Қоғам • 22 Желтоқсан, 2023

Түркі жұртының тағылымды тойы

44 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тереңнен тамыр тартқан түбі бір Түркі әлемі үшін биыл айрықша оқиғаларға толы болды. Бауырлас елдердің бірнешеуінде қатарынан бір ғасырлық мерейтойлар аталып өтіп жатыр. Атап айтсақ, Түркия Республикасының құрылғанына, Әзербайжан халқының Жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев пен көрнекті қазақ жазу­шысы Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толып отыр.

Түркі жұртының тағылымды тойы

Осы орайда күні кеше ғана Ұлттық академиялық кі­тапханада Түркі ака­демия­сы­ның ұйым­дас­тыруымен «Ба­уыр­ластық тамыры: тұл­ғалар ғибраты» атты ха­лық­аралық кон­ференция өтті. Алқалы жиын­­ға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, дип­­ло­матиялық миссия басшы­ла­ры, танымал ғалымдар мен зия­­­лы қауым өкілдері қатысты.

Тағылымды іс-шара аясында бел­гілі тарихшы Афет Инанның қазақ тіліне алғаш рет аударылып басыл­­ған «Ата­­түрікті еске алғанда» еңбе­гі­­нің, кемең­гер көшбасшы Гей­дар Әлиев­тің қызмет ат­қар­­ған жылдарынан сыр шер­тетін «Karizmatik Lider Parlak Şahsiyet Haydar Aliyev» («Ұлт көшбасшысы, жар­қын тұлға Гейдар Әлиев»), қазақ детектив жанрының негі­зін салушы Кемел Тоқаев туралы «Kemel Tokayev: Bir Kalem Ustasinin Yaşam Öyküsü» («Кемел Тоқаев: қа­лам­гердің өмір жолы») кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.

сми

Жиын барысында Түр­кі ака­демиясы­­ның пре­зиденті Шаһин Мұс­та­­фаев, Парламент Сена­тының депутаты Дархан Қыдыр­әлі, Tүркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Гасан Гасанов, мемлекет және қо­ғам қайратке­рі Әділ Ахмет, Түркия Рес­­публикасының Қа­зақ­стан Респуб­ликасындағы Тө­тенше және өкілет­ті елшісі Мұс­тафа Капуджу, Қырғыз Рес­публикасының бұрынғы мем­ле­кеттік хатшысы, Қырғыз Рес­публикасы Ұлттық ғы­лым­дар ака­демиясының акаде­мигі Осмо­накун Ибраимов, Ұлықбек атын­дағы Өзбекстан Ұлттық уни­верситетінің профессоры Насим­хон Рахмонов сөз сөйледі.

Өз сөзінде Ш.Мұстафаев түркі әле­­мінің көрнекті тұл­ға­ларын наси­хаттаудың маңызы зор еке­нін атап өтті. «Бауырлас халық­тарымыздағы тұғырлы тұлға­лар­дың өмір жолда­рындағы бір-бірімен табысатын тұстар біздің ортақ өткенімізге арқау болып табылады. Олардың талайлы тағ­дырларының арнасында біздің ха­лық­тарымыздың «тар жол тайғақ кеш­кен» тарихи жо­лы бейнеленген. Осы тұрғыдан алғанда, көрнекті тұл­ға­лардың өмірбаяны тарихтың ең таң­даулы оқулығы іспетті», деді академия басшысы.

Сенат депутаты Дархан Қы­­дырәлі көпшілік назарына ұсы­­­нылған кітаптар туралы па­­­йым­ды пікірлерімен бөлі­сіп, ака­­демияның тұғырлы тұл­ға­лар­ды насихаттау бағы­тындағы жұмыстарды табысты жүргізіп келе жатқанын атап өтті.

TМҰ Ақсақалдар кеңе­сі­нің мүшесі Гасан Гасанов Әзер­­бай­жанның Жалпы­ұлт­тық көш­бас­шысы Гейдар Әлиев­пен қыз­меттес болған жыл­дар оқиға­ла­ры мен есте­лік­терін ортаға са­лып, оның бауыр­лас халықтарды жа­қын­­дас­тырудағы рөлі туралы баяндады.

Елші Мұстафа Капуджу Tүр­­кия Республикасы құры­луы­ның ғасырлық мерейтойы­на арналған маңызды іс-шара­лар­дың өтіп жатқанын атап өтіп, осы орайда академия тарапы­нан ұйым­дастырылған бұл бас­қосудың жоғары дең­гейде өтке­ніне зор риза­шылығын білдірді.

Ұлықбек атындағы Өзбек­стан Ұлт­тық университеті­нің профессо­ры Насимхон Рахмонов Кемел Тоқаев­тың қазақ әдебиетінде детектив жан­рының негізін қалаған жазушы екеніне тоқталып, оның туындылары өзбек әдебиетінде де аталған жанр­дың қалып­тасуына ықпал еткенін айтты.

«Ата­түрікті еске алғанда» деп аталатын ес­теліктер топтамасы – Афет Инан­ның Түрік тарихы қоғамы 2021 жылы жарыққа шығарған «Kemal Atatürk’ü Anarken» ат­ты кіта­бының қазақ тіліне ал­ғаш аударылған нұсқасы. Кі­тапқа зиялы түрік әйелдер қауы­мының көрнекті өкілі Афет Инан ханымның Түркия Рес­­публикасының негізін қала­ған тұлға Мұстафа Кемал Ата­түрік туралы естеліктері мен ой-толғамдары жинақталып берілген.

Әзербайжан Республика­сы­­ның бұрынғы Премьер-министрі, мемле­кет және қоғам қайраткері, ТМҰ Ақса­қалдар кеңесінің мү­шесі Гасан Гаса­новтың «Ұлт­тық көшбасшы, жарқын тұл­ға – Гейдар Әлиев» (түрік ті­лін­де) атты сұхбат жанрына құ­­рылған кітабы Гейдар Әлиев­тің тәуелсіздік жылдары қар­са­ңындағы қызметі кезеңдері ту­ралы естеліктерін арқау еткен.

Ал «Кемел Тоқаев: әде­биет­­шінің өмір жолы» (түрік тілінде) жинағының ал­ғаш­қы тарауы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемнің бірқатар тілінде жа­рық көрген «Әке ту­ралы ой-толғау» атты мемуа­рымен баста­лады, кейінгі бөлім­дер­де түркі әле­мінің белгілі әде­биетшілерінің, көп­теген қазақ қаламгерлері мен қо­ғам қайраткерлерінің Кемел Тоқаев туралы естеліктері, пікір­лері берілген.