Суретті түсірген – автор
Шеберхананың ашылу салтанатына Қытайдан келген делегациямен бірге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты. Айта кетейік, бұл шеберхананы құру туралы келісімге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына көктемдегі сапары кезінде қол қойылған болатын. Көп ұзамай келісім Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Тяньцзинь кәсіптік институты арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылды. Айта кетейік, Лу Бань шеберханасы қолданбалы технология және жоғары техникалық білім бағытындағы мамандарды әзірлейді.
– Елімізде тұңғыш рет Лу Бань шеберханасы ашылып жатыр. Мұны екі ел арасындағы достықтың нышаны деп айтуға болады. Бұл – тікелей Мемлекет басшысының бақылауында іске асырылған жоба. Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылғанда ел аумағында осындай зертханалар ашу туралы тапсырма берген еді. Бүгінде шетелдің ең мықты оқу орындарын елімізге шақырып, филиалдарын ашып жатырмыз. Алдағы 5 жылда еліміздің тағы үш-төрт қаласында осындай шеберхана ашу жоспарымызда бар, – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, Лу Бань шеберханасы өңірдің дамуына үлкен серпін береді. Технология қарыштап дамыған заманда машина жасау саласында да үлкен революция болып жатыр. Оның ішінде электрмобиль көш басына шығып келеді. Мәселен, Қытайда машина жасау саласында елуден астам зауыт құрылған екен. Олардың бөлімшелері Қазақстанға да жоғары көлемде еніп жатыр. Тың әдіспен шығып жатқан көліктерге қызмет көрсететін инженерлер қажет. Шеберхана мақсаты да сол, маман тапшылығын болдырмау. Лу Бань шеберханасында одан бөлек роботтехника, жасанды интеллектке де көңіл бөлінеді. Оның бәрін ойдағыдай жүзеге асырылуы үшін қосымша қаражат қарастырылатыны да айтылды. Қазіргі уақытта оқу орнына 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Жаңа жоба жоспардағыдай жүзеге асып жатса, екі ел арасындағы қарым-қатынас нығайып қана қоймай, білікті мамандардың дайындалатыны да сөзсіз. «Екі ел басшысы бірнеше рет кездесті. Әр кездескен сайын осы тақырыпты үнемі көтеріп отырды. Екі ел үшін маңызды жоба – Лу Бань шеберханасы ең әуелі кадр тапшылығын жояды. Екіншіден, өзге де облыстармен қарым-қатынас нығаяды», деді Чжан Сяо мырза.
Ал делегация өкілдері қытайдың білікті мамандары Тяньцзинь кәсіптік институтынан түлеп шығатынын тілге тиек етті. Айтуларына қарасақ, Бейжіңнен жүз-ақ шақырым жердегі Тяньцзинь – білімімен белгілі қала. Лу Бань деп отырғанымыз – ежелгі Қытайдың өнертапқышы. Кейде оны Қытайдың Леонардо да Винчиі дейді екен.
Ел экономикасына үлес қосатын тұңғыш шеберханада техникалық университет студенттері Қытайдың заманауи жабдықтарын пайдалана отырып, автомобиль технологияларын меңгеруге мүмкіндік алады. Осылайша, болашақ инженерлер дайындалады. Бүгінгі таңда әлемнің 19 елінде 20 Лу Бань шеберханасы жұмыс істейді. Бұл шеберхана электрмобильдерге қызмет көрсететін инженерлерді даярлау орталығы болмақ. Мұндағы студенттер электр стансалары мен аккумуляторлық батареяларды жөндеуге машықтанады.
ӨСКЕМЕН