Аймақтар • 26 Желтоқсан, 2023

Ақтүтектің әлегі

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай өңірінде 25 желтоқсанда түн ауғанша майда жаңбыр себелеп тұрды да, ертеңінде алай-дүлей ақ боран басталып кетті. Синоптик мамандар желдің күші секундына 30 метрге дейін жеткенін хабарлады. Салдарынан өңірде 113 елді мекен электр жарығынсыз қалды. Тұрғындардың айтуынша, дүлей боран бірқатар тұрғын үйдің шатырын жұлып әкеткен.

Ақтүтектің әлегі

Қарлы боран құтырып, жол үстін қою тұман басып қалғандықтан, өңірде респуб­ликалық маңызы бар 7, облыстық маңызға ие 23 автокөлік жолы жабылды. Ал мектептер қашықтан оқытуға ауысты.

Полиция облыс тұрғындарына жолға шығуға болмайтынын, көлік жүргізу­шілерге қала ішінде арақашықтық пен жылдам­дықты сақтауды ескерткен. Ат құлағы көрінбейтін ақтү­текте дала түгілі, қала ішінде жүру қиындап, жол-көлік оқиғасы жиіледі. Мысалы, Қос­танайдағы Абай даңғылының бойында 10 авто­көлік бір-бірімен қақтығысып, жарақат алған 1 адам ауруханаға түсті.

апр

Боранды күні жол жағдайын тұрақ­тандыру үшін шыққан «ҚазақАвтоЖол» серіктестігінің 85 техникасы тоқтаусыз жұмыс істегенін де айта кеткен жөн. Мер­дігер мекемелер де 526 тех­ника шыға­рып, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды аршып, автокөлік жиі жүретін жолдарға құм-тұз қоспасын шашумен болды.

ТЖД-ның мәліметі бойынша облыс аума­ғында 11 мың 255 адамдық 257 жылыту пункті жұмыс істеп тұр.

«Ауа райының қолайсыздығына байланысты Амангелді, Алтынсарин, Денисов, Әулиекөл, Жітіқара, Меңдіқара, Сарыкөл, Б.Майлин, Ұзынкөл, Қамысты, Федоров аудандары мен Рудный қаласына қарасты 103 елді мекен электр қуатынсыз қалды. Аталған елді мекендерде электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Кәсіпорындармен, түрлі мекемелермен тұрғы­лықты халықты уақытша баспанаға орналастырып, киім-кешек, азық-түлік және су, ыстық тамақ, көлікпен қамтамасыз ету жө­нінде келісімшарт жасалды», деп хабарлады облыс әкімдігі.

Ақтүтек боранның астында жүріп жолда қалған талай адамды арашалап қалған облыстық ТЖД қызметкерлерінің ерлігін айтпай кетпеске болмас. Мәселен, құтқарушылар Қостомар ауылы маңында жас босанған әйелді қар құрсауынан құтқарып қалды. Жүкті әйелді ауруханаға әкеле жатқан жедел жәрдем көлігі жолда қалың қарға батып қалған.

«Ауа райының қолайсыздығына қарамас­тан, төтенше жағдай департаментінің құтқару­шылар тобы жүкті әйелді жедел эвакуация­лап, дер кезінде перзентханаға жеткізді», деп мә­лімдеді ТЖД-ның қоғаммен байланыс қызметі.

 

Қостанай облысы