Қарлы боран құтырып, жол үстін қою тұман басып қалғандықтан, өңірде республикалық маңызы бар 7, облыстық маңызға ие 23 автокөлік жолы жабылды. Ал мектептер қашықтан оқытуға ауысты.
Полиция облыс тұрғындарына жолға шығуға болмайтынын, көлік жүргізушілерге қала ішінде арақашықтық пен жылдамдықты сақтауды ескерткен. Ат құлағы көрінбейтін ақтүтекте дала түгілі, қала ішінде жүру қиындап, жол-көлік оқиғасы жиіледі. Мысалы, Қостанайдағы Абай даңғылының бойында 10 автокөлік бір-бірімен қақтығысып, жарақат алған 1 адам ауруханаға түсті.
Боранды күні жол жағдайын тұрақтандыру үшін шыққан «ҚазақАвтоЖол» серіктестігінің 85 техникасы тоқтаусыз жұмыс істегенін де айта кеткен жөн. Мердігер мекемелер де 526 техника шығарып, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды аршып, автокөлік жиі жүретін жолдарға құм-тұз қоспасын шашумен болды.
ТЖД-ның мәліметі бойынша облыс аумағында 11 мың 255 адамдық 257 жылыту пункті жұмыс істеп тұр.
«Ауа райының қолайсыздығына байланысты Амангелді, Алтынсарин, Денисов, Әулиекөл, Жітіқара, Меңдіқара, Сарыкөл, Б.Майлин, Ұзынкөл, Қамысты, Федоров аудандары мен Рудный қаласына қарасты 103 елді мекен электр қуатынсыз қалды. Аталған елді мекендерде электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Кәсіпорындармен, түрлі мекемелермен тұрғылықты халықты уақытша баспанаға орналастырып, киім-кешек, азық-түлік және су, ыстық тамақ, көлікпен қамтамасыз ету жөнінде келісімшарт жасалды», деп хабарлады облыс әкімдігі.
Ақтүтек боранның астында жүріп жолда қалған талай адамды арашалап қалған облыстық ТЖД қызметкерлерінің ерлігін айтпай кетпеске болмас. Мәселен, құтқарушылар Қостомар ауылы маңында жас босанған әйелді қар құрсауынан құтқарып қалды. Жүкті әйелді ауруханаға әкеле жатқан жедел жәрдем көлігі жолда қалың қарға батып қалған.
«Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, төтенше жағдай департаментінің құтқарушылар тобы жүкті әйелді жедел эвакуациялап, дер кезінде перзентханаға жеткізді», деп мәлімдеді ТЖД-ның қоғаммен байланыс қызметі.
Қостанай облысы