияларын меңгеруге мүмкіндік алады. Осылайша, болашақ инженерлер дайындалады. Бүгінгі таңда әлемнің 19 елінде 20 Лу Бань шеберханасы жұмыс істейді. Бұл шеберхана электрмобильдерге қызмет көрсететін инженерлерді даярлау орта­лығы болмақ. Мұндағы сту­денттер электр стансала­ры мен аккумуляторлық батареяларды жөндеуге машықтанады.

 

ӨСКЕМЕН