Осы орайда күні кеше ғана Ұлттық академиялық кітапханада Түркі академиясының ұйымдастыруымен «Бауырластық тамыры: тұлғалар ғибраты» атты халықаралық конференция өтті. Алқалы жиынға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық миссия басшылары, танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Тағылымды іс-шара аясында белгілі тарихшы Афет Инанның қазақ тіліне алғаш рет аударылып басылған «Ататүрікті еске алғанда» еңбегінің, кемеңгер көшбасшы Гейдар Әлиевтің қызмет атқарған жылдарынан сыр шертетін «Karizmatik Lider Parlak Şahsiyet Haydar Aliyev» («Ұлт көшбасшысы, жарқын тұлға Гейдар Әлиев»), қазақ детектив жанрының негізін салушы Кемел Тоқаев туралы «Kemel Tokayev: Bir Kalem Ustasinin Yaşam Öyküsü» («Кемел Тоқаев: қаламгердің өмір жолы») кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.
Жиын барысында Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Tүркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Гасан Гасанов, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахмет, Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу, Қырғыз Республикасының бұрынғы мемлекеттік хатшысы, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылымдар академиясының академигі Осмонакун Ибраимов, Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры Насимхон Рахмонов сөз сөйледі.
Өз сөзінде Ш.Мұстафаев түркі әлемінің көрнекті тұлғаларын насихаттаудың маңызы зор екенін атап өтті. «Бауырлас халықтарымыздағы тұғырлы тұлғалардың өмір жолдарындағы бір-бірімен табысатын тұстар біздің ортақ өткенімізге арқау болып табылады. Олардың талайлы тағдырларының арнасында біздің халықтарымыздың «тар жол тайғақ кешкен» тарихи жолы бейнеленген. Осы тұрғыдан алғанда, көрнекті тұлғалардың өмірбаяны тарихтың ең таңдаулы оқулығы іспетті», деді академия басшысы.
Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі көпшілік назарына ұсынылған кітаптар туралы пайымды пікірлерімен бөлісіп, академияның тұғырлы тұлғаларды насихаттау бағытындағы жұмыстарды табысты жүргізіп келе жатқанын атап өтті.
TМҰ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Гасан Гасанов Әзербайжанның Жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевпен қызметтес болған жылдар оқиғалары мен естеліктерін ортаға салып, оның бауырлас халықтарды жақындастырудағы рөлі туралы баяндады.
Елші Мұстафа Капуджу Tүркия Республикасы құрылуының ғасырлық мерейтойына арналған маңызды іс-шаралардың өтіп жатқанын атап өтіп, осы орайда академия тарапынан ұйымдастырылған бұл басқосудың жоғары деңгейде өткеніне зор ризашылығын білдірді.
Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры Насимхон Рахмонов Кемел Тоқаевтың қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаған жазушы екеніне тоқталып, оның туындылары өзбек әдебиетінде де аталған жанрдың қалыптасуына ықпал еткенін айтты.
«Ататүрікті еске алғанда» деп аталатын естеліктер топтамасы – Афет Инанның Түрік тарихы қоғамы 2021 жылы жарыққа шығарған «Kemal Atatürk’ü Anarken» атты кітабының қазақ тіліне алғаш аударылған нұсқасы. Кітапқа зиялы түрік әйелдер қауымының көрнекті өкілі Афет Инан ханымның Түркия Республикасының негізін қалаған тұлға Мұстафа Кемал Ататүрік туралы естеліктері мен ой-толғамдары жинақталып берілген.
Әзербайжан Республикасының бұрынғы Премьер-министрі, мемлекет және қоғам қайраткері, ТМҰ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Гасан Гасановтың «Ұлттық көшбасшы, жарқын тұлға – Гейдар Әлиев» (түрік тілінде) атты сұхбат жанрына құрылған кітабы Гейдар Әлиевтің тәуелсіздік жылдары қарсаңындағы қызметі кезеңдері туралы естеліктерін арқау еткен.
Ал «Кемел Тоқаев: әдебиетшінің өмір жолы» (түрік тілінде) жинағының алғашқы тарауы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемнің бірқатар тілінде жарық көрген «Әке туралы ой-толғау» атты мемуарымен басталады, кейінгі бөлімдерде түркі әлемінің белгілі әдебиетшілерінің, көптеген қазақ қаламгерлері мен қоғам қайраткерлерінің Кемел Тоқаев туралы естеліктері, пікірлері берілген.